Қазақстан • 24 Сәуір, 2018

Бедеулік – болашаққа қатер

1207 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

XVIII-XX ғасырлар қазақтың басына қара бұлт төнген кезең деп айтсақ қателеспейміз. XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шап­қыншылығы кезінде қа­зақ халқының жартысына жуы­ғы баудай түсіп, қынадай қы­рылғанына тарих куә. Араға ға­сыр тастап, ақ патша тақтан құ­лап, Кеңес өкіметі дүниеге келген жылдары қазақтың саны қайта селдіреді. 

Бедеулік – болашаққа қатер

Соңғы деректерге жүгінсек, бұл қасіреттен 1919-1922 жылдары 1,5 млн адам, 1931-1933 жылдары 2,5 млн адам опат болған. 1937-1938 жылдардағы қызыл қырғынды, соғыстың зардабын, соғыстан кейін болған ашаршылықты қоссақ, қазақтың аман жүргеніне өзіңіз таң қаласыз. Осының бәрі қазақ халқын жер бетінен жою үшін әдейі істеліп жатқан іс сияқты. Егер зер сала қарасақ, шындығында да сондай екеніне зәредей күмәніңіз қалмайды. Кезінде бауырлас қазақ пен жоң­ғар халықтарын бір-бірімен қырылыстырған да сыртқы күш­тер екені бүгінде анықталып отыр. Олардың атын атап, түсін түс­темей ақ қоялық, өйткені ол соғыс өртінің қалай тұтанғаны және оның артында кімдер тұр­ғаны туралы талай зерттеу еңбегі баспа беттерінде жарық көрді. Ал Кеңес өкіметі кезіндегі қазақтардың қырылуын қазіргі таңда сол қызыл қырғынды зерттеген ғалымдарымыз геноцитке, тіпті этноцитке теңеп жүр. Ра­сында да осы қолдан жасаған қыр­ғындардан қазақ халқының саны екі есеге азайып кеткен жоқ па? Бұл этноцит емей немене? Саналы түрде бір халықты жою ғой. Одан қалса, бар қаймағынан айрылған, мәңгүрттік халге түс­кен қазақтарды жаппай орыс­тандыру басталды. Бұрын жанын алса, енді тіліне қол сала бас­тады. Сөйтіп құрып бара жат­қан кезде, құдай жарылқап, тәуелсіздіктің таңы атты. Енді өз қолымыз өз аузымызға жетіп, ел болып, етегімізді түзеп ке­ле жатқанда тосыннан келген соғыстан да жаман қасірет пайда болды. Бұл – бедеулік. Иә, бедеулік – қасірет. Өйткені бұ­рын мыңнан бір кездесетін бұл ауру қазіргі кезде эпидемияға ай­налып барады. Көпке топырақ шашуға болмас. Бірақ айтпасаң сөздің атасы өледі. Біз еліктегіш халықпыз. Жақсыға да, жаманға да тез үйренеміз. Шіркін, осы талантымызды басқа жағынан көрсетсек қандай тамаша болар еді. Алайда әзір шеттен келген жамандықты тез үйреніп жатырмыз. Соның салдарынан елді бедеулік пен белсіздік жайлап барады.

Әсіресе халқымыздың сенері, келешекте демографиялық ахуа­лымызды жақсартады ма деп үкілеп, үміт күтіп отырған жас­­та­рымыздың арасында осы­ дерт кең етек алып, тіпті мемлекет­тік қауіпсіздігімізге қатер төнді­ре­тін жағдайға жетіп отыр. Ста­тис­тика бойынша 2000 жылдары еліміздегі бедеуліктің көрсеткіші 8-10 % аралығында болса, қазіргі таңда 16-17 %-ға көтеріліпті. Дені жастар. Бедеу­ліктің себебі неде? Негізгі себеп­тер­дің бірі жыныстық жолмен бері­летін инфекцияларды немесе жыныс органдарының жасына сай жетілмей қалуы, жа­тырдың өспеуі, аналық бездің ұрық­ты­ дұрыс шығармауы, түтік­ше­лердің бітеліп қалуы, жас­тайы­нан жыныстық қатынасқа тү­сіп, артынан түсік жасату болып ке­леді.

Ғалымдардың зерттеуінше, бедеуліктің 70 %-ы алғашқы жүк­тілікте түсік жасатқандықтан болатын көрінеді. 2009 жылы әлемде 30 миллион жасанды түсік жасалса, соның 300 мы­ңы Қазақстанға тиесілі. Бұл әйел­дерге тән көрсеткіш. Ал ер-­азаматтарға не болды? Ащы шын­­дық, бұл сырқат жігіт­тері­міздің арасында да белең алған көрінеді. Бедеулік (бесплодие) белсіздік (импотенция) емес, сонда да бұл оңай дерт емес. Егер статистикаға сенер болсақ, отбасын құрған жастардың арасында жігіттердің 50%-ы бедеулікпен ауырады екен. Бұл қалалық жерден алынған деректер. Ауылда да бар, бірақ айтарлықтай көп емес. Қазақтың көбі қазір қалаға көше бастағанын есепке алсақ, бұл жақсы нышан емес. Бұрын отбасында бала болмаса әйелдерін емдетіп жататын еді, енді бедеу­ліктен емдеу ер-азаматтарға көш­кен сияқты. Олардың арасында кездесетін бедеулікке көбіне өзіміз жол береміз. Бұл дегеніміз – ішімдік ішу, темекі тарту, есірткі қолдану, ерте жыныс­тық қатынасқа түсу және бей-берекет, теріс жолға түскен әйел­дермен жыныстық қатынаста болу. Соның кесірінен әртүрлі жы­ныс мүшелері жағынан ауру жұқтыру, оған экологияны,­ Қа­­зақ­станды тұмшалаған ра­диа­­цияны, жерімізді ластап бітір­ген пестицидтерді қоссақ және ағзаға ұқыпсыз қарауды есепке алсақ, мәселен, қатты қысатын киім кию, саунаға жиі бару, спорт жаттығуларымен артық шұғылданудың барлығы бедеулікке тікелей алып келетін жол. Бедеулік бар жерде отбасы бұзылады. Бала туу кемиді. Демографиялық жағдай нашарлайды. Демографиялық ахуалымыз онсыз да мәз емес еке­ні белгілі. Бұл мемлекеттік ауқым­­дағы күрделі мәселе. Сон­­­дықтан бедеулікпен күре­су жалпыхалықтық міндет болуы керек. Елімізде бедеулік­пен белсенді күресіп жатқан ор­талықтар баршылық болғаны­мен өте аз. Әйелдер арасында тү­сік тастау бедеулікке баратын тура жол дедік, енді соны­мен мемлекетімізде қалай күресіп жа­тыр. Бұл ретте тиімді шара­лар атқарылмай отырғаны аян. Ал түсік тастау жылдан-жыл­ға артып барады. Қазіргі уақытта бесіктен белі шықпаған өрімдей қыздар осы қадамға баруда. Ресми деректерге сүйенсек, елі­міздегі жасөспірім қыздардың 10 мыңнан астамы екінші мәрте түсік жасатқан екен. Ал бірінші рет түсік тастағандардың са­ны­ одан да көп. Біз бұл жағ­дай­­­ға қалай тап болдық? Жастарымыздың қателігіне не себеп? Неге көгілдір экранды, ин­тернетті жаулап алған, жас­тарды жаман жолға түсуге азғы­ратын бағдарламаларға шек қойылмайды? Осы шеттен келіп жатқан бағдарламалардың салдарынан буыны қатпаған жас қалай ішімдік ішіп, темекі тартып, есірткіге еліктеп кеткенін білмей де қалып жатқан жоқ па? Осының бәрі адам ағзасын, психологиясын бұзып, 12-13 жас­­тағы жас қыздар жыныстық қа­тынасқа барып, екіқабат болып, түсік жасатып жатыр. Түсіктің арты бедеулік екені белгілі. Сондықтан оған тоқтам болуы тиіс. Әрине, Қазақстан зайырлы мемлекет. Адам құқығын шектеуге болмайды, бірақ елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай болса ше? Бұл елімізге елеусіз еніп келе жатқан зор қауіп екенін ғалымдарымыз неге айқайлап айтпайды. Дүниеде қайғының зоры – ұрпақсыз қалу. Бедеулік – отбасыны ойрандайтын дерт.

Халық денсаулығы және ден­­саулық сақтау жүйесі тура­лы кодекстің 104-бабының 1-бөлігінде әйелдің жүктілікті жа­санды түрде үзуге құқығы бар деп көрсетілген. Дүние жүзінде жүктілікті жасанды түрде үзуге заң түрінде тыйым салған және түсік жасатқаны үшін жаза­ға тартатын 10 мемлекет бар. Олар жүктілікті жасанды түр­де үзуге заң түрінде тыйым­ салғаннан ұтылған емес. Мыса­лы, Филлипин елінде 1930 жы­лы шыққан заң бойынша тү­сік жасауға тыйым салынған. Нәти­жесінде халқы 1951 жылы 18 913 549 адамды құраса, 2018 жылы 106 389 361 адамды құрады. Халықтың саны осы жылдар ішінде 87 475 812 адамға өскен. Ал Қазақстанда қазақтар саны 1989 жылы 6 534 616 адам болса, 2012 жылы 10 979 511 адамды құраған, яғни 23 жылда 4 444 895 адамға ғана өс­кен. Оның жартысы шеттен келген қандастар. Сонда 23 жылда бары-жоғы 2 млн шамасында ғана табиғи түрде өсіп отыр. Өкі­ніш­тісі, кейінгі жылдардағы деректерде қазақтардың елімізде қанша болғаны көрсетілмеген, тек Қазақстан халқының қанша пайызға өскені ғана көрсетіледі. Көрдіңіздер ме, бедеуліктің арқасында қанша мәселе пайда болады. Себебі бедеулік бар жерде отбасында бала болмайды, бала болмаған соң отбасының шырқы бұзылады, ажырасу көбейеді. Баласыздықтан құтылу жолы – емделу. Әрине онда да болмаса бала асырап алу. 2016 жылы 9 сәуірдегі Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 84-бабына толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі бойынша­ Республикалық деректер бан­кін­де есепте тұрған балалар аза­­маттығы мен тұрғылықты же­ріне қарамастан, балалардың туыс­тарына, Қазақстан Рес­пуб­­ликасының аумағында тұ­рақ­­ты тұратын Қазақстан Республи­касының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен асырап алуға беріледі. Дұрыс, ата-анасыз қалған балаларды бірінші кезекте туысқандарына берген жөн. Алайда осы баптың 4-бөлігінде көрсетілген «Баланы туыстары, Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жер­де тұратын Қазақстан Республи­касының азаматтары асырап ал­маған жағдайларда ғана Қа­зақ­стан Республикасының аза­мат­тары болып табылатын,­ Рес­публикалық деректер банкін­де орталықтандырылған есепте тұрған балалар шетелдіктерге асы­рап алуға берілуі мүмкін» де­ген жолдармен келісуге бол­майды. Өйткені өзіміз демо­гра­фиялық ахуалымызды өзгерте алмай жат­қанда неліктен шетелдік­терге бала асырап алуға рұқсат беруі­міз керек?! Бір кеткен соң ол қазақтың ба­ласы болмайды. Қазақстан шетелдіктерге бала беру жағынан әлемде үшінші орында тұр. Біз бұл жағынан да алдыңғы қатарға шы­ғып кетіппіз. Дүние жүзі бо­йынша балаларын халықаралық асырап алуға ұсынатын елдердің ішінде Қытайдан, Вьетнамнан кейін Қазақстан тұр екен. Израиль елінің заңында «Еврей тек еврей­дің баласын асырап ала алады», деп жазылған. Қазақ жетімін жы­лат­паған, жесірін қаңғытпаған ха­лық еді. Неге еврейлерден өнеге алмаймыз? Сондықтан заңнамаға «Қазақтың баласын тек қана қа­зақ асырап ала алады» деп жазып қойған абзал. Байтақ қазақ же­рін толтыра алмай жатқанда қара­домалақтарымызды мұ­хит асырып жіберіп жатырмыз.­ Маңайымызға қарайық. Көрші­леріміз Қытай 20 жылдан кейін 2 млрд, өзбектер 70-80 млн болуы мүм­кін. Солтүстігіміз де қара ормандай, ал қазақ ше? Ойланатын жайт.

Сайлаубай МАМИРАИМОВ,
отставкадағы судья