Депутаттық сауалда Үкіметтің қаулысымен еліміздің Қарулы Күштерінің қажеттіліктері үшін әскери-техникалық, соның ішінде заттай мүлікті жеткізу бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысының жалғыз орындаушысы ретінде анықталған «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ заттай мүлікпен қамтамасыз ету бойынша ең ірі сатып алудағы барлық тапсырысты «Жасампаз» консорциумына бере салғаны жөнінде мәселе көтерілді. Ал консорциум өз кезегінде тапсырысты тек өзінің мүшелеріне ғана таратып отырған. Сондай-ақ өндіріс желісінде бір-бірімен өзара еш байланысы жоқ, бірлескен іс-шараларды тек келісілген іс-әрекеттерді жүргізу туралы уағдаластық аясында өткізіп отырған бірен-саран тауар өндірушілер ғана «Жасампаз» консорциумының мүшелері қатарында болғаны да белгілі болды.
Осылайша, аталған консорциум тоқыма өнімдерін жеткізетін отандық әлеуетті тауар өндірушілердің құқығын шектеді. Бұл әділ және адал бәсекелестікті шектеуге және компаниялардың бір тобының нарықта жасанды үстемдік жағдайын қалыптастыруға алып келді. Нақтырақ айтсақ, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының 80-нен астам мүшесі осы аталған мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуына қатыса алмады.
Ұлттық экономика министрлігі біздің депутаттық сауалымызға берген ресми жауабында Қорғаныс министрлігінің іс-әрекетінде бәсекелестікті шектеуге бағытталған сыбайлас жемқорлық белгілері болуы мүмкін екендігін, сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті белгілеген жағдайда аталған мемлекеттік органға қатысты тергеу ісі жүргізілетінін атап көрсеткен.
Сондай-ақ жауапта «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ іс-әрекеттерінде нарықтағы бәсекелестікті шектеуге қатысты үстемдік немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері болуы ықтимал екендігі де көрсетілген және барлық тексеру жұмыстары аяқталғанда қорытындысы бойынша қосымша ақпарат береміз деген уәде берген еді. Алайда бүгінгі күнге дейін ешқандай ақпарат түскен жоқ.
Осыған орай, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес депутаттық сауалға жауап қайтару мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына ресми түрде қойылған талап болып саналатынын ескерте отырып, біз Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовке тағы да сауал жолдап, лауазымды тұлға өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нақты түсініктеме беруге немесе ұстанымын мәлімдеуге тиіс екенін айттық. Сауал жолданған әрбір лауазымды тұлға қойылған сұраққа Парламент сессиясында ауызша немесе жазбаша түрде жауап беруге міндетті. Ал біз жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша ҰЭМ толық және жан-жақты жауап беруін талап етеміз.
Дания ЕСПАЕВА,
Мәжіліс депутаты