Алыс-жақындағы ағайынның құлағы Кеген ауданы аумағындағы Көлсай тауларының қозғалуы жайындағы ақпаратқа елеңдеулі болып отыр. 19 сәуір күні Кеген ауданындағы «Қазселденқорғау» мекемесі гидробекетінің бақылаушылары аймақта тау көшкіні ошағының пайда болғанын анықтаған еді. Лықси қозғалған тау жыныстары Саты ауылы мен Көлсай өзені жолының 400 метрге жуық аралығын және бірнеше электр бағанын басып қалған. Осының кесірінен Көлсай көлі аумағындағы демалыс аймағы электр қуатынсыз қалды. Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдай қызметкерлері сол маңда қоныстанған шопанның отбасын қауіпсіз жерге көшірген. Демалыс маусымы әлі ашылмағандықтан, көл аумағында демалушылар болмаған. Қазір қауіпсіздікті сақтау мақсатында аумаққа баратын жолдар толықтай жабылды.
Мамандардың айтуынша, сырғыған тау жынысын тоқтату мүмкін емес. Жылжыған тау массасы бүгінде Саты өзені мен Көлсай өзенінің арнасына жақындай түскен.
– Опырылған жер Көлсай өзенінің арнасына жетті. Топырақтың қозғалысы сағатына бір метрден жылжуда. Сусыған топырақ өзен арнасын жауып тастауы мүмкін. Қазір арнамен екі текше метр су өтіп жатыр. Мамыр айының аяғы мен маусымның басында өзенге келетін су көлемі 30 текше метрге жетеді. Топырақ массасы өзен суы арқылы шайылады. Бірақ бұл өзен түбінде кішкентай бөліктердің пайда болуына ықпал етіп, нәтижесінде өзен сағасының шайылуына алып келуі мүмкін. Біз су өткізуді эвакуациялық арналар қолдану арқылы қамтамасыз етсек дейміз. Бұл орайда жерасты жарылыс жұмыстары жүргізілуі мүмкін, – дейді Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдай комитетінің «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы Тоқтар Баймолдаев.
Сенбі күні апат аймағына облыс әкімі Амандық Баталов арнайы барып, құтқару жұмыстарының барысымен танысты. Сарапшылардың пікірін тыңдаған облыс басшысы мекеме мамандарына бірқатар тапсырма берді. Өзен арнасының бітелуінен су тасқынының қаупі жоғарылай түсетіні анық. Мұны болдырмас үшін өзеннің түбін тереңдету жұмыстарын жедел бастау керек. Әкім бұл жұмысқа шынжыр табанды экскаваторлар қолдану керектігін айтып, дереу іске кірісуді тапсырды.
Сарапшылар анықтағандай, тау көшкіні үздіксіз жауған жаңбыр мен жер асты дүмпуінің нәтижесінде басталған. 8 сәуірде Кеген ауданының аумағында жер сілкінісі тіркелген екен. Осы дүмпуден кейін тау массасында тектоникалық жарылу сызығы пайда болған. Босаған топырақ үгітіліп, етекке қарай жылжу басталған.
Жоғарыда жазғанымыздай, қазір тау көшкінін қолмен тоқтату мүмкін болмай отыр. Төтенше жағдай қызметі болуы ықтимал қауіптің алдын алуға кірісіп кетті. Қуаныштысы, табиғаттың тосын мінезі адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған жоқ. Ал көшкіннің қазіргі қалыпта жалғаса беруінен аумақтағы табиғи жағдай өзгеруі ықтимал, дейді экологтар. Мысалға, Жетісудың жауһарына айналған Көлсай көлдері маңындағы флора мен фаунаға тосын апат әсер етуі мүмкін. Бірнеше көлдерден тұратын Көлсай аймағы теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы 450 метр, ені 330 метрге жетеді. Қызығы, Көлсай көлдерінің тереңдігі анықталмаған. Су ошақтары өте ерте заманда табиғи жағдайдың әсер етуінен пайда болған деседі. Яғни айналасын тау қоршаған қазаншұңқырлар қазір табиғи сұлулыққа тұнған көркем мекенге айналған.
Осы сапарында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Көлсай көлдеріне апаратын жолдарды жақын арада қалыпқа келтіруге және демалыс аймағын жарықпен қамтуды тапсырды. Сондай-ақ облыс басшысы өңірдің таулы аймақтарында арнайы геологиялық зерттеу жүргізіп, төтенше жағдай қаупін анықтауды қолға алатынын айтты.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы