Канн көрермендеріне қазақтың «Тығылмақ» және «Асан» атты фильмдері ұсынылады. Екі фильм де былтыр «Қазақфильм» киностудиясындағы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі ұйымдастырған сценарийлер конкурсында жеңіске жетіп, өндіріске жіберілген болатын.
Аталған бағдарламаның басты мақсаты – кино әлеміндегі кәсіби киногерлердің басын қосып, жас режиссерлер мен продюссерлер, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған дистрибъютерлер арасында байланыс орнату. Осы бағ-
дарлама аясында көрсетілген фильмдер халықаралық кинофестивальдарға жолдама алып, халықаралық серіктестер және дистрибьютер табуға мүмкіндіктері бар. Биыл Short Film Corner бағдарламасына қатысуға көптеген елдің режиссерлері атынан 2000-нан астам тапсырыс келіп түскен.
Режиссер Венера Қайыржанова түсірген «Тығылмақ» фильмі ересектердің басындағы оқиғаға куә болған кішкентай екі қыз туралы баяндайды. Ыңғайсыздыққа душар болған екеуі сол жағдайдан қашып, өз балалар әлеміне жасырынбақ болып, көздерін алақандарымен жауып, көшеде «тығылмақ» ойнайды (фильмнің дыбыс режиссері Қойшын Қанай). Ал режиссер Берік Жахановтың «Асан» фильмінде көп жылдар әкесін көрмесе де, оны ақтық сапарға шығарып салуға келген жігіттің жан сезімі, толғанысы психологиялық тәсілмен тарқатылады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ