Қазақстан • 24 Сәуір, 2018

«Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты экспедиция Алтынжарға жол тартты

701 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты экспедиция бір апта ішінде Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы аудан­дарын аралап, Ресей Федерациясындағы күйші кесенесіне зиярат етпек. 

«Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты экспедиция Алтынжарға жол тартты

Құрамында тарихшы, өлке­танушы, өнер зерттеушілері, му­зей қызметкерлері, домбырашылар және ардагер қаламгерлер бар экспедиция мүшелері 23 сәуір күні таңғы сағат 4-те Орал қаласындағы Құрманғазы мен Дина ескерткіші алдынан аттанып, Қаратөбеге кетті. Экс­педицияны Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастап барады. Топтың алғаш ат басын тірейтін нүктесі – Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округіндегі Ақтұлым мекенінде орналасқан күйші Ұзақ Мырзабайұлының кесенесі. Ұзақ күйші – Құрман­ғазыны жанына ертіп жүріп бау­лыған, батасын берген ұстазы.

Қаратөбе ауылында «Қос ішекті құдірет» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысқан экспедиция мүшелері бұдан кейін Ақ­жайық ауданының Тайпақ өңірін кесіп өтіп, Жаңақала топырағына қонаға жетеді. Сапар барысында Жаңақала топырағында мәңгі тыныс тапқан Мәмен, Қали Жантілеуов, Тұяқберді Шәмілов сынды күйшілердің кесенелеріне соғып дұға бағыштаған топ Құрманғазының өскен ауылы  Көктерек елдімекеніне барады. Ол жерде жергілікті халықпен тағылымды шара жоспарланған.

– Біз Көктерек ауылының ма­ңындағы Нарсойған сайында көшет отырғызамыз. Бұрын осы жерде терек өскен, ауыл атауы да содан шыққан. Біз ек­кен көшеттер болашақта «Құр­манғазы тоғайы» аталып, ну ор­манға айналса деген үмітіміз бар. Одан әрі Құрманғазы ба­бамыздың туған жері Жиделі құмына табан тигіземіз. Ұлы күйшінің туған жерінен алынған топырақ – Алтынжарға, Ресей Федерациясы Астрахань облысы Краснояр ауданындағы күй­ші кесенесіне жеткізіледі. Бізбен бірге жүретін телеопера­тор осы сапардан әсерлі бейнефильм жасайды, – дейді осы са­парды ұйымдастырушы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мерболат Ерсаев.

Топ құрамында жүргізу­шілерді қосқанда 18 адам, 3 ма­шина бар. Сапар кезінде халықпен жүздесу шараларында өлкетанушы, ардагер-журна­лист Тихон Әліпқали мен ақын Дариға Мұштанова сөз бас­тап, домбырашы Едіге Нә­биев күйші шығармаларын орын­дамақ. «Орал сазы» ансамблінің жетекшісі, Дина Нұрпейісова атындағы саз мектебінің мұға­лімі, өнертанушы Асқар Кен­жеғалиев Құрманғазы шығар­машылығынан сыр шертеді. Музей қызметкерлері Нұржан Төлепов пен Рысты Кажушеваның да өткен мен бүгінді байланыстырып айтар тағылымды әңгімесі мол. Экспедиция мүшелері сапар барысында Дәулеткерей Шығайұлы, Сейтек Оразалыұлы секілді күйшілердің де зиратына соғып, қазақ күй өнерінің есімі ұмытылмас арыстарына тағзым етпек.

Күйші кесенесі басындағы негізгі шара сәуірдің 28-і күні өтпек. ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетін ұлы күйшінің мерейтойына арналған халықаралық шара Алтынжар ауылындағы Құрманғазы музей-кешені экс­по­зициясымен танысумен қорытындыланады. Экспедиция Орал қаласына 29 сәуір күні оралады деп күтілуде.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы