Бауыржан Жұмабайұлы Майқайыңда туған. Мектеп қабырғасынан бастап дзюдо, қазақ күресімен шұғылданған. Облыс біріншілігінде төрт мәрте жеңімпаз атанған. 2004 жылы «Спорт шебері» атағына ие болды.
Кент әкімдігінің хабарлауынша, жарысқа жергілікті балуандардан бөлек, Астана, Семей, Ерейментау, Железин, Павлодар, Ақсу, Екібастұз, Лебяжі, Ертіс, Баянауыл, Қалқаман, Бірлік, Егіндібұлақ, Шөптікөл, Ақмоладан барлығы 146 спортшы қатысыпты. Ер балалар 34, 38, 42, 46, 50, 55 келі, қыздар 44, 48 келі салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті.
Турнирде елордалық Ұлан Жақан, семейлік Қарақат Талғатқызы, Карина Каракенова, Павлодардан Дастан Қабен, Валихан Шайхистан, Дияр Қадырбаев, Ерейментаудан Нұрхан Бейбітов, Айбек Жұмағұлов, Төлеген Айдарханов, Әділбек Ахметкаримов жүлделі 1 орынды иеленді. Жеңімпаздар медальдар, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Зәпішұлы спортшыларды құттықтап, ақ жол тіледі. Балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне Баймұрзин Бауыржан Жұмабайұлының есімін беру жөнінде ұсыныс бар екенін жеткізді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан