Осылайша Астанаға көрік беретін ақ тал, үйеңкі, қайың, қарағай, емен, сүмбіл терек, шетен ағаштары көбейе түсті. Ағаш көшеттерін егуде ең алда келе жатқан Есіл ауданы деуге болады. Айта кетелік, Алматы ауданында – 1300, Байқоңыр ауданында – 500, Есіл ауданында – 2975 ағаш пен 274 бұта, Сарыарқа ауданында 495 көшет отырғызылған. Сенбілікте түс әлетінде 687,88 тонна қалдық жиналып, қоқыс жинау аумағына шығарылды. Барлығы 166 тасымал атқарылды. Атап айтқанда, қоқыс жинау мен шығару ісіне 200 трактор мен 387 жүк көлігі жұмылдырылды. Елорда ішін қақ жарып ағатын Есіл өзені мен оның Ақбұлақ, Сарыбұлақ іспетті салаларының жағалаулары санитарлық тәртіпке келтірілді. Аталған акцияға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 150-ден астам студенті мен қала аумағында әскери міндетін атқарып жүрген азаматтар белсене қатысты. Сондай-ақ сенбілікте тұрғындарға тазалауға қажетті заттар үлестірілді.
«Қаламыздың тазалығы балаларымыздың денсаулығы үшін өте маңызды. Мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғанын қалаймын. Өзің тұратын қаланың жарқырап, жайнап тұрғаны баршамызға ұнайды. Сондықтан тазалық-санитарлық шараларын сақтау, қаланы таза ұстауға әрқайсымыздың қосар үлесіміз үлкен» дейді Алматы ауданының тұрғыны, зейнеткер Қ.Тоқсейітова.
Экологиялық айлыққа министрлік, агенттік ұжымдары мен қалалық мәслихат, қала әкімдігінің аппараты, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері, ардагерлер кеңесі, кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдардың да өкілдері белсенді түрде қатысқанын атап өтуге болады. Шағын және орта кәсіпкерлік иелері өздеріне тиесілі аумақтың тазалығын қамтамасыз етсе, коммуналдық қызмет пен мердігер ұйымдар аулаішілік көріктендіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарын, тастақталар мен жиектастарды жаңартуға қатысты. Сонымен бірге инженерлік және коммуникациялық желілерді жөндеуден өткізу кезінде бұзылған аумақтар, кабельді желілер, көшедегі және саябақтардағы жарықтандыру ретке келтірілді.
Экологиялық шараға «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы да қатысты. Олар көрме кешенінің нысандары мен саябақ маңайындағы 2 гектарға жуық алаңды тазалап, 200 көшет отырғызды. Сондай-ақ 7 арнайы техниканы жұмылдырып, 3 текше метр қоқыс шығарды. «Ұжымымыз толық құраммен жалпықалалық сенбілікке шықты. Көрме мұрасы нысандары Астана тұрғындары мен қонақтарының жиі келетін орталығына, ал «Нұр Әлем» сферасы – жаңа дүниежүзілік болашақ энергиясының нышанына айналды. Қазір көрме аумағына келушілердің жайлылығы үшін ЭКСПО нысандарын қайта жөндеу және көркейту жұмыстарын атқарып жатырмыз», деді кәсіпорын басшысы Ербол Шорманов.
Сенбілік шаралары ел аумағында да өтуде. Ал «Астана – таза әрі қауіпсіз қала» атты жалпықалалық сенбілік 12 мамырда тағы да ұйымдастырылмақ.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»