Аймақтар • 23 Сәуір, 2018

«Caspian Start-Up 2018» байқауында жүлдегер оқушы 300 мың теңге ұтып алды

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Caspian Start-Up 2018» байқауы өтті. Аталған байқау аясында іріктелген 20 стартап жобаның ішіндегі ең үздіктері анықталып, демеушілер және кәсіпкерлер тағайындаған жалпы көлемі 1 миллион 540 мың теңге  қаржылай сыйлық табысталды.

«Caspian Start-Up 2018» байқауында жүлдегер оқушы 300 мың теңге ұтып алды

Стартаптар байқауының финалына Маңғыстау облысының аудандарынан, Атырау облысынан, Астана қаласынан оқушылар мен студенттер қатысты. Олар кәсіпкерлер мен стартап сайыстардың жеңімпаздарынан құралған тәуелсіз қазылар алқасының алдында  бастағысы келетін стартап туралы бес минут көлемінде айтып беріп, бизнес-жоспарын түсіндірді.

Жарыс нәтижесінде Маңғыстаудағы Түйесу жерінен сафари жасауды ұсынған Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Дана Ақуал бас жүлдеге лайық деп танылып, 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал, екінші орын  ерікті қан тапсырушылар базасын жасақтауды ұсынған Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Қуаныш Аманғалиға бұйырды. Оған «Forte bank» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы мен «MKS Logistics» ЖШС атынан 250 мың теңге берілді. Үшінші орынға тігілген 200 мың теңге Бейнеу лицейінен келген Лауахаев Нұр, Аягузов Ғалымжан және Бекзат Салиевке берілді. Мектеп оқушылары асық ойнынан әйгілі монополия ойынын жасауды ұсынған болатын.

– Стартаптар байқауына жобаларын алып келген жастардың бизнес бастауға деген құштарлығы қуантады. Бүгінгі келген жобалардың ішінде жүзеге асыруға болатындары бар. Алдағы уақытта бұдан да мықты стартаптарды күтеміз, – деді қазылар алқасының мүшесі, кәсіпкер, «Mediana Service Limited» IT-компаниясының техникалық директоры Өмірбек Құрбанбаев. 

Маңғыстау обылсындағы жастардың стартап жобаларды қолға алып, оларды жүзеге асыруын ынталандыруда облыс кәсіпкерлері белсенділік танытты. Жарыс қорытындысында байқаудың бас демеушілері «Forte bank» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы мен «MKS Logistics» ЖШС 8 қатысушыға 30 мың теңгеден сыйақы берсе, «Евровояж -Ақтау» авиатурагенттігі және «Сәулет Компани ЛТД» құрылыс компаниясынан 500 мың теңге көлеміндегі қаржылық сыйақы 4 жобаға берілді.Сонымен қатар, «Атамекен» «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облыстық филиалының көмегімен және облыстағы кәсіпкерлердің шешімімен «Caspian Start-Up 2018» стартаптар байқауының финалындағы 4 жоба қаржыландырылатын  болып шешілді.

Оқушылар мен студенттер арасында жаңа жобаларды таныстыру алаңын құру, инновациялық бірлестіктің әлеуетін көрсетіп, оны қолдау мақсатында оқушылар мен колледж студенттеріне арналып өткізілген тұңғыш  стартаптар байқауын Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Маңғыстау облыстық білім басқармасы ұйымдастырды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы