Аймақтар • 23 Сәуір, 2018

100 оқулық: Зиялы ұрпақ тәрбиелеуге талпыныс

860 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Алдымен – адам, сосын – маман» деген сөз бар. Адам капиталын дамыту үшін білікті маман болу аз, ол алдымен адамгершілігі мол, рухани бай, «кеудесі алтын сандық» адам болуы тиіс. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет» деген болатын. 

100 оқулық: Зиялы ұрпақ тәрбиелеуге талпыныс

Сол үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім.Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылау бойынша өткізіп жатқан бірыңғай күн аясында облыста біршама шаралар қолға алынды. Облыстық Халықтар достығы үйінде республикалық «National bookdating» акциясына орайластырылған студент жас­тардың зияткерлік ойындары өтті. Онда Халықтар достығы үйіндегі жастардың ақпараттық-түсіндіру тобының спикері Руслан Мұрзағалиев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылып жатқаны туралы айтып берді.

Жастардың зияткерлік ойынын ұйым­дастырушылар сұрақтардың барлығын дерлік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы төңірегінде ойластырды. Әр командаға бес оқушыдан кірді. Жарыс қорытындысында оқушылар 100 гуманитарлық оқулық жөніндегі викториналық сұрақтарға да жауап берді. Қазылар алқасының шешімімен қаладағы №7 орта мектептің командасы бірінші орынды жеңіп алды.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік универ­ситетінде «Жаңа өнеркәсіптік революция жағдайындағы адам капиталының сапасы» тақыры­бымен өткен халықаралық «Бай­тұрсынов оқу­лары» ғылыми-тәжірибелік конференция­да да жаңа» жоба туралы айтылды.

– Алаш зиялыларының қазақ тілінде оқулық жазу бастамасы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасында жалғасын тауып, әлем­нің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару жұмысы қолға алынды. Бұл ана тілімізді дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосылған үлкен көмек. Осы арқылы қазақ жастарының білім көкжиегін кеңейтіп, бәсекеге қа­білеттілігі арттыра түсетіні сөзсіз, – дейді А.Байтұрсынов атындағы университет профессоры Алмасбек Әбсадық.

Жобаны талқылау әлі де жалғасын табады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ