Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына Үндеуін ел тұрғындарымен бірлесіп талқыладым, халық барынша қолдау білдіруде. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген талап-тілектерін тыңдап, өтініштерін қабылдадым.
Сондай кездесулердің барысында көтерілген мәселелердің бірі – Алматы облысы Ұйғыр ауданы Добын ауылындағы көлдің жағдайы. Ауыл тұрғындары жағдайды баяндаған соң өзім барып, көлдің жай-күйімен таныстым. Мамандардың айтуынша, 800 мың текше метрдей су сиятын көл Добын ауылының жоғары жағында, ауылдан 100 метрдей жерде және ауыл деңгейінен биік жерде орналасқан. Ал онда жиналған су мөлшерден әлдеқайда асып кеткен екен. Нәтижесінде көлдің топырақтан жасалған жағалауы, тоспасының сырт жағы біртіндеп сазданып бұзыла бастапты. Тіпті тоспаның төмен жағынан сызаттап су аға бастаған. Көлдің бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген бұл тоспасы бұзылып, су кеткен жағдайда Добын ауылының мыңнан астам тұрғыны мен үй-жайлары топан су астында қалып, адамдардың өміріне үлкен қауіп төнгелі тұр.
Осыған орай, мен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, аталған көлдің тоспасын күрделі жөндеу мәселесін тез арада қарастыруды өтініп, Добын ауылының тұрғындарын апаттан сақтап қалу шарасын қолдануды сұрадым.
Мәселе дереу шешілмесе жағдай қиындыққа соқтырары сөзсіз, мен және Добын ауылының мыңдаған тұрғыны Үкімет басшысының мәселеге баса назар аударуынан үміттіміз.
Шаймардан НУРУМОВ,
Мәжіліс депутаты