Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Бағдарлама – біздікі, көрнекіліктер – кеңес заманынан

821 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы оқу жылынан бастап еліміздегі мектептердің 5-7 сынып оқушылары жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқып жатқаны белгілі. 

Бағдарлама – біздікі, көрнекіліктер – кеңес заманынан

Әрине аты айтып тұрғандай, жаңа бағдарламаны оқыту үшін жаңа, заманауи оқулықтар мен көрнекілік құралдарының қажеттігі айтпаса да түсінікті. Көрнекілік құралдар демекші, жақында облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданына барып, сондағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепті аралау ба­рысында биология пәні ка­бинетіндегі 80-жылдардағы, кеңестік заманды еске салатын көрнекілік құралдарына көзі түсіп: «Биыл облыс қазынасынан білім саласына ғана 106 мил­лиард теңге қаржы бөлінді.

Бұл – жергілікті бюджеттің үштен бір бөлігі. Ал мектептердегі оқу құрал-жабдықтарының түрі мы­нау. Жауапты тұлғаларға тез ара­да қаражаттың жұмсалуына кешенді тексеру жүргізуді тапсырамын», деген-ді. Әрине мұндай көрнекіліктер жалғыз Тарбағатай ауданында ғана емес, облыстың өзге аудандарындағы мектептерде де болуы әбден мүмкін. Тексеру барысында ай­­қын­дала жатар. Егер оған дейін өңірдегі мектептер «аш пәледен қаш пәле» деп өздерінде бар көрнекіліктерден құтылып үл­гермесе. 

Тарбағатайдың аталған мек­тебінде көрнекілік құрал­дары ғана емес, білім ордасының өзінің де тозығы жетіп тұр. Ай­­мақ басшысы бұл оқу оша­ғына әуелі кешенді тексеру жүр­гізілетінін, содан кейін ғима­рат­қа жөндеу жұмыстары жасалатынын жеткізді.
Реті келгенде айта кетейік, қазір ауданның Ақжар ауылында 600 орындық мектеп пен 300 орындық интернат салынып жатыр. Бұл нысандар алдағы оқу жылында қолданысқа берілуі тиіс. 

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы