Қазақстан • 23 Сәуір, 2018

Қаламгер Жоламан Бошалақтың қайраткерлік қарымы

886 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Белгілі қаламгер, курстасым, әріп­тесім Жоламан Бошалақтың 75 жыл­дық мерейтойына орай мақала жа­зып, ыстық лебіз, игі тілегімді біл­діру мақсатымен қолыма қалам алғанда бұған дейінгі жарты ғасырдан астам өміріміз көз алдымнан бейне кино таспасындай сырғып өте бер­ген. Жолекең еліміздің батыс өңір­і­нен 1966 жылы сол кездегі С.Киров атындағы қазақ мемлекеттік уни­верситетінің журналистика фа­куль­те­тіне оқуға түскенде жасы әлі айхай жиырма беске жете қоймаса да, боз жорғадай бозбалалықтан арыла қой­маған біздер үшін сақа жігіт болып көрінетін еді. Солай екен. Орта мектептен соң ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесін үздік бітіріпті. Кеңшарда түрлі жауапты жұмыстар атқарған. Газеттерге ма­қала, сықақ өлең, әңгімелері шы­ғады. Бір­те-бірте әдеби ортаға ойы­сады. Сөй­тіп университетке өмір өткел­де­рінен өтіп келіпті. Сондықтан бо­лар, біздер Жолекеңе қызыға қарадық.

Қаламгер Жоламан Бошалақтың қайраткерлік қарымы

Бір сөзбен айтқанда, ол бізге аға, біз оған іні бола білдік-ау деймін. Үне­мі әзілдеп күле сөйлеп, арқа­мыз­дан қағып қанаттандырып отыра­тын Жо­лекең өзгені де сыйлап, өзін де сый­­лата білетін. Біз Баққожа Мұ­қай, Шөміш­бай Сариев, Жақау Дәурен­бе­ков­­пен бөлмелес болсақ, Сұлтанәлі Бал­­ғабаев, Смағұл Елубаев, Аманжол Ар­ғынгелдин қашанда Жолекеңнің жанынан табылатын. Ал бұл аза­мат­тар­ды көзі ашық, көңілі ояу жан­дарға таныстырудың қажеті шамалы деп ойлаймын.

1971 жылы оқу бітіріп жатқан шақта шаңырақ көтерген Жолекең өмір­лік қосағы Гүлжауһармен қол ұста­сып сол кезде Шевченко деп ата­латын бүгінгі Ақтау қаласына бет алған. Негізі Жолекеңнің ата-бабасы маңғыстаулықтар. Ал өзі Атырау облысының Жылой өңірінде туып-өсіпті. Сонау отызыншы жылдардағы қысталаң шақта ата-аналары амалсыздан Ақтөбе жаққа ауа көшуге мәж­бүр болды. Содан тек соғыстың алдында ғана оралыпты. Те­гін­де Жоламан кейінде бір ұлттың абызына айналған көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың ағайыны, ауыл­дасы. Әкесі Оңдыбайдың туған же­рі Қаратаудың бөктеріндегі Оң­ды ауы­лы. Жолекең оқу бітіргелі жат­қан шақта Әбекеңнің жасы отыз­дан енді асқанмен есімі қалың қаза­ғына әбден танылып қалған ша­ғы еді. Сол жақсы ағасы інісіне та­яу жылдары Маң­ғыстау жағында мә­ні зор жа­ңа­лықтар болып қалуы әб­ден мүм­кін, сондықтан ел жаққа бар­ған­дарың дұрыс деп ақылын айтады.

«Ағаның ақылы және респуб­лика Орталық партия комите­тінің жолдамасымен Шев­ченкоға келдік. Мұнда қазақ тілінде шығатын не қалалық, не облыстық газет жоқ екен деп еске ала­ды әріптесіміз. Қалалық теле­сту­дия­ның ашылғанына әлі бір жыл толмаған. Гүлжауһар екеуміз де сонда жұмысқа орналастық. Ең қызығы сол, айналдырған он бес күннің ішін­де бас-
паналы болдық».

Осы арада бастапқыда аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор болып қызмет еткен жас маман арада сегіз жылдан соң Алматыдағы жо­ғары партия мектебіне оқуға атта­нады. Партия мектебін бітіріп кел­ген соң Мұнайлыда екі тілде шы­ғатын «Мұнайлы жаңалығы» атты ау­дандық газеттің редакторы болып та­ғайындалады. Одан облыс орта­лы­ғына қайта оралып, облыстық телевизия және радио хабарлары комитеті төрағасының орынбасары, те­лестудия директоры болып қызмет ат­қарады. Ал егемен ел атанып, тәу­ел­сіздікке қол жеткен шақта екі жылдай облыстық әкімдіктің баспасөз қыз­метінің басшысы болғаны да бар.

Сөз орайына қарай айта кетейін, сол шақта мен Семей­ден Алматыға кө­шіп келіп «Қазақ­стан коммунисі» жур­налында қызмет еттім. Елге жиі шығып тұратынмын. Алғашқы іс- сапарларымның бірінде Ақтау, Аты­рау жағына жол тарттым. Бұл Жо­лекеңнің облыстық телеарнада басшылық қызметте жүрген кезі. Бірақ мен Ақтауға келгенде курстасым Кавказ жақта демалып жатыр екен. Гүлжауһар курстасымның жұ­мыс орнына барып жүздестім. Облыс орталығындағы жұмысым орын­далған соң Маңғыстау ауда­ны ар­қылы Атырауға жүрмек болғанда, Гүл­жауһар облыс орталығына жи­на­лысқа ке­ле қалған сол ауданның бі­рін­­ші басшысымен таныс-
ты­рып ілес­тіріп жіберді.

Жолда келе жатқанда жасы менен кіші әлгі бауырым маған: «Дәуке, бұл жақ­қа адайларды көруге келдіңіз бе?» де­гені. Бұл сұрақтың мәнісін түсі­нің­­­­кіремеген мен «Неге олай дейсіз?» деп қарсы сұрақ қойдым. Аудан басшысы бір күліп алып, оның себебін айта бастағанда бәрі түсінікті болды. Сөйтсек, менің алдымда осы өңірге келген абайлық жазушы, ға­лым інім Тұрсын Жұртбай бұларға «Маң­ғыстауға адайларды көру үшін ке­ліп отырмын» деген екен.

Жолекең қай жерде де, қандай жұ­мыста да абыройлы болды, іскерлік қабі­летін байқата білді. Облыстық «Маңғыстау» га­зетіне сегіз жыл бас редактор болуы соның айғағы. Қазақстан Журналистер ода­ғының облыстық басқармасына төр­аға болып сайланды. Бірнеше мәрте жер­гілікті мәслихаттың депутаты да болды. Облыс қаламгерлері аты­нан рес­публика журналистері құ­рыл­тайына екі рет делегат ретінде қа­тысты. Шетелдік делегациялар құрамында ел, жер көрді. Жоғары марапаттарға ие болды.

Жоламан Оңдыбайұлы 11 жыл ел газеті «Егемен Қазақ­­станның» Маң­ғыс­тау облы­сындағы меншік­ті тілшісі болды. Осы тұста жұмыс­тас ретінде газет ұжы­мы мен басшы­лы­ғы­ның Жолекеңді қай­раткер жур­налис­т, ақыл­шы аға ретінде қа­лай сыйлап, қалай сый-құрмет көр­сеткенін көзіміз көрді.

Біз – республикамыздың бас газеті – «Егемен Қазақстаннан» зейнет­кер­лікке шыққан ардагер журналис­тер бір-бірімізбен, редакциямен жиі ха­барласып тұрамыз. Бір-бірімізге, ұжы­мға игі тілек тілейміз. Сол орайда Жолекеңнің Ақтау қаласының және Мұнайлы ауданының, сондай-ақ Атырау облысы Жылыой ауданының құрметті азаматы, КСРО телевизия және радио ісінің үздігі, Қазақстан Рес­публикасының мәдениет қайрат­ке­рі, Қазақстанның құрметті жур­налисі болғанын естіп бірге қуан­дық. Тағы бір атап айтарлығы, Ақтауға оны әр жылдары кешегі мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, жазу­шы-дра­матург Баққожа Мұқай, бү­гінгі қа­зақ әдебиетінің танымал тұл­ға­ла­ры Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Бал­ғабаевтың әдейі іздеп барғандары да есімізде. Мұның өзі халқымыздың «Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтайын» деген аталы сөзін еске түсіреді.

Біз, курстастары Жолекеңнің отба­сында да сыйлы екендігін жақ­сы білеміз. Соның бір айғағындай Гүлжауһар оның өмірдегі жақсы тіре­гі бола білсе, өзі құдай қосқан қоса­ғының шығармашылықпен алаң­сыз айналысуына жағдай жасады. Ол сырқаттанып ұзақ жатқанда, балаша бағып күтті. Соның дәлеліндей Гүлжауһар курстасымыздың артында оннан астам жыр жинағы қалды. Мұның сыртында маңғыстаулықтар бүгінде Гүлжауһардың туған тіл жанашыры болғанын жыр ғып айтып жүргенін де естиміз. Тегінде ал­ғаш университетке оқуға түскенде курс­тағы жиырма бес студенттің бәрі ақын болатын. Кейінде солардан Гүл­жауһар Сейітжан мен Шөмішбай Са­риев қана поэзияға адалдығын сақтап қал­ды.

Біздің қадірлі курстаста­рымыздың қызы Жанар мен ұлы Серіктен төрт немересі бар. Жолекеңе енді солардың қызы­ғын өзіңіз көріңіз дейміз. Гүл­жау­һардың жасай алмаған жасын өзі­ң­із жасап, жасы тоқсаннан асып өмір­­ден өткен Ақсүйрік анамыз­дың жасын өзіңізге артығымен берсін дей­міз! Жоғарыда айтып өткендей, сіз журналистиканың жілігін шағып, май­ын ішкен, адал еңбегімен абырой биігіне шыққан азаматсыз. Осындай өнегелі өміріңіз кейінгі жас толқынға жұғысты болғай!

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Алматы

Соңғы жаңалықтар