Осының негізінде Жер туралы заңға біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жер ешқашан шетелдіктерге сатылмайтыны, жалға берілмейтіні, шекаралық жерлерде ешбір шетелдік компаниялар жерге қатысты қызмет ете алмайтыны тайға таңба басқандай етіп нақтыланып жазылды.
Сенат депутаттары Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің Жер туралы заңға байланысты баяндамасын талқылауға белсенді қатысты және пікірлерін айтты.
Өмірзақ Шөкеев Жер туралы заңға өзгерістер мен толықтыруларды былай түсіндірді:
Бірінші бағытта ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі арнайы тәртібі қарастырылып отыр.
Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50 пайыздан кем емес қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу қарастырылып отыр.
Сонымен бірге конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушылардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру тек аудандық қана емес, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және жалға алушылардың жер пайдалану жөніндегі қабылдаған міндеттемелерінің орындалуын қадағалау мақсатында жалға алудың алғашқы бес жылында әр жыл сайын, келесі кезеңдерде суармалы жерлерде – әр үш жыл сайын, ал суарылмайтын жерлерде әр бес жыл сайын мониторинг жүргізу белгіленіп отыр.
Екінші бағытта ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында заң жобасында әр облыстың әкімшілік аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген.
Бір қолға берілетін жерлердің мөлшерін мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысымен Үкімет бекітеді.
Бұл шектік мөлшерді айқындау үшін тиісті есептеу әдістемесі әзірленді.
Үшінші бағытта – мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге немесе Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе құрамында шетелдіктер бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады.
Төртінші бағытта – ауылдық жерлерде жергілікті тұрғындардың жеке аула малына жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында заң жобасымен жергілікті халыққа аналық мал басын ұстау үшін жайылым алқаптарын айқындау туралы норма көзделуде.
Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынатын болады.
Сонымен қатар бүгінгі күні елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткенін ескеріп, ол жерлерді қайтару, мемлекеттік мұқтажға жатқызу заң жобасымен белгіленіп отыр.
Бесіншіден, осы заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы енгізілген мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр, онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады.
Бұл ретте заң жобасы нормаларының барлығы Жер комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша әзірленген және ауыл шаруашылығы жерлерін тек қана қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіруді көздейді.
Бұл заң жобасымен Жер және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстері, «Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.
Заң жобасының кейбір нормалары республикалық бюджет шығыстарының ұлғаюын көздейді. Олардың барлығы Республикалық бюджеттік комиссияда қаралып, қолдау тапты.
Болжамды шығыстар жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына қарай және олар мемлекеттік мұқтаж үшін алынатын жағдайда ғана есептер әр жер учаскесіне жекеше анықталып, нақтыланатын болады.
Заң жобасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға берудің айқын тетіктерін белгілей отырып, олардың тиімді пайдаланылуына бағытталған.
Қаралып отырған жаңа нормалар жергілікті атқарушы органдар қызметінің жариялы болуына ықпал етеді, сондай-ақ жерлерді беру жүйелерін ақпараттандыруға және қоғамдық пікірдің кеңінен ескерілуін көздейді.
Қазіргі кезде Үкімет жер қатынастары саласындағы заңнамаларды жетілдіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.
Ө.Шүкеевке Сенат депутаттары О.Перепечина мен С.Еңсегенов сұрақ қойып, кейбір түйткілді мәселелерді анықтады және Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Рашит Әкімов қосымша баяндама жасап, былай деді:
– Жер мәселесіне қазіргі уақытта қоғам айрықша көңіл бөліп, халық ерекше алаңдап отырғаны шындық. Сондықтан да жерге қатысты заңнамалардың қашанда жұртшылықтың зор ықыласын туғызып, қоғамда да қызу талқыға түсуі заңдылық. Бұл заң жобасы бойынша түрлі пікірлердің де, сын-ескертпелердің де, ұсыныстардың да сан алуандығын қалыпты жағдай деп санау керек.
...Жер реформасы жөніндегі комиссияның жер қатынастарын реттеуге қатысты әзірлеген біршама ұсыныстары бүгінгі қаралып отырған заң жобасында ескеріліп отыр. Осы орайда Жер реформасына қатысты келесі маңызды өзгертулер мен толықтыруларды атап көрсетуге болады:
– мораторийда белгіленген бұрынғы шектеулерден басқа, тағы да қосымша ретінде, шекара маңы аумақтарында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге және құрамында шетелдіктердің үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға беруге тыйым салатын нормалар қарастырылды;
– шетелдік азаматтармен некелескен қазақстандық азаматтарға дәл осындай шектеулер белгіленіп отыр;
– бұдан басқа қазақстандықтарға уақытша пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті көлемін белгілеу;
– ауылдық жерлердегі халықтың малын жайылымдармен қамтамасыз ету;
– ауыл тұрғындарын жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерімен де қамтамасыз етуге бағытталған нормалар қарастырылған.
Әрине, қаралып отырған заң жобасы жер қатынастары саласындағы бұрыннан қордаланып қалған барлық мәселелерді бірден шешіп тастайды деп ойламаймыз. Дегенмен, осы заң жобасы мораторийде белгіленген «өтпелі кезеңдегі» мәселелерді шешуге толықтай мүмкіндік береді десек қателеспейміз.
Ендігі арада Үкімет алдында осы «өтпелі кезең» деп отырған уақыт аралығында ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты мәселелерді саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан сараптап, жан-жақты зерделеу міндеттері тұр. Келешекте осы мәселеге байланысты тағы да нақтылы ұсыныстардың болары да анық.
Заңды талқылау барысында сенатор Т.Мұқашев мынандай пікір білдірді:
– Жерсіз ұлттық мүдде құндылықтары қалыптаспайды, қалыптасқан да емес. Қазақтың барлық мәселелері, әлеуметтік мәселелерді шешудегі қасиеттері ел мен жер тағдыры төңірегінде өрбіген.
Заң жобасы Сенатқа, әсіресе Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қарауына келіп түскен сәтінен бастап бірнеше рет саралаудан өтті. Жұмыс топтарының және комитеттің отырыстарында қаралып, егжей-тегжейлі зерделенді. Жұмыс барысында заң жобасының жекелеген нормаларына қатысты бірқатар сауалдар қойылып, әзірлеуші тараптан жауаптар да ұсынылды. Дегенмен де бірнеше мәселе әзірлеушілердің назарынан тыс қалды.
Мәселен, қазіргі уақытта тұрып жатқан ауыл тұрғындары жер учаскелерін рәсімдеу үшін көптеген кедергілерге тап болады. Әсіресе, бұл мәселе шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарына өте қиын. Сондықтан біздің пайымдауымызша, ауыл әкімі жер учаскелерін жекеменшікке немесе оны пайдалануға беру функцияларын өз мойнына алуы тиіс. Осылайша ауыл тұрғындары үшін әкімшілік кедергілер азаяды.
Тағы да бір мәселе, жер учаскесін ұсынудың шекті нормасын ұлғайту қажет. Бұл әсіресе ауылды елді мекендерде өзекті мәселе. Себебі баршамызға ауылдың жағдайы мәлім, ауыл тұрғынының күнкөрісі жермен байланысты. Өзінің жер учаскесіне үйімен қоса қорасын да, сарайын да, моншасын да тұрғызуы қажет. Сонымен қатар ауылдық жерлерде иесіз, шөп басқан бос жерлер де баршылық. Қаңырап, арам-шөппен шырмалып жатқанның орнына өңделіп, ауыл тұрғыны мен оның отбасына пайда әкелгені абзал. Осы үшін ұсынылатын жер учаскесінің шекті мөлшерін ұлғайтуды жөн көреміз.
Бүкіл қоғамды толғандырып отырған жер мәселесіне қатысты сенатор М.Бақтиярұлы да өз пікірін ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
– Ғасырлар бойы отарлау саясатының зардабын тартқан қазақ халқы шетелдіктерге жерді жалға беруді қабылдай бермейтініне көзіміз анық жеткендей болды. Осы бір көңіл ауаны ескеріліп, жерді сауда мен саясаттың құралына айналдырмауымыз керек. Жер тағдырына халық алаңдап отыр. Жер халықтың ортақ байлығы, ол жекешеленбейді, сатылмауы керек деген ой-пікірлер бұрын да, қазір де айтылып келеді. Біз осыны ескеруіміз керек. Сондықтан да болашақта жерді пайдаланудың осы кезге дейін қолданып келе жатқан жалға беру түрін ғана негіз етіп алуымыз дұрыс болады деп есептеймін. Осы жалға беру институтының тетіктерін жетілдіруіміз қажет, – деді ол.
Сондай-ақ осы мәселе бойынша сөз алған сенатор М.Жұмағазиев әріптестерінің пікірін түйіндегендей болды.
Ол: Ата заңымыздың 2-бабында: «Қазақстан Республикасының егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» – деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің негізгі принципі де соны көздейді.
Әрине, жер қатынастары жөніндегі мәселе бүгінгі күн өлшемімен шешіле салмайды. Алдағы уақытта бұл құжатты әлі де жетілдіру қажет деп ойлаймыз.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, әріптестерім заң жобасын талқылауға белсене қатысты, ашық пікірлерін ортаға салды. Сөйтіп ел үшін тиімді, жер үшін түйінді, баянды болашағымызға кепіл болатын ортақ шешімге келдік» деді.
Қайталап айтар болсақ, жер ешқашан шетелдіктерге сатылмайтыны, жалға берілмейтіні, шекаралық жерлерде ешбір шетелдік компаниялар жерге қатысты қызмет ете алмайтыны тайға таңба басқандай етіп нақтыланып жазылды.
Сөйтіп өздеріңіз байқап отырғандай, депутаттар жер туралы заңның халыққа, ұлтқа, мемлекетке тиімді болуын барынша зерделеп, жерді шетелдіктердің иеленуіне немесе қандай да бір қолсұғушылыққа ешқандай жол бермейтін түзетулермен қабылдады.
Ендігі мәселе осы заңның ел игілігі үшін қызмет етуі.
Әділбек ҚАБА