Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Солтүстік Қазақстанда асық атудан ел чемпионаты өтті

567 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ерлер мен әйелдер арасында асық атудан және бес асықтан ұйымдастырылған республика чемпионатына жеті өңірден 70-ке жуық спортшы қатысты.

Солтүстік Қазақстанда асық атудан ел чемпионаты өтті

«Тарихы әріден басталатын асық ату ойынынан ел біріншілігі 1993 жылдан бері өткізіліп келеді. 2011 жылы ереже бір жүйеге келтіріліп, қарқынды даму алды. 2017 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді. Үлкендермен қатар жастардың да қызығушылығы күрт артып отыр», дейді асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов.

Екі күнге созылған бәсекеде ерлер асық атып жарысса, әйелдер жағы бес асықтан күш сынасты. Ереже бойынша әр командадан үш ойыншыдан қатысып, өздерінің ептіліктерін, көз мергендігін, дәлдігін, жылдамдығын танытуға ұмтылды.

Астананың намысын қорғауға келген 18 жастағы бойжеткен Ұлжалғас Құдайбердиева жас та болса тәжірибесі мол көрінеді. Бір жылдары республикалық додада күміс жүлдегер атаныпты. Көздегенін мүлт жібермейтін сұрмерген дерсің. «Асық ойыны көзді, қолды шапшаңдыққа үйретеді», дейді, ол. Батыс Қазақстан облысы  Ақжайық ауданында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып істейтін Дина Бекмағамбетова да асықты кішкентайынан ойнауды әдет етіпті.

Жарыс қорытындысында ерлер арасында астаналық спортшылар жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды Қостанай мен Оңтүстік Қазақстан облысы иеленді.

Әйелдер арасында тағы да астаналықтардың мерейі үстем болды. Екінші орынға алаң иелері, үшінші орынға Қостанай облысы көтерілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»