Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында өңірлердің басшыларына шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу шараларын қабылдауды міндеттеді.
Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі күн өткен сайын артып келеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 5 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық пайда болып, оның 9 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Бұл еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп, экологиялық ахуалға айтарлықтай нұқсан келтіріп жатқанын көрсетеді.
Әрине кейбір бизнес құрылымдары тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, игілікке жарату жобаларын жүзеге асыруда. Осы бағыттағы шетел тәжірибесін зерделеп, озық технология үлгілерін енгізген кәсіпкерлер де бар. Алайда саусақпен санарлық олардың әлеуетінің аздығы мен тұрмыстық қатты қалдықтар көлемінің шектен тыс ұлғаюы алаңдатарлық ахуал. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газеті бірқатар материалдар легін жариялады. Соның бірі бас басылымда биыл 20 наурызда жарық көрген «Біз қашан тазарамыз?» атты шағын мақалада да өте өзекті мәселе көтерілді. Аталған мақалада отандастарымыздың экологиялық мәдениеті, қалалар мен елді мекендердің санитарлық жай-күйі баяндалған.
Жаһанға зер салсақ, АҚШ, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азияның дамыған елдерінде қоқысты жағу арқылы энергия қуатын алады. Бұған халықтың тығыздығы мен қуатты логистика да мүмкіндік береді. Мәселен, Швецияда тұрмыстық қалдықтардың 99 пайызы кәдеге жаратылады екен.
Сондықтан Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда да тұрмыстық қалдықтарға бей-жай қарамай, оны ел экономикасына пайдалану жағын ойластырған абзал. Өйткені өкілетті органдарда қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама талаптарының орындалуын қадағалау, жергілікті атқарушы органдарда тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және жою құзырының болғанына қарамастан, бұл мәселе өткір күйінде қалып отыр. Қоқысты шығару жеке ұйымдарға берілгенімен, олар қызмет құнының төмендігіне байланысты оны қайта өңдеу мен утилизациялау орындарына жеткізе бермейді. Бұл өз кезегінде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына алып келуде. Елімізде қоқысты жекелеп жинау, сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымы дамымай отыр. Жеке және заңды тұлғалардың қоқыс шығару қызметіне төлем жасау жауапкершілігінің төмендігі де бұл саладағы мәселелердің қордалана түскендігін байқатады. Жергілікті бюджеттерден қоршаған ортаны қорғау шараларына жеткілікті қаражаттың бөлінбеуі, аталған салаға инвестиция көздерінің тартылмауы қоғамда тұрмыстық қалдықтарға оң көзқарас қалыптаспай отырғанын аңдатады.
Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған бабаларымыздың табиғатпен етене өмір сүру салтында болған шынайы прагматизмді заманға сай қайта жаңғыртудың маңызы өте жоғары. Мәселен, ұлттық мерекелерде бұқаралық іс-шаралардан кейін алаңдарда қаптаған қоқыс қалады. Бұл экологиялық тәрбиенің мүлдем төмендеп кеткенін көрсетеді. Яғни ең алдымен сананы тәрбиелемей қандай да бір жетістікке жету күрделі күйінде қала бермек.
Жоғарыда аталған жайттарды ескере отырып, мынадай басты мәселелерге назар аударғым келеді.
Біріншіден, елді мекендердің санитарлық жағдайы мен айналасындағы қоқыс үйінділеріне мемлекеттік органдар ерекше көңіл аударуы, тиімді шаралар қабылдауы тиіс. Екіншіден, тұрмыстық қалдықтар орналасқан орындарды бақылауға алып, оның қоршаған ортаға әсеріне мониторинг жүргізген жөн. Үшіншіден, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолдау көрсету керек. Төртіншіден, халықтың экологиялық сауатын жетілдіру шараларын белсенді жүргізу жолдарын қарастырған абзал.
Осы орайда Үкімет Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, кешенді шараларды белсенді түрде іске асыруы, қажет болған жағдайда арнайы бағдарлама қабылдау мәселесі қаралып, тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс жасауы керек деп ойлаймыз. Бұл Президент Жарлығымен бекітілген жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асыруға да белгілі алғышарт болар еді.
Дүйсенғазы МУСИН,
Сенат депутаты