Ж.А.: – Аға! Өзіңізбен кездесуге келер әр жолы мен сіздің жазған деректі шығармаларыңызды бір шолып шығамын. Сондағы байқалатын бір нәрсе – бұл кітаптарыңызда соғыс кезіндегі өміріңіз мол қамтылады да оған дейінгі туған жер, өскен орта, жастық шағыңыз туралы онша көп ештеңе айтылмайды. Неге?
Қ.Қ.: – Керек болса, қажет деп тапсаң айтайын қарағым. Мен Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Асубұлақ ауылында дүниеге келдім. Бұл өзі сұлу табиғат аясындағы көркі көз тойдыратын шағын елді мекен. Сол жерде тұңғыш рет мектеп есігін ашып, орталау білім алған соң Өскемендегі саяси-ағарту техникумына оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін облыстық халық ағарту бөлімінде инспектор болып жұмыс істедім. Өстіп жүргенде 1939 жылы армия қатарына шақырылмасым бар ма?..
Ж.А.: – Бұл әскери-барлау мектебіне баратын кезіңіз ғой шамасы...
Қ.Қ.: – Иә.
Ж.А.: – Оған қалай түсіп жүрсіз? Білетіндер аталмыш оқу орнына басқа ұлттың өкілдерін қабылдамайтын еді дейді ғой.
Қ.Қ.: – Ол рас. Оған мен денсаулығымның мықтылығы мен күш-қуатымның молдығы, жүйкемнің төзімділігі мен есте сақтау қабілетімнің ерекшелігі арқасында ғана өттім. Мәскеу іргесіндегі әскери бөлімшеде қызмет етіп жүр едім, комиссияға шақырды. Содан олар басымнан бақайшағыма дейін ал кеп тексерсін дейсің. Сынақтың қиындығы сонша, оған іріктеп әкелген 350 жауынгерден көп ұзамай бар-жоғы 52-ақ адам қалдық. Бұлардың арасында мұсылман баласы дегеннен жалғыз мен ғана бармын. Басқа ешкім жоқ. Қойшы, содан не керек... Өткелектен өткізіп жүріп, алатын оқуына алды ғой ақыры. Қайталап айтамын қарағым, сарапшылар бұл құпия оқу орнына мені қабылдайын деп қабылдаған жоқ. Оған мен өзімнің дене бітімімнің ерекшелігімен, буырқанған бұла күшіммен, сондай-ақ, табандылық, көнбістік, төзімділік сияқты қасиеттеріммен өттім.
Ж.А.: – Бұл мектепті қашан бітірдіңіз?
Қ.Қ.: – 1941 жылы жазға салым. Оқуымыздың аяқталуы соғыстың басталуымен тұспа-тұс келді ғой.
Ж.А.: – Соғыста сіз барлаушы-десантшы болдыңыз. Диверсиялық топтың жетекшісі – партизандық өмір жолынан өттіңіз. Сонда майданның арғы бетіндегі сапарға қалай әзірленуші едіңіздер? Самолет ішіндегі көңіл-күй, люктен парашютпен секірердегі қам-қарекет, бұрын көрмеген, білмеген жерге әуеден түсіп келе жатқандағы ішкі психологиялық арпалыс туралы қазір не айта аласыз?
Қ.Қ.: – Жау тылына түсу дегенің нағыз азап. Ол жаққа аттану тек түн ішінде ғана жүргізілетін. Жабық машинамен аэродромға келер едік. Сол жерде бізді «Дуглас» самолетінің ішіне кіргізіп, қарама-қарсы отыруға бұйрық беретін. Арқамыздағы парашют рюкзагына жіп өткізіп, оның ілгегін төбедегі жылжымалы роликке бекітіп қоятыны да есімде. Жасыратын несі бар, майдан шебінен өтердегі оқ шымылдығынан абыржымасын, самолет люгінен секірерде батыл болсын дей ме екен 200 грамнан арақ та беріп қоюшы еді. Белгілі межеге жеткенде есік ашылатын да біріміздің артымыздан біріміз 5 мың метрлік қап-қара тұңғиыққа қарай қарғитынбыз. Тәртіп бойынша алғашқы 1 мың метр кеңістіктен атқан оқша ағып өтуің керек. Сол сәттегі азапты айтпа... Бұл кезде басың төмен тартып кетеді де денеңді бағындыра алмай қатты әуре-сарсаңға түсесің. Көзіңнен жас парлап, жүрегің аузыңнан шығып кетердей қиын күй кешесің. Өстіп жанталаса құлдилап келе жатқанда парашют ашылады-ау ақыры. «Уһ»,– дейсің іштей. Сөйтесің де жан-жағыңа қарап, серіктеріңді іздейсің. Асты-үстіңде бір-бір ақ күмбезге ілініп, олар да келе жатады иманы қасым боп. Осыдан кейін орманға аман-есен түсудің қам-қарекетіне кірісе бастаймыз. Бұл жерде көп нәрсе салмаққа тығыз байланысты. Десантшының алып келе жатқан жүгі өзінің денесінің салмағының жартысындай ғана болуы керек. Егер ол одан сәл артып кетсе, бітті, құрығаның деп есептей бер. Жерге түскеніңде аяғыңның жіліншігі қақ бөлініп сынады да қалады. Сондай-ақ, әуеден төмен қарай келе жатқанда жау ортасына түсіп қалмаймын ба деген күдік те мазаңды алумен болады. Сөз ретіне қарай айта кетейін, біздің жоғарыдағыдай сапарларымызда ондай жағдайлар да кездеспей қалған жоқ. Ал одан тірі қалу дегенің... Жә, бұл енді басқа әңгіме.
Ж.А.: – Басыңызды өлімге тіккен осындай қиын да қауіпті сапарға тұңғыш рет қашан аттандыңыз?
Қ.Қ.: – 41-дің қарашасында. Ол кезде Оңтүстік батыс майданы штабының қарамағында едік. Сол жерде біздерден арнайы топ жасақталынды да бірден жау тылына түсірілдік. Алға қойылған мақсат Украинаның Полтава облысында партизан қозғалысын ұйымдастыру болды.
Ж.А.: – Ал соңғы тапсырма ше?
Қ.Қ.: – Оған 44-тің маусым айын айтуға болады. Ол жолы біз Венгриядағы Карпат тауына аттанып, күшті жау тосқауылына ұшырадық. Қиян-кескі сол шайқаста 53 қаруласымыздың 46-ы қаза тапты да тірі қалған жетеуміз кейін 200 адамдық отряд құруға қол жеткізіп, о бастағы берілген тапсырманы ойдағыдай орындап шықтық.
Ж.А.: – 1941-1944 жылдардағы жау тылындағы жанкешті өмірлеріңіз өзіңіздің «Ажал аузынан...», «Илько Витряк», «Переяслав партизандары» кітаптарында молынан қамтылған. Біз оған тоқталмайық. Өйткені ол қайталау болып шығады. Ал сізден көзбе-көз отырып сұрайық дегеніміз... Өзіңізді Кеңес Одағының Батыры атағына лайық ерлік жасады деген Днепрдегі оқиға. Соны анықтап айтып берсеңіз. Ол қалай болып еді?
Қ.Қ.: – Айтайын. 1943 жылғы 17 қыркүйекте Чапаев атындағы партизан құрамасында ерекше бір қуанышты оқиға болды. Бұл күні біз «Үлкен жерден» аттанғаннан кейінгі 1 жыл 10 айдан соң барып өз әскерлеріміз – Р.М.Малиновский басқарған 3-ші Украина майданының танкистерімен кездестік. Айтпақшы, соның алдында Днепрдің оң жағына өтіп үлгерген жау Букрин плацдармын жасап алып, Қызыл Армияның шабуылдаушы бөлімдерін өзенге беттетпей жатыр деген хабар естіген болатынбыз. Рас екен. Оны өзімізбен кездескен 5-ші танк бригадасы командирінің бізге берген тапсырмасынан анық білдік. Оның пайымдауынша, партизандар бұл өңірдің жер жағдайын жақсы біледі. Сондықтан олар қайткенде де Днепрдің арғы бетіне өтіп, қосымша күш жеткенше сол жердің бір пұшпағын ұстап тұра тұруы керек. «Оң жағалауға жетіп, көзге түскендерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілетін болады»,– деді бригада командирі бізбен әңгімелесіп отырып. Сөйтті де: «Кімдер баратынын тезірек анықтаңыздар да оларды жағалауға шұғыл аттандырыңыздар»,– деді сөзін нықтап.
Мына бұйрықты естіген партизан құрамасының басшылығы өзара ақылдаса келіп, бұл операцияны орындауға менің отрядым лайық деген шешімге келді. Мұндайда мәселе былай: берілген тапсырма сөзбұйдаға салынбайды. Оған уәж де жүрмейді. Ол тек орындалады. Осы есіме түскен мен: «Жарайды»,– дедім қысқа ғана.
Сөйттім де отрядымды жинап алып, жағалауға қарай жүріп кеттім. Міне, Днепр... Оның арғы беті кеше ғана өзіміз талай жортқан Панитов орманы. Енді сол жаққа қайта өтпекпіз, қайта бармақпыз. Бұлай боларын білгенде... Өстіп ойланып жатқанда күн батып, кеш те түсе бастады. Қас қарая бере қара судағы күні бұрын байластыра әзірлеп қойған бөренелерді иықпен демей жылжытып, арғы бетке өтуге әрекет ете бастадық. Осы кезде жау аспанға жарқырауық ракеталарын атып, өзеннің астан-кестеңін шығарды дейсің. Төңкерілген қайық... Оққа ұшқан жігіттер... Жанталасып жүріп қараймын, Днепрдің орта тұсынан асқан сияқтымыз. «Енді сәл шыдасақ...»– деймін ішімнен. Бір мезетте бөрене – салды ықтап келе жатқан біздерді су ағыны шыркөбелек айналдырып төмен қарай ала кеп жөнелмесі бар ма? Сол екпінмен біраз ақтық. Ақыры өзенге сұғына еніп тұрған мүйіске кеп соғылдық та жан-дәрмен деп жағаға шықтық. Бекініс жасай бастағанымызда бізбен бірге өткен байланысшы солдат катушка сымын ағаш бұтағына іліп, өз тірлігімен өзі болып жатқан. Әлден уақытта ол: «Сізді телефонға шақырады»,– деді ентігіп. Мен наушникке ұмтылдым. «Жолдас, отряд командирі,– деді арғы жақтағы дауыс.– Сіздердің оң жағалауға жетіп, табан тірегендеріңізді байланысқа бірінші болып шыққандарыңыздан біліп отырмыз. Рахмет! Енді сол жерді ертеңгі сағат 12-ге дейін ұстап тұруға тырысыңыздар. Ерліктеріңіз жоғары наградамен...» Осы жерге келгенде телефон үзіліп кетті де рация үнсіз қалды.
«Сағат 12-сі несі?– деймін күйініп.– Қосымша күшті арттарыңнан іле-шала жібереміз демеп пе еді кетерде. Қайда енді онысы?» Осы оймен Днепрге жабыға қарадым. Өзен беті әлемтапырақ. Жарқырауық ракеталар аспанға асылып алып, айналаны күндізгідей сәулелендіріп тұр. «Түсінікті,– дедім ішімнен.– Олар өте алмай жатыр». Жағдайды осылай деп шамалаған соң жолдастарыма енді өз күшімізге сенуден басқа амалдың қалмағанын айтып, жағалауға тиіп тұрған Григоровка селосын алуды бұйырдым. Өзіміз бұрыннан жақсы білетін бұл елді мекенді жаудан тез босаттық. Сөйттік те, сол жерге тістесіп жатып алдық. Содан таң атты. Атыс... Күн шығып, түс болды. Шабуыл... Бірақ арттан келетін күш әлі көрінбейді. Өстіп жатқанда дәл жанымнан бірдеңе гүрс ете түскені... Сол сол-ақ екен не болғанын білмеймін, аспан жерге төңкеріле құлағандай боп, дүние көз алдымнан көшіп жүре берді. Ар жағы есімде жоқ. Бұлыңғыр, бұлдыр бірдеңе. Көзімді ашсам, дала госпиталінде жатыр екенмін. «Контузияға ұшырағансың», – дейді санитарлар. Олар негізгі бөліммен бірге Григоровка селосына келіп кіргенде менің топырақ астынан шығып жатқан аяғымды көріп тауып алғанын айтты. Кейін білдім, бұлар бізге жіберілген қосымша күш емес, мүлде басқа құраманың жауынгерлері болып шықты. Сөйтіп, Днепрден бірінші боп өткендегі ерлігіміз аяқ астынан ұмыт қалды да атақ-даңқты басқалар алып кетті. Нақты құжат ұзақ уақыттан соң барып партизан штабының архивінен бір-ақ табылғаны бар. Бірақ ол кезде бәрі кеш еді.
Ж.А.: – Жау тылынан қашан шықтыңыз?
Қ.Қ.: – 1944 жылдың аяғында.
Ж.А.: – Содан елге бірден қайттыңыз ба? Жоқ әлде...
Қ.Қ.: – Қалай десем екен... Бұл өзі былай болды. Жау тылынан шыққан соң мені оншақты адаммен бірге Киев қаласындағы Орталық партизандар қозғалысы штабына жіберді. Мұнда: «Партизандық соғыс осымен бітті. Сондықтан енді сендер жау тылына қайтып бармайсыңдар. Біразыңды армия қатарына аламыз да, ал кейбіреулеріңді азаматтық қызметке қалдырамыз», – дегенді айтты. Мен әскерге ілінбей, сол «кейбіреулердің» қатарында қалып қойдым. Осыдан соң маған: «Соғысқа жібермесе мұнда енді не бар? Одан да елге қайтайын», – деген ой келді де оны штабтағыларға жасырмай айтып шықтым. Бірақ олар кесіп-пішіп ештеңе дей қоймады. Өстіп жүргенімде С.А.Ковпак шақырып жатыр деп естідім.
– Вася, – деді амандасып болғаннан кейін Сидор Артемьевич. – Сен еліңе қайтам деп жүр екенсің. Немене, біздің Украина ұнамай ма саған?
– Неге ұнамасын, ұнайды. Бірақ, енді жау тылына жібермесе, армияға алмаса мұнда не істеймін?
– Иә, оның рас. Ол жаққа енді ешкім жіберілмейді, – деді Сидор Артемьевич.– Себебі, біздің жеріміз фашистерден түгел азат етіліп, партизандар өз міндеттерін толық орындады. Ал армияға келсек... Онда барып не істейсің? Партизандық жорық күндерінде сен адам саны бригадаға тең отрядқа, мен көлемі дивизияға пара-пар құрамаға басшылық еттім. Енді олай болмайды. Біздер армияға алынсақ командир емес, тек қатардағы солдат қана болып барамыз. Өйткені, сен де, мен де академия, училище бітірген жоқпыз ғой. Бұл – бір. Екінші... Еліңе бардың дейік. Бұл жаққа ертерек кеткендіктен онда сені көп ешкім білмеуі, Украинадағы ерлігіңнен хабарсыз болуы мүмкін. Сонда табиғатыңда бар тентек, қияңқы мінезіңмен кімге сиясың? Еркелігіңді кім көтереді? Егер сол жерде қызметте жүріп, бір нәрсені бүлдіріп алсаң не болғаны? Сені кім біледі, кім ара түседі? – деп ол кісі екі қолының жуан да қысқа саусақтарынан керегекөз тор жасап, маған барлай қарады. Онысын мен түсіндім. «Мінез-құлқыңды жақсы білемін. Содырлық жасап сотталасың», – деп отыр. Сидор Артемьевич жоғарыдағы сөзден кейін біраз үнсіз отырды да: «Сені біз жақсы көреміз, Вася. Көз алдымызда жүре тұр. Бейбіт өмірге бейімделіп, мамандық алғаннан кейін еліңе жақсылап шығарып салайық», – деді қамқор үнмен. Мен ештеңе деместен шығып кеттім.
Келесі күні штабқа келсем: «Сізді кадрлар бөлімінің бастығы, полковник Сперанский іздеп жатыр», – деді кезекші. Бардым. Полковниктің алдында басына көнетоз кепкі киген, үстінде күздік пальтосы бар бейтаныс қазақ отыр екен: «Мен Жұмағали Саин деген ағаң боламын, – деді ол кісі аман-саулықтан соң.– Ақынмын. Осында Ворошиловград облысында партизандар қатарында болып едім. Енді елге қайтайын деп документтерімді жөндетіп жүрмін. Ал сен ше?» «Мені жібергілері келмейді?» «Сөзді қой, бала. Өзіңнің шынымен елге қайтқың келе ме?» «Иә». «Ендеше, осы пікіріңнен тайма. Бұлармен өзім сөйлесемін».
Осылай деген Жұмекең ал кеп іске кірісті дейсің. Кірмеген есігі, бармаған бастығы жоқ. Оларға бұл жігіттің болашағына, жағдайына өзім жауап беремін дейтін сияқты. Сөйтіп жүріп мені босатып алды да елге алып қайтты ғой...
Ж.А.: – Соғыстан кейін жау тылындағы сіздің ерлігіңіз туралы қалам тартқан адамдар болды ма? Болса олар кімдер еді?
Қ.Қ.: – Бұл сауалыңа: «Жазушы Ғабдол Сланов», – деп жауап бергім келеді. Қырқыншы жылдардың аяқ кезі болатын. Ол кісі менімен ұзақ сөйлесіп, әңгімелерімді жалықпай тыңдаушы еді. Сөйтіп жүріп бір күні «Алтай баласы» атты деректі шығармасын жарқ еткізгені. Онда жалғыз мен ғана емес, бүкіл Қайса әулеті қамтылып, бәрімізге жылы лебіздер айтылады.
Ж.А.: – Ал өзіңіз жазушылыққа қалай бет бұрып жүрсіз? Жалпы, сіздің шығармашылық жұмыспен шұғылданып, кітап шығарумен шындап айналысуыңызға ең алғаш рет кімдер ықпал етті деп ойлайсыз?
Қ.Қ.: – Бұған алдымен Жұмекең – Жұмағали Саинды, Шахмет Хұсайыновты, содан соң тағы да сол Ғабдол аға Слановты айтар едім. Бәрі де менің ауызекі түрде айтатын әңгімелерімнен басталды. «Қасым, – дейтін сонда ол кісілер, – сен жас та болсаң көп нәрсені көрген екенсің. Осыларды қағаз бетіне түсіріп көрсең қалай болады? Жасқанба. Мына оқиғаларды бізге қалай айтып жүрсің, ойдан ешнәрсе қоспай, солай тізіп жаза бер. Көркемдеймін. Әдемілеймін деп те әуре болма. Бұлар осынысымен-ақ әсерлі. Бір қиналарсың... Екі қиналарсың. Көр де тұр, содан кейін қалай жазып кеткеніңді өзің де білмей қаласың». Ақыры осы ағаларымның айтқаны келді де тұрды. Біраз уақыттан кейін естеліктерім шыға бастағаны... Жазуға, шығармашылыққа бет бұруымның қысқаша тарихы міне осы, қарағым.
Ж.А.: – Менің байқауымша сіздің өміріңіз ылғи да кездейсоқ жайттар мен күтпеген оқиғалардан тұратын сияқты. Бұл қалай?
Қ.Қ.: – Соған өзім де таңғаламын, қарағым. Жас кезімдегі жағдайларды ғой, кітаптарымнан жақсы білесің. Ал енді қартайдым, кездейсоқ жайттардың ауылы менен алыстаған шығар дейін десем, олар тағы да алдымнан шыға береді... Күлме маған... 1993 жылдың күзінде мынадай оқиғаға ұшырағаным бар. Үйде жатыр едім, Шығыс Қазақстан облысы келіп кетсін деп сәлем айтыпты. Бардым. Елден айналайын, хан көтеріп қарсы алды. Қайтарымда облыстық әкімдіктің жігіттері иіліп төсек, жазылып жастық болып ұшаққа да өздері мінгізіп жібермесі бар ма? «Алаңдамаңыз. Жеңгейге хабарлап айттық. Енді екі сағаттан кейін Алматыдағы үйіңізде боласыз», – деді олар қоштасып жатып. «Рахмет, айналайындар!» – деймін риза көңілмен. Сөйтіп әуеге көтерілейік. Самолет ұшып келеді, ұшып келеді, бірақ Алматы көрінбейді. Қалғып кетіп оянсам түн..., бөтен аэропорт. «Қай жер?» –деп сұраймын аң-таң болып. «Кемерово қаласы», – дейді стюардесса. Сонда ғана барып облыстық әкімдік жігіттерінің шатасқанын, Алматы деп Кемеровоның көлігіне мінгізіп жібергенін түсіндім. Өкінгеннен, ренжігеннен не пайда, әрекет етуге көштім. Қайыра билет алып, Өскеменге кері ұшайын десем кассадағылар: «Осы таяуда бізде Ресейдің жаңа рублі шыққан. Мына сабан ақшаңызды алмаймыз», – деп жолатпайды. Қонақүйге барайын, тамақ ішейін десем де осындай кедергі. Сол кезде бұрын өзін көрмеген, білмеген, бірақ аты сырттай таныс Амангелді Төлеев есіме түсті. «Облыстық Кеңестің төрағасы ғой. Ақшамды ауыстырып беруге көмектесер», – деп ойладым ішімнен. Сөйттім де, оған сол аэропорттан кезекші қыз арқылы телефон соқтырттым. «Мен сізді білемін. Ешқайда қозғалмай, сол орныңызда тұрыңыз. Қазір көмекшімді жіберемін», – деді ескі танысымдай аңқылдап тіл қатқан ол. «Жау жерінде бір үйің болсын», – деген рас-ау. Амангелді Ресей Президентінің пәрменімен елдегі Кеңестердің тарап жатқан үстіне келгеніме, жағдайының шатқаяқтап тұрғанына қарамастан, мені өте жақсы қабылдады. «Бүгін бұл жақтан Қазақстанға самолет ұшпайды. Ертең қайтыңыз. Көмекшім сізді қонақүйге де орналастырады, билет те әпереді. Ешнәрсеге алаңдамаңыз», – деді ол жігерлі үнмен. Сөйтті де, мұндағы саяси-әлеуметтік ахуалдың қиын екенін, отбасына қастандық жасалғанын, қарапайым халықтың өзін жақсы көретінін, таяуда жаңа кітабының шыққанын баяндап өтті. «Жағдай бұлай болса елге, Қазақстанға қайтпайсың ба, айналайын», – дедім мен оны жоғарыдағы айтқан әңгімелерінен кейін аяп кетіп. «Жоқ. Бармаймын, – деді ол. – Біріншіден, Қазақстанға менің еңбегім сіңген жоқ. Не деп барамын? Екіншіден, қиындық туғанда төменшіктеп көріну тағы жараспайды. Ол маған ұят. Үшіншіден, мұндағы қалың бұқараның мен дегенде жаны басқа. Жақсы көреді. Сыйлайды. «Кетпе. Шыда»,– дейді. Сенімнен артық не бар? Демек, енді не көрсем де осылармен бірге көрмекпін».
Ертесінде мен Өскеменге аттандым. Содан қашан Алматыға жетер-жеткенше көз алдымнан сонау Сібір жерінде жүрген Амангелді Төлеев кетпей қойды. Онымен мені кездестірген кездейсоқтық па? Жоқ. Дәм-тұз, тағдыр шығар, бәлкім.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»