– Мынау ағаш әдемі өсіпті, тіп-тік. Ал мына біреуінің бұтақтары айбақ-сайбақ, иір-шиыр, қисық біткен. Бәрі бір ағаш. Бірақ әртүрлі өскен. Неге? – деп сұрапты баласы. Сонда әкесі:
– Себебі былай, балам, – деп түсіндіріпті. – Ағаштың қалай өсуі бағбанның бағып-қағуына байланысты. Қисық бұтақтарын дер кезінде бұтап отырған ағаш көк тіреп түзу өседі. Ал қараусыз қалған ағаш қалай болса солай көктейді, шырағым.
Тұяқ ағам көшет секілді... Көктемей тұрып көкесі көз жұмды. Жарықтық әкесі жарық дүниемен жастай қоштасқанда іште қалған шарана еді. Кіндігі кесілді. Ағайын-туыс, алыс-жақындары жиылып, жетім баланы жебеді. «Жиырма тоғыз жасында қыршын кеткен Мұсатайдың артында қалған жалғыз тұяқ қой. Тұлпардың тұяғы болсын!» деп ырымдаса керек, азан шақырып атын Тұяқ қойды. Әкесі Мұсатай Шонабайұлы ауыздықпен алысқан арғымақтай асау мінезді, ақжарқын, бойы да биік, ойы да биік жігіт болыпты. Бір ауылда туып, бір құдықтың суын ішіп өскендіктен бе, қазақтан шыққан тұңғыш елші, аса дарынды саясаткер, Кеңес Одағының Сауд Арабиядағы тұңғыш елшісі, сол дәуірдегі ең маңдайалды дипломаттарының бірі Нәзір Төреқұловпен талай мәрте кездесіп, сыр шертісіпті. Сондай соқталы азаматтың соңғы тұяғы ғой бұл. Жастай жесір қалған Үрбибі анасы әмеңгерлік жолмен немере қайнысы Исаханмен тұрмыс құрып, алты құрсақ көтерген. Жапан даладағы жалғыз аршадай жабырқау күй кешкен жоқ. Бағбаны бар бау-бақшаның ішінде жүрді. Мектепке барды. Алғашқы қоңырау. Алғашқы естіген тақпағы Ыбырай атасының «Кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық!». Ауылдың құймақұлақ ақсақалдары, әсіресе Еһия қожа мен Самарқанның «көк тасын ерітіп» жеті жыл жер астында оқыған Айтбай молданың ежелгі әңгімелері жас кезінен жадында қалды.
Ең бай адам кім? Жиғаны емес, иманы бар адам бай. Ішінде иманы жоқ адам бұзылған үй сияқты. Күнделікті оқып, тоқып, ілім-білімді қауашағыңа құя берсең бұзылған үйді жөндеп, қайтадан қалпына келтіргенмен бірдей.
О, шіркін, бұрынғының кісілері-ай! Қариялардың өнегесі осылай өрбитін. Аузы дуалы аталарымыз «Жиғаныңа сенбе, иманыңа сен!» деді-ау. Иман қайда? Білімде. Білім қайда? Оқуда. Оқу қайда? Алматыда. Ат басын астанаға бұрып КазГУ-дің тіл-әдебиет факультетіне түсті. Бұл 1958 жыл болатын. Алғашқы ұстазы ғылым докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаев «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» деген пәннен дәріс өткізгенде аракідік Асан қайғыдан бергі ақындардың өнегелі өлеңдерін тілге тиек етіп қоятын.
Данагөйлердің ғибратына сүйенсек «адам естелікпен есейіп, көргенімен көсем болады». Көпті көрген Тұяқ ағаның көкірегі көмбе сияқты. Өзінің ілімі мен білімін өзгеге жаймаса, онда ол алтын сақтаған қойманың күзетшісі сияқты боп қалмай ма? Үлгісі мен өнегесі, танымы мен тағылымы кейінгі ұрпаққа керек болар деген ниетпен Шәуілдірдегі Тұяқ ағама барып, сыр бөлістім.
– Аға, сіздер соғыстан соң оқыған ұрпақтың өкілісіз. Ұстаздарыңыз кім еді? Естелік болсын, еске алыңызшы.
– Ауылдағы ағайларымыз «Білімділер мен білімсіздердің парқы өлі мен тірідей» деп миымызға құйып жіберген. Қалай тірілеміз? Ол үшін оқу керек. Университетте профессор Темірғали Нұртазин «Ауыз әдебиетінен» сабақ берді. Мінезі ойнақы. Сәт сайын тоты құстай түрленіп тұрады. Көңілді. Білімді. Терең. Шешен. Кейбір кезде дәрісін табиғаттың аясына апарып, ашық алаңқайда өткізетін. Тартымды дәрісін ынтыға тыңдап, бір демалып қайтатынбыз. Әсіресе батырлар жырындағы тұлпардың шабысын жандырып айтатын. Кейбір кезде Кетбұғының «Күш-қуатың саудаланып, пұл боларсың, сақ болғын. Құдіреті күшті елге құл боларсың, сақ болғын» деген тәмсілдерін таратып айтпаса да тамшылатып тұратын. Қайран ұстаз! Көкейінде тұрған көп ойларын ауыз ашып айта алмай іркіп қалған екен ғой. Одан кейінгі ғұлама ұстазымыз Ісмет Кеңесбаев айтқан сөзінен айнымайтын адам еді. Айтты-бітті. Орындалады. Уәдеге тастай берік. Әзіл-қалжыңы аралас жүретін. Әсіресе профессор Мәулен Балақаев екеуі қатты қалжыңдасатын. Мәулен ағайдың кескін-келбеті ерекше, бет-аузының жартысы мұрын. Оның орақтай мұрнын оспақтап «Мұрныңды тарта тұршы, мына аудиторияға кіріп кетейін» дейді екен. Бабалардың көзіндей балбал тасқа айналған ұстаздарым-ай!..
Қазақ әдебиетінің тарихынан Ханғали Сүйіншәлиев дәріс берді. Бәрімізді жер-жерге жіберіп, көненің көзін көріп сөзін естіген ауыл ақсақалдарының аузынан өрнекті өлең-жыр мен шешендік сөздерді жинататын. Бірсыпырасы есімде. «Арық атқа – қамшы жау, жыртық үйге – тамшы жау. Ұрысқақ болса – ұлың жау, керіскек болса – келін жау. Кетеген болса – түйең жау, тебеген болса – биең жау. Ұл он беске жеткенше, қолға ұстаған қобызың. Ұл он бестен асқан соң, тіл алмаса, доңызың».
Зейнолла Қабдолов жалындаған жас жігіт. От. Әлем әдебиетін қазақ әдебиетімен байланыстырып, әр сөзін шегелеп шебер түсіндіретін. «Жұлдыз» журналындағы очерктер» деген тақырыпта диплом жұмысын қорғадым. Жетекшім – Зекең. «Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков очерктеріндегі тіл көркемдігіне баса назар аудар» деп тапсырды.
Біз үшінші курста жүргенде Мұхтар Әуезов «Абайтану» пәнінен дәріс оқыды. Әуелі сөзін кібіртіктеп бастайды да хас тұлпардай қанатын жазып көсілетін. Абайдың данышпандығын Лев Толстоймен теңестіріп, ұлт жауһарын жүрегімізге ұялататын. Жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнеріне, мұнтаздай таза киім киісіне таңырқап қарайтынбыз. Сыпайы. Сырбаз. Мәдениеттің жоғары үлгісін тал бойынан табатынбыз. Зейнолла ағайдың «Мұхтар Әуезовті мақтамауымыз керек, біз Мұхтар Әуезовпен мақтануымыз керек» дейтініндей бар.
Заманымыздың заңғар жазушысы ұлы Мұхаң 1961 жылы 27 маусым күні Мәскеуде қайтыс болды. Күллі халық күңіренді. Қазасына қатыстық. Жерлеу рәсімінде Ғабит Мүсіреповтің қоштасу сөзі жадымызда жатталып қалды. «Ат тұяғын тай басар» дейтін ескі нақыл көркемөнер дүниесіне заң емес. Бір жазушының орнын екінші жазушы баса алмайды, әрбір жазушы өз орнында бағалы. Мұхтар бізге орнын қалдырған жоқ. Мұхтардай мол құлашты еңбектер жазу борышын қалдырды, орнын жоқтатпау парызын қалдырды. Бетке ұстасақ беделің қандай еді, арқаға ұстасақ панаң қандай еді! Біз сенің жер құшағына тапсырылар тәніңмен ғана қоштасып тұрмыз, жаның мен рухың бізде қалады!» деді.
Ғабаңның қаралы сөзі қаладан қалаға, даладан далаға тарап, ел аузында кетті. Қатар оқыған қаламдас достарымыз Әбіш Кекілбай, Нұри Мұфтах, Әлімхан Жүнісбеков, Байынқол Қалиев, Мұхтар Мағауин, әсіресе Рымғали Нұрғалиев, Тоқтасын Беркінбаев қарағай бітімді Ғабаңның әлгі ғибратты жоқтауын жадына сақтап, жатқа айтатын.
– Аға, сіз қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тарихын танып-білуде ерекше еңбек еткен Мұхтар Әуезов, Ақжан Машанов, Әлкей Марғұлан Қасым Қайсенов, Әбілда Тәжібаев секілді тұлғалармен кездесіп, тұмадай тұнық сөздерін тұла бойға тұндырып өскен ұрпақсыз. Оның бер жағында поэзия шыңына айналған ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаевтармен тай-құлындай тебісіп, бірге жүрдіңіз. Қазақтың маңдайына біткен ұлтымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовпен жерлессіз, Отырар топырағында дүниеге келдіңіз. Олардың әрқайсысы бір-бір әлем. Әрқайсысы әдемі әңгіменің желісі, сәті түссе тарқата жатармыз. Ел-жұрт біле жүрсін аға, Шәмшімен қалай танысып, қалай ағалы-інілі боп араласқаныңызды айтыңызшы.
– Шәмшімен алғаш рет Арыс стансасында таныстым. 1958 жыл, тамыз айының соңы болатын. Оқуға жаңа түскем. Билет алайын деп темір жол кассасына барсам, басында тақия, қолында мондалинасы бар бейтаныс жігіт жаныма келді де:
– Інішек, жол болсын? – деді.
– Алматыға барам.
– Алматыға барсаң маған да билет ал! – деді.
Оның Шәмші екенін білмеймін. Ақша сұрағам жоқ, оған да билет алдым. Бір вагонға мініп, қатар жайғастық. Шай жасап, «тіске басар» бірдеңелерді де дайындадым.
– Есімің кім? – деді.
– Тұяқ.
– Сен бүгіннен бастап Тұқа боласың! – деді. Он тоғыздағы баламын. Оның түріне қарасам менен гөрі ересектеу. «Қалай Тұқа боламын?» деп іштей ыңғайсызданып тұрғанымда:
– Менің аты-жөнім – Шәмші Қалдаяқов, – деді, – ағаң боламын. «Қырықтың бірі – Қыдыр», сен мүмкін Қыдыр шығарсың маған жолығып тұрған? Әлде әулиесің бе?
Жолшыбай әңгімелесіп, Алматыға да жеттік. Мен асығыс екенімді айттым.
– Неге? – деді.
– Бірінші курс студенттерін астық жинау үшін Атбасарға апарады. Екі сағаттан соң аттанамыз, – дедім. Шәмші жалдап тұратын үйінің мекенжайын жазып берді. «Сейфуллин көшесі, 253 үй. Шәмші». Сосын қойнынан суырып 100 сом ақша берді. «Алмаймын, аға» деп едім, «Сен студентсің, қажетіңе жаратасың» деп қалтама сүңгітіп жіберді.
Атбасарға бардық. Бидай бітік, тербеліп тұрған тың дала. Ол кезде бүкіл жастар Шәмшінің әнін шырқайтын. Мен Шәмшіні көрдім десем, біреу сенеді, біреу сенбейді. Бір айдан соң Алматыға келгесін жамбылдық курстас досым Оразбек Күсепбаев екеуміз Шәмшінің үйіне арнайы іздеп бардық. Шағын пәтер. Есік қақтық. Ашты. Бірден таныды. Жәмила жеңгеміз бен енесі үшеуі бірге тұрады екен. Құрақ ұшып қарсы алды.
– Тұқа, келіңдер. Кіріңдер. Жоғары шығыңдар. Мына жігіттің аты кім?
– Оразбек! – деді досым. Дастарқан жайылды. Құдасындай күтті. Іштік. Жедік. Кеш боп қалды. Көлік тоқтады. Сол күні тар төсегіне таласып Шәмшінің үйіне қондық. Таңертең лекцияға әрең үлгердім. Содан қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Соңғы курстың көктемінде Оразхан жеңгеңе үйленіп, отау құрдым. Тойға Бейсенбай Кенжебаев бастаған бірсыпыра ұстаздар келді. Шәмші асаба болып, тойды өзі басқарды.
Диплом қолға тигесін яғни, 1963 жылы Шымкентке қайттық. Шәмші де Шымкентке филармонияның көркемдік жетекшісі боп ауысып келді. Жұбымыз жазылмады. Пәтер жалдап Тешубай деген өзбектің үйінде тұрдым. Жұмыс жоқ. Қолым бос. Күндердің күнінде:
– Тұқа, – деді Шәмші, – осы шаһарда Күлдән Сәрсенбаева деген апайың бар. Ол облыстық мәдениет басқармасының бастығы. Мен сені соған ертіп барайын.
Шыжыған шілде. Күн ыстық. Бардық. Апайдың есігі ашық екен. Шәмші ішке кіріп кетті. Мен дәлізде қалдым. Әңгімелерін естіп тұрмын.
– Шәмші, не жұмыспен келдің? – деді апайы.
– Тұқаңды сізге жұмысқа тұрғызайын деп едім.
Апай тарқылдап күлді.
– Өзі жұмыс сұрап жүрген адамды Тұқа дейсің бе?
– Иә, Тұқа деймін.
Апай:
– Тұқа, ертең жұмысқа қабылдаймын. Сағат тоғызда кел! – деп тағы да күлді. Келдім. Бұйрық берді. Анау-мынау емес аға инспектормын. Яғни осы мекемедегі үшінші басшымын. Біраз жыл істегесін Күлдән апай:
– Шәмшінің ауылына барып мәдениетін көтер! – деді. Апайдың айтқаны заң. Қызылқұм аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып туған жеріме оралдым. Көп ұзамай Шәмші маған:
– Күлдән апайға барып, сәлем беріп қайтайық. – деді. Бардық. Екеумізді жылы қабылдаған Күлән апай Шәмшіге қарап:
– Тұқаңды тағы да алып келіпсің ғой. Тағы да «повышения» ма? – деп әзілдеді. Қалжыңдары қандай жарасымды. Шәмші:
– Сізге рахмет айтайын деп келдік, апай. Бәсең жүріп бәйге алатын Тұқаңдай тұлпардың тұяғын облыстағы жүз жүйріктің ішіне қосып жібергеніңізге ризашылық білдіре келдім! – деді. Мәз-мейрам боп тарқастық. Былай шыққасын Шәмші маған бұрылып:
– Екі тізгін, бір шылбырды ұстадың, Тұқа. Отырардың атын қалай шығарасың? – деп сұраулы көзбен қарады да, онысына өзі жауап қайырғандай сөзін жалғады. – Ұлтты ұлт ететін де, ұлтарақ ететін де адам. Ұлттың ерекшелігі оның әдет-ғұрпы мен дәстүрінде. Аспандағы ай мен жұлдыздай жарқыратып айғақтайтын да оның өнері. Отырарда халық театры жоқ. Неге? Ұйымдастыр. Ұйытқы бол.
Шәмшінің сөзі қамшы болды ма қайдам, аудан өнерпаздарының басын біріктіріп Бейімбет Майлиннің «Жалбыр», Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясын қойдық. Кейінірек қырғыз драматургі Бексұлтан Жәкиевтің «Әке тағдыры» драмасын сахнаға шығарып, «Халық театры» атағын алдық.
Шіркін, Шәмші! Әулие ғой. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары өзінің туған жеріне кеп ең соңғы «Отырардағы той» деген әнін тарту етті де, көп ұзамай көз жұмды. Ақын Сабырхан Асановтың қаралы сөзін қайталап айтсақ: 1992 жылы «көктемге бір күн қалғанда» дүниеден озды. Кеңсай зиратындағы жерлеу рәсіміне қатыстым. Халықтың ұшы-қиыры жоқ. Ақан серінің Құлагерді жоқтағанындай жоқтап сөйледім. Сол жерде Роза Бағланова, Ғафу Қайырбеков, Базарбай Жұманиязов, курстастарым Рымғали Нұрғалиев пен Нұри Муфтих мені құшақтап, жұбатты. Кеңсайда Шәмші Қалдаяқов пен Бауыржан Момышұлының зираты қатар жатыр.
...Тұяқ ағам «Соңғы кезде сәл нәрсеге көңілім босап, жылайтын боп жүрмін» деді де көзінің жасын сүртті. Біз де жабырқап қалдық. Бағанадан бері баяндаған кісілерінің бірі жоқ қазір. Әлде өзін сораңда қалған соңғы тұяқтай сезінді ме екен? Атын атап, түсін түстеген айтулы тұлғаның бәрі тұлпар еді-ау! Тұқаң ше? Тұлпардың тұяғындай.
Қаншама сыр ақтарылмай қалды. Атақты партизан-жазушы Әди Шәріповтің туған қарындасы Күләйхан Шәріпова біздің Шәуілдірдің жігіті Қалжан Махатовқа тұрмысқа шығып, Жамбыл атындағы орта мектептің директоры болды. Тұяқ аға Күләйхан апаймен көрші боп, Әди ағасымен құдасындай құшақтасып, араласып жүрді. Оның өзі бір хикая.
Халқы үшін қабырғасы қайысқан мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ұйымдастыруымен 1964 жылы наурыз айында өлкелік (Жамбыл, Шымкент, Қызылорда) ақындар айтысы өтті. Мәдениет басқармасында аға инспектор болып жүрген жалынды Тұяқ жамбылдық Жақсылық Сәтібеков бастаған жас ақындарды ертіп Түркістан, Қызылқұм өңірін аралатып қайтты. Қазылар алқасының шешімімен Жақсылық бас бәйгені иемденді. Мәдениет саласының жілігін шағып, майын алатын майталмандық ісіне риза болды-ау сірә, Жұмабек Тәшенов сол жылы жас маман Тұяққа Шымкент шаһарының қақ ортасынан үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Оның өзі бір хикая.
Он бес жылдай ауданның ішкі саясаты мен идеологиясын басқарған уақытта және аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары болған кезеңдердегі хикаясы өз алдына. Елбасыдан Алғыс хат алып, елдің құрметіне бөленген Қазақстанның Мәдениет қызметкері.
Тұлпардың тұяғындай дүбірлі ғұмыр кешкен ағамызға:
– Ғұмырлы болыңыз! – дейміз.
Көпен ӘМІРБЕК