Биыл 28 сәуірде Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма алтыншы сессиясы шақырылады. Бұл жолы сессияның күн тәртібінде «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбы көтерілмек.
Еліміз ұлтаралық келiсiм мен демократиялық қоғам құруға, бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты сақтауға ерекше назар аударып келедi. Сан алуан этностық топ өкілдері мекендеген Қазақстан үшін ынтымақ пен бiрлiк – жай айтыла салған сөз емес. Кез келген мемлекеттің мықтылығы, өркендеп алға жылжуы сол елдің ішкі бірлігімен тығыз байланысты. Әсіресе тілі, діні бөлек әртүрлі ұлт өкілдері топтасқан мемлекетте ел іргесінің сөгілмегені, татулығына сызат түспегені керек.
Тағдыр тоғыстырып, тарих табыстырған талай ұлтты бір шаңырақтың астына біріктіретін Ассамблея сияқты ұйымды құру туралы ойын Мемлекет басшысы алғаш рет 1992 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында білдірген еді. Елбасының айтуынша, бұл – қоғамдық келісімді сақтайтын, халықтар достығын мұрат еткен ерекше ұйым болуға тиіс. Осылайша, Қазақстан Президентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында аталған қоғамдық институт құрылып, ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші органға айналды. Міне, сол уақыттан бері Ассамблея өзара сенімділік пен түсіністіктің діңгегіне айналып, ауызбіршілікті сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Жалпы, Ассамблея секілді ұйым ешқандай мемлекетте жоқ. Есесіне, Елбасының бұл идеясын тәжірибе ретінде алып, қолданысқа енгізген елдер бар.
Ассамблея қызметiнiң негiзгi бағыттары сан-салалы. Мемлекеттiк ұлттық саясатты әзiрлеуге және iске асыруға жәрдемдесiп, мемлекеттiк тiлдi және Қазақстан халқының басқа да тiлдерiн дамытуды көздейдi. Этносаралық саладағы өңiрлiк саясатты жетiлдiруге атсалысып қана қоймай, демография және көшi-қон саласындағы жоспарлар мен iс-шараларды әзiрлеуге, елiмiз бен шет мемлекеттерде этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң қазақстандық моделiн насихаттауға, мемлекеттiң ұлттық саясат мәселелерi жөнiндегi заң жобаларына қоғамдық-саяси сараптама жасауға белсене қатысуды үрдiске енгiздi. Елбасының өзі де Ассамблеяның кезекті бір сессиясында: «Ассамблеяның тарихы – бұл біздің тұрақтылығымыздың тарихы. Қоғамдық келісімнің кепілі болған Ассамблея еліміздегі тұтастықтың тұтқасына, бірліктің діңгегіне, достықтың дәнекеріне айналды. Өзара сенімге негізделген түсіністік пен толеранттылық – тәуелсіздікпен тұтас ұғымдар. Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық. Бұл – «Біз, Қазақстан халқы...» деп басталатын, Ассамблеямен тұстас өмірге келген келелі Конституциямызда берік көрініс тапты. Осы екі ұлы құндылық тұрақтылықтың, тұтастықтың және гүлденудің іргетасына айналды. Ассамблеяны құру арқылы біз ұлттық бірлікке дара жол таптық», деген еді.
Ассамблея назарынан шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы да сырт қалған емес. Олардың өз ана тiлiн, мәдениетi мен ұлттық дәстүрiн сақтауға және дамытуға бағытталған кешендi iс-шараларды қолға алып, Атамекенiмен тығыз байланыс орнатуына қолдау көрсетіп келеді.
Ынтымақ болған жерде ғана ырыс болады. Осынау қағидатты берiк ұстанған Ассамблея мүшелерi этносаралық қатынастар саласындағы келiспеушiлiктер мен дауларды реттеуге, қақтығысты жағдайларды болғызбау мақсатында ұсынымдар әзiрлеп, практикалық шараларды iске асыруға белсене араласып жатқан жайы бар.
Ассамблеяның мiндетi – халық бiрлiгiн нығайту, қазақстандық қоғамның негiзiн қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келiсiмдi қолдау және дамыту, сондай-ақ, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнiң көрiнiстерi мен адамның құқығына, бостандығына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттiк органдарға жәрдемдесу.
Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізді мекендеген әрбір этносқа да пайдасы көп болды. Дархан даланың дара қасиетін бойына сіңірген қонақжай қазақ ешкімді де жатырқаған жоқ. Өздеріне босып келгендерді де, жосып келгендерді де бауырына тартып, бір үзім нанды бөліп жеді. Өзге ұлт өкілдері қең пейіл қазақ даласында этномәдени бірлестіктерін құрып, өзінің тілін, ділін, салт-дәстүрін дамытып отыр. Тіпті Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне депутаттардың да сайлануы – бұл институттың елімізде қаншалықты рөл атқаратынын аңғартса керек.
Этникалық тілдер мен мәдениетті мемлекеттік қолдау тиімді жүргізіліп жатқанын да атап өту қажет. Бұған дәлел, бүгінде 88 мектепте сабақ өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі; 100-ден астам мектепте 22 этностың тілі өзіндік пән ретінде оқытылады. Бұған қоса, этностың тілін оқытатын лингвистикалық орталықтар жұмыс істеп, өзге тілдегі басылымдар жарық көріп тұр. Сондай-ақ, телеарналардың бетінде 11 тілде бағдарлама, орыс, өзбек және ТМД елдері бойынша жалғыз ұйғыр, кәріс, неміс театрлары жұмыс істейді. Міне, өзге этносқа деген өзгеше көзқарас пен құрмет біздің елде ғана бар екенінің дәлелі осы болса керек.
Жалпы, Ассамблея туралы қоғамда әртүрлі пікірлер бар. Дегенмен де бұл қоғамдық институт арқылы біз өзіміздің де ұлттық мәселемізді алға шығара білуіміз керек. Өйткені өзгеге түсіністікпен қарап, тілін, мәдениеті мен тарихын дамытуға мүмкіндік беріп отырған қазақтардың мүддесіне өзгелер де көзжұмбайлықпен қарауға тиіс емес. Президент те бір сөзінде: «Қазақ халқы көптеген ұлт өкіліне пана беріп, қолдау жасап, көмек көрсетті. Енді сіздер қазақ ұлтының заңды ұмтылысына түсіністікпен қарайтын шығарсыздар. Тағдыр бізге өз мемлекеттілігімізді құруға мүмкіндік берді, оған ықыласпен қараңыздар», демеп пе еді?! Ендеше, бірге тумаса да бірге жүрген, бір ауаны жұтып, бір шаңырақтың астында өсіп-өніп жатқан өзге этностар ортақ Отанымыз – Қазақстанның патриоты болып, ұлттық мәселелердің алға шығуына үлес қосуы керек. Әсіресе тілдік тұтастық мемлекеттік тұтастық екенін ешкім де естен шығаруға тиіс емес.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»