Жуырда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» айтылған «7 – 20 – 25» бағдарламасы ендігі уақытта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен қатар жүретіні белгілі болды.
«7 – 20 – 25» пен «Нұрлы жер» бағдарламалары бір-біріне кедергі жасамай жүзеге асырылады. Инвестициялар және даму министрлігінің хабарлауынша, кейінгі бағдарламаны іске қосуға байланысты «Нұрлы жерге» бірқатар өзгерістер енгізілмек.
«7 – 20 – 25» бағдарламасына қосымша инфрақұрылым қажеттігіне орай «Нұрлы жерге» өзгерістер енгізіліп жатыр. Сондықтан да осының аясында коммуникация, жол, газ, жарық, су және тағы басқа инфрақұрылым түрлерін жүргізуге байланысты қосымша жұмыстарды атқару жоспарланып отыр», дейді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Бағдарламаға қосымша өзгерістер енгізілгенімен, одан ештеңе алынып тасталмайды. Жеке тұрғын үй құрылысын, жалға немесе несиеге берілетін тұрғын үйлерді қолдауға бағытталған барлық тетіктер сақталады. Сондай-ақ құрылыс салушыларға субсидия бөлу арқылы қолдау көрсету де жалғасатын болады.
Министрліктің хабарлауынша, алдағы уақытта ипотека бойынша субсидиялау деңгейін төмендету мәселесі қарастырылып жатыр. Бұған дейінгі 10 пайыздық меже сақталады, 7 пайызын министрлік субсидиялайды. Бұл үдеріс «7 – 20 – 25» бағдарламасымен қатар жүргізіледі. Жаңа бағдарламаны қолдау мақсатында болмаса, қандай да бір түбегейлі өзгерістер болмауға тиіс.
Сонымен қатар алдағы уақытта тұрғын үй салынатын аудандардағы инженерлік коммуникацияларды қаржыландыру көлемі ұлғаймақ. Оның көлемін 80 миллиардтан 100 миллиардқа жеткізу көзделген.
Тағы бір айта кетерлігі, келесі жылдан бастап сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық тұрғын үй салу үшін республикалық бюджеттен жыл сайын 10 миллиард теңге шамасында қаржы бөліп отыру жоспарланып отыр. Бұл әр жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған тағы 1 мың отбасының баспаналы болуына септігін тигізеді.
Инвестициялар және даму министрлігінің хабарлауынша, әкімдіктер салатын үйлердің бағасындағы жеңілдіктер бағдарламаға қатысушылардың құлшынысын арттыруға тиіс. Баспананың шаршы метрі өңірлерде 140 мың теңге болса, Астана мен Алматы, Атырау мен Астана сынды пәтер қымбат қалаларда 180 мың теңгені құрайды. Салынған үйлер банк салымшыларына 3 ай ішінде сатылады.
«7 – 20 – 25» бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бағдарламаның жүзеге асырылу тетіктерін алдағы айларда Ұлттық банк бекітуге тиіс. Бұған дейін хабарланғандай, оған ай сайынғы тұрақты табысы бар еліміздің кез келген азаматы қатыса алады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ел экономикасының толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндеті жүктелгені мәлім. Ал баспанамен қамту бағдарламасы құрылыс секторына тың серпін беруге тиіс екені анық. Халыққа пәтер алу үшін 7 пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық несие беру елімізде тұрғын үй құрылысының дамуына серпін берері сөзсіз. Еліміздегі ІЖӨ-ның 6 пайызы құрылыс секторының еншісінде. Мамандардың пайымдауынша, жаңа бағдарламада қарастырылған тетіктер бұл көрсеткішті 10-12 пайызға дейін арттыруға тиіс. Сондай-ақ құрылыс секторының қарқын алуы басқа да жанама салалардың жандануына, қосымша жұмыс орындарының ашылуына әсер ететіні түсінікті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Нұрлы жермен» қатар жүргізілетін «7 – 20 – 25» бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылуы тиіс. Оған дейін ұлттық банк пен басқа да тиісті органдар жүйелі жұмысқа қажетті барлық тетіктер мен талаптарды нақтылауы керек.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»