Боз кілем үстінде облыстың барлық қалалары мен аудандарынан келген 200-ге жуық балуан бақ сынады.
– «Сарыарқа барысы» турнирінде қазақ күресіндегі ережелерде қарастырылған барлық салмақ дәрежелері бойынша балуандар күресті. Ал «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу белдесулеріне қатысуға 16 спортшы өтінім берді, – деді сайыстың бас төрешісі Нұрмұхамбет Жайлаубай. – Қазір қазақ күресіне деген зор қызығушылық бар. Бұған «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» және «Еуразия барысы» сынды жарыстардың дәстүрлі түрде өткізілуі айрықша ықпал етіп отыр.
Жарыс қорытындысында 55 кило салмақта қарағандылық Нариман Тұтқұш қарсылас шақ келтірмеді. Нұра ауданынан келген Дінасыл Ысқақ 60 килоға дейінгілердің додасында алдына жан салмады. Қарағандылық Еламан Қуанбай 66 кило бойынша және 74 кило салмақта Төлепберген Қайырғали чемпион атанды. 82 кило салмақ дәрежесінде Марлен Жанғабай, 90 кило сынында Ерқанат Молдағұлов (Бұқар жырау) үздік шықса, 100 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Шахтинск қаласының атынан күрескен Әділхан Қайыржанұлы алтын медальға ие болды. Аса ауыр салмақта Ерназар Бенашевтің бағы жанды.
Ал «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу сынында өнер көрсеткендер арасындағы додада қарағандылық балуан Ержан Шынкеев бұл жолы да қарсылас шыдатпады. 2018 жылдың «Сарыарқа барысы» атанған ол енді Абай ауданының балуаны Ерсін Мұхаметжановпен бірге «Қазақстан барысы» турнирінде Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ