24 Сәуір, 2018

Не ішіп-жеп жүрсіз, ағайын?

483 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Астананың ірі азық-түлік дүкенін аралап жүріп бір қыздың атағы бүкіл Қазақстанға танымал мүйізі қарағайдай компанияның сүтін іздеп таба алмай, ол неге жоқ деп жағалай сұрап жүргенін кө­ріп қалдым. 

Не ішіп-жеп жүрсіз, ағайын?

Мұндай жағдайлар ара-тұра кез­десіп тұрса да, не сатып алса да өз еркі ғой деген оймен өзгенің ісіне онша араласа қой­майтынмын. Осы жолы шыдамым жет­педі. Қарағым, ол компанияның өнімін неліктен соншама іздеп әуре болып жүрсің. Оның сүт тағамдары бірыңғай ұнтақтан жасалады ғой. Одан да ана «Родинаның», «Астана-Өнімнің», болмаса «Зенчеко и К» деп аталатын компаниялардың сүтін алсайшы, дедім жаңағы қызға. Сөйтсем әлгі қарындас елімізде өндірілетін өнімдерден мүлде бейхабар екен. Менің сөзімді естіген кез­де солай ма өзі, білмейді екенмін деп шы­ны­мен-ақ таңғалды.

Біз бұл сөзді жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Соңғы жылдары саудаға шығарылып жатқан өнімдердің сапасының төмендігі туралы жиі айтылып жүр. Бірақ одан шығып жатқан нәтиже жоқ. Жоғарыда айтылған мәселеге келсек, Қазақстанда өндірілетін сүт өнімдерінің 60 пайызы, яғни тең жартысынан астамы ұнтақ сүттен жасалады екен. Ондай сүттің қоректік қасиетін былай қойғанда, түрлі консер­ванттар қосылатындықтан, денсаулыққа зиян екені де дау тудырмайтыны шындық. Оның сыртында, ол ұнтақтың қай жылы шыққанын тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Олай болса, жұмыртқадан жүн қырқып үйренген біздің пысықай кәсіпкерлеріміздің мерзімдері өтіп кеткен ұнтақтан сүт тағамдарын дайындап, онысын сапалы тауар ретінде ұсынып жатпасына кім кепіл? Сүттен әзірленген астың азғантай уақыт тұрса ашып немесе іріп кететіні бәрімізге де балалық шақтан белгілі жайт. Ал қазіргі сүт тағамдары апталап тұра береді. Сонда оның сыры неде? Керек десеңіз, өзіміз дүкеннен сатып алып жүрген сары майға пальма майы қосылады екен деген де дерек бар. Өйткені пальма майы өнімнің ұзақ сақталуына көмектесетін көрінеді. Оның есесіне, мамандардың айтуына қарағанда, адам ағзасына, әсіресе балаларға тигізер зияны шаш-етектен.

Өкінішке қарай, ет өнімдеріне қатысты жағдай да әзірге мақтанарлық бола алмай тұр. Оның да едәуір бөлігі сырттан тасымалданатыны көпшілікке аян. Осы тұрғыдан келгенде біздің кейбір облыстарымыздың Иранға, Қытайға ет экспорттап жатырмыз деп дабыралатуы да әншейін түймедейді түйедей қылып көрсетудің о жақ бұ жағындағы әрекет болып шығады. Жоғарыда аталған елдерге ет сатып жатқанымыз рас. Бірақ осы мәселеге тереңірек үңілген адам істің шынайы көрінісінің біз күткендегідей емес екенін де оңай аңғарады. Яғни сыртқа шығаратын етіміз, айталық, шамамен алғанда 100 тонна болса, сырттан әкелініп жатқан ет 200 тонна. Олай болса шетелдерге ет экспорттап жатырмыз деп кеуде керуіміздің реті қалай болар екен?..

Біз бұл жерде елімізде өспейтін апельсин, мандарин, лимон тәрізді цитрус өнімдері туралы әңгіме де қозғап отырған жоқпыз. Бұл айтылғандарға қосымша соңғы жылдары ананас, манго, грейпфрут, авокадо сияқ­ты экзотикалық саналатын жеміс-жидек түр­ле­рі де дүкен сөрелерін жаулап ала баста­ды. Бұл келтірілген өнімдерге қатысты ешқан­дай талас жоқ. Жақсыны көрмек үшін демек­ші, біріншіден, халықтың осындай жеңсік ас­тардың бар екенін біліп, оның дәмін татуы­ның өзі бір ғанибет болса, екіншіден, мұндай жеміс-жидектердің адам ағзасын түрлі дәру­мен­дермен байытуда да алар орны ерекше. Сон­дықтан да бұрын-соңды халқымыз өзін көру тұрмақ, атын да естіп көрмеген бұл сияқты өнімдердің көптеп келіп жатуын құп­тамасақ, қарсылық білдірер ниетіміз жоқ.

Әңгіме басқада. Қазақстанның ең басты байлығы – жері. Ол жер мыңғыртып мал өсі­руге де, жайқалтып бау-бақша егуге де же­теді. Ендеше неліктен біз еліміздің тәуел­сіз­дік алғанына 26 жыл толып 27-ші жылға кеткенде ет пен сүтті, картоп пен капустаны, пияз бен са­рымсақты сырттан тасымалдауымыз керек? Ата-бабаларымыз мал баққан, мал қазақ үшін әрі тамақ, әрі киім, әрі көлік болған деген сөзді де жалықпастан қайталап жатамыз. Олай болса, ғылым мен техниканың дамуының ар­қа­сында мал бағу да, бау-бақша өсі­ру де барын­ша жеңілдеген ХХІ ғасырда Қазақ­станның азғантай ғана халқын ет және сүт өнімдерімен, бірінші кезекте қажетті сана­латын көкөніс түр­лерімен қамтамасыз ете алмауымыздың сы­ры неде?

Осындайда ойға оралады, жоғары лауазымды шенеуніктеріміз сөз сөйлей қалса қолға алған жұмыстың бәрін жапырып, жоспарды межесінен асырып жатырмыз дейді. Ал нақ­ты өмірге қарасаң оның нәтижелері көзге тү­се бермейді. Алда-жалда көзге түсе қал­ған­дары болса көңілді құлазытады – тұр­ғызған үй­лер­і­міз сапасыз, салған жолдарымыз шұрық-шұ­рық те­сік. Бір кездері республика халқын түгелдей та­за ауыз сумен қамтамасыз етеміз деп едік, ол да аяғына жетпей қалды. Тіпті күн сайын тонна­лап далаға төгіліп жатқан қоқыстың (дай­ын шикізат) өзін өңдей алмай, ол болса қа­ла­ларымыздың төңірегін барынша ластап, эко­логияға орасан зор нұқсан келтіріп жатыр. Осы­дан бір-екі жыл ғана бұрын қолға алынған Астанадағы қоқыс өңдеу зауытының да жарты жолда тұралап қалғаны белгілі болып отыр. Қай жаққа қарасаң да көретінің қаптаған проб­лема. Көбейіп кеткен қиын түйіндердің қа­шан шешілетіні және оларды кімдердің ше­шетіні тағы белгісіз. Сұрайын десең кімнен сұ­рарыңды да білмейсің. Содан қолыңды бір сіл­тейсің де, ішің шұрқырап бара жатқан соң жаңағы ұнтақтан жасалған сүтті сатып жатқан дүкенге қарай аяңдай жөнелесің...

Бәрін де қойшы, өздеріңіз не ішіп-жеп жүрсіздер ағайын?

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»