Жұмыс сапары барысында Сәтпаев, Жезқазған, Қарағанды қалаларының бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарын аралау жоспарланған, атап айтқанда: Елбасының тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Нұрлы мекен» шағын ауданы, «Ханум» макарон цехы, мамандандырылған азық-түлік өнімдерін шығаратын «Bayan» ЖШС. Премьер-Министр медициналық орталық негізінде облыстың денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысымен, қайта реттеу, МЖӘ және жекелеген қызметтер секторын дамыту жағдайымен танысады.
Б. Сағынтаев «Сарыарқа» АЭА аумағында шарлы крандар мен ілмекті арматура шығаратын «Бёмер арматура» ЖШС зауытын тексеріп, пайдаланудан шыққан көлік құралдарының металл сынықтарынан шойын, болат, алюминий, түсті металл қорытпаларын шығаратын «Recycling Company» ЖШС кәсіпорнына барады.
Жезқазғанда Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша өңірдің активімен және жұртшылығымен кездесу өткізеді.
Моноқалаларды дамытудың қазіргі қарқыны мен перспективалары, технологиялық жаңғырту, инвестициялар тарту, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру нәтижелері және «Бес әлеуметтік бастаманы» орындау тетіктері, соның ішінде өңірді газдандыру және Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» газ құбырын салу мәселелері қаралады.
Қарағанды политехникалық колледжін аралау қорытындысы бойынша облыстың студент жастарымен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру, оның ішінде білім алудың қолжетімділігін арттыру, студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту және жаңа тұрғын үй бағдарламасы мәселелері жөнінде кездесу өткізіледі.
Облыс активімен, ірі және шағын бизнес өкілдерімен кездесу Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру мәселелеріне арналады.
Еске сала кетейік, бұл биылдыққа ел өңірлеріне төртінші жұмыс сапары. Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Атырау облыстарында болып қайтты.
Анықтама: Қарағанды облысы — Қазақстанның негізгі өнеркәсіптік аймақтарының бірі. ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі — 49,5%, ауыл шаруашылығы — 3,2%, құрылыс — 2,8%, сауда — 12%, көлік және қоймалау — 6,9%, ақпарат және байланыс — 0,6%, жылжымайтын мүлік операциялары — 5,6%, басқалары — 19,4% құрайды.
Облыстың жүйе құрушы кәсіпорындары: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Евразиан Фудс» АҚ, «Қазорталықэлектрсым» ЖШС, «Central Asia Cement» АҚ, «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ.