Іс-шараға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Оңтүстік Шығыс Азиялық ірі инвесторлар мен жоба тәлімгерлері, отандық IT-компаниялардың басшылары қатысты. Жиында сөз алған министр Дәурен Абаев цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуде жастардың орны ерекше екенін атады.
– Өздеріңізге мәлім, бүгінде Қазақстанда ақпараттық теxнологияларды дамыту шараларына айрықша көңіл бөлініп келеді. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Цифрлық Қазақстан» атты арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін ойластыра отырып, аталған құжатты бір жарым жыл бойы талқыладық. Экономиканы цифрландыруға барынша күш салсақ, Қазақстан мүлдем жаңа деңгейге көтеріледі. Дәл осы жерде отырған жастар «Smart Zholy» сияқты жобалар арқылы тәжірибе жинап, аталған бағдарламаны іске асыратын болады. Ол үшін барлық жағдайлар жасалған, – деді министр Дәурен Әскербекұлы.
Конференцияға қатысқан сингапурлық венчурлық инвесторлардан тұратын арнайы қазылар алқасы жобаларды қарастырып, «Nommi», «OKauto», «Game of drones», «AILabs», «Neupusti» және «KazMotors» атты алты жобаны таңдап алды. Бұл стартаптар білім беру, туризм, көлік, киберспорт, жасанды интеллект сияқты салаларды қамтиды. Осы ретте сөз алған Echelon Asia Summit (Сингапур) компаниясының негізін бірлесіп қалаушысы Тэдиус Ко жеңімпаз топтарды құттықтады.
– Біз қазақстандық стартаптарды Сингапурде және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі Echelon Asia саммиттерінде қабылдап жүрміз. Қазақстандық командалардың әлеуеті жоғары», - деп атап өтті Тэдиус Ко.
Таңдалған үздік жобалардың бірі – «OKauto» бағдарламасының негізін қалаушы Әли Шайхисламның айтуынша, аталған мобильді қосымша арқылы көлік иелері айыппұл сомасы мен себебі туралы ақпарды электронды түрде біледі әрі банк картасы арқылы онлайн төлем жасай алады. Бүгінге дейін бағдарламаны елімізде 100 мыңнан астам адам тұрақты қолданып келеді.
«Жуырда ресейлік Mail.Ru Group сарапшылары біздің жобамыздың құнын 300-500 миллион рубльге бағалады. Бұл бізді одан сайын ынталандыра түсті. «Smart Zholy» бағдарламасы арқылы жобамызды әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік алдық», дейді Әли Шайхислам.
2017 жылы басталған «Smart Zholy» жобасының алғашқы кезеңі Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар қалаларында өткізілген болатын. Биыл өтіп жатқан екінші кезеңге еліміздің 16 қаласы атсалысты. Финалға іліккен 20 үздік топ халықаралық тәжірибелі кәсіпкерлермен бірлесе отырып жобаларын ары қарай дамытатын болады.
Қазақстандық стартаптардың тірі экожүйесін құру алдағы онжылдықтарға есептелген міндет болып отыр. Шетелдік кәсіпкерлер мен технологиялық мамандар – жергілікті стартаптардың экожүйесін дамытуда өзіне тән ноу-хаудың қайнар көзі. Echelon Asia саммиті Азияның технологиялық экожүйесі ресурстарын дамыту мақсатында 2007 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ірі платформа. Түрлі бизнес-конференциялар мен көрмелердің басын қосатын саммитке биыл әлемнің 30 елінен 5 мыңнан астам көшбасшылар қатысады. Бұл ретте ұлттық цифрландыру бағдарламасын сәтті іске асыра білген Сингапур мемлекетінің тәжірибесі, сондай-ақ кәсіпкерлік, басқару технологиялары – шетелдік мамандар бөлісуге қабілетті барлық жетістіктері – еліміздегі стартап индустриясын қалыптастыруды жеделдете түспек.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»