Мыңжылдықтар тоғысында бабалар аңсары шындыққа айналып, 20 жыл бұрын еркін ел атанып, етек-жеңімізді тиянақтап, шекарамызды түйіндеп, болашаққа көз тіктік.
Өткен замандарда ата-бабамыз армандаған «Қазақтың ұлан-ғайыр даласының Есіл жағасына ел қондырсам, елімді-жерімді жүзге бөлінбейтін елге айналдырсам», деген арманын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жан-жаққа шашыратпай, 130-дан астам ұлтты ұйыған айрандай бірлігін бекем етіп, мемлекетімізді бейбітшілікте басқарып отыр.
Шындығында, Тәуелсіздік алғаннан бері қоғамдағы барлық ұлттар мен ұлыстар діни келісімде, бұзылмас бірлікте өмір сүріп келеді. Өзге ұлт деп жатсынбай, өзінің ұлындай бауырына басқан қасиетті қазақ жері, қадірлі топырағы елімізде тұрып жатқан әрбір өзге ұлт өкілдері үшін оттан да ыстық екені хақ.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы кемелді тәуелсіз мемлекетке айналды. Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде ғасырға татырлық тірлік тындырып, әлемдегі бірлігі жарасқан қуатты елге айналды. Тәуелсіздік – еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнде өмір сүріп жатқанымызға әрбір қазақстандық азамат қуануы тиіс деп білемін.
Тәуелсіздік, ең алдымен, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Осы қуанышты күнге жету үшін талай қиындықтарды бастан кешірдік. Ата-бабамыз армандап кеткен тәуелсіздігіміздің құнын ұмытпайық. Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биіктеп, егемендігіміздің іргетасы нығая түссін. Ғасырлар бойы аңсатып жеткен тәуелсіздікпен келген халық тілеуі мәңгілік болып, әнұранымыз әуеде асқақтап, елтаңбамыздың еңсесі биік болып, туымыз көкте шарықтай берсін демекпін.
Мен – Қазақстан деген тамаша елдің азаматымын. Мен үшін басқа елге, мысалы, Ресей жеріне көшу еш қиындыққа соқпайды. Бірақ мен – қазақстандықпын, мен өзімді басқа жерде, басқа елде елестете алмаймын. Мен өте бақыттымын, өз Отанымызда өмір сүремін, өз жоспарларым мен армандарым Қазақстанмен ғана байланысты. Еліміздегі көпұлттылық – Қазақстанның ерекшелігі мен артықшылығы.
Мен ерекше құрметпен елімнің тіліне, салт-дәстүрлеріне қараймын, өмір жолымда Қазақстаныма деген махаббатым мәңгілік.
Татьяна НОВИКОВА, «Қостанай облысы балалар және жастар ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ төрағасының міндетін атқарушы.