Заманауи техниканың озық жетістіктерін пайдалана отырып, жаңашыл көзқараста сарапталған қойылымның қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Қазақтың музыка өнерінің інжу-маржаны саналатын «Біржан-Сара» операсы жайлы сөз болғанда, ең әуелі қазақтың шын мәніндегі бірінші профессионал композиторы Мұқан Төлебаев пен либретто авторы Қажым Жұмалиевтің шығармашылықтың үздік үлгісін танытқан ғажайып тандемін айтпай кету, әсте, мүмкін емес. Алғаш рет 1946 жылдың 7 қарашасында тұсауы кесілген қойылым көпшілік көрермен мен музыка мамандары тарапынан үздік деп танылып, 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Міне, содан бастап аталмыш операның сахнадағы жолы сәтімен жалғасып, талай ұрпақты ұлттық музыканың бесігінде тербеп келеді. Жақында ғана «Астана Опера» театрында тұсауы кесілген «Біржан-Сара» операсының кезекті премьерасы да осы ойымызды қуаттай түседі.
2013 жылдың 21 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының өз шымылдығын аталмыш туындымен түруі тегін емес. Енді, міне, араға тура 5 жыл уақыт салып «Біржан-Сара» операсы «Астана Опера» сахнасында қайта жанданды. Қойылым режиссері Асхат Маемировтің айтуынша, бұл «Біржан-Сараның» бұрынғысынан басты айырмашылығы – заманауи техниканың озық үлгілері барынша ұтымды пайдаланыла отырып, классикалық туындының жаңашыл көзқараста сарапталуында екен. Қоюшы дирижер Абзал Мұхитдинов, кеңесші режиссер – Беларусь Үлкен театрының бас режиссері, Ғ.Тоқай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Панджавидзе, балетмейстерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Т.Нұрқалиев, А.Тәти, қоюшы суретшілер мен сценографтар – С.Тасмағамбетова мен П.Драгунов қатысқан шығармашылық жұмыс өзінің ерекшелігін де қоса ала келіпті.
– «Біржан-Сара» операсы әрдайым қазақ опера өнерінің орасан зор жетістігі болған. Жаңа технологиялық мүмкіндіктер, М.Төлебаевтың керемет музыкасы, екі дарынды жастың өшпес махаббат тарихы арқасында, бүгінде бұл операны әлемдік опера өнері тұрғысынан қарастырып, бағалауға болады. Спектакльді қойған кезде, ең алдымен, сазгердің баға жетпес әуенді сыйы негіз болған музыкадан бастау алдық. Жаңа музыкалық сахналық редакцияда сценография, режиссерлік табыс пен музыка сәтті үйлесім тапқан, меніңше, бұл «Біржан-Сара» операсын «Астана Операның» айрықша қойылымы етеді, – дейді қойылым режиссері Асхат Маемиров.
Қойылымда Біржанның партиясын – көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Мейір Байнеш пен Бейімбет Таңарықов, Сараны – Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы және Жаннат Бақтай, Жанботаны – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев пен Талғат Мұсабаев, Аналық бейнесін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина және халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлжанат Сапақова, Алтынайды – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова мен Айзада Капонова, Жиенқұлды – Ержан Саипов және Азат Мәлік, Қожағұлдың партиясын – Шыңғыс Расылхан және Евгений Чайников бастаған талантты әншілер шоғыры орындайды.
Той-думан көрінісімен басталған опера бірден көрерменнің қиялына қанат бітіреді. Шымылдық ашылғаннан-ақ пайда бола кететін жәрмеңкенің қайнаған қанбазары, ән-жырға толы думанды орта, өнерге құштар тойшыл қауым, дарынды халық зергерлері мен шебер қолөнершілер, цирк өнерінің хас шеберлері мен әккі саудагерлер сахнасы өзінің шынайлығымен, дәуір келбетін нанымды жеткізуімен айрықша есте қалды. Тіпті, шығарма түпнұсқасындағы молдалар бейнесінің қойылымның жаңаша оқылымына сай билер рөліне ауысуы да өз бедерімен шынайы һәм қызықты.
Өнер туындысының басты ерекшелігі – сахна сценографиясы мен костюм үлгілері. Бір ғана қойылым үшін суретші-сценографтар – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың қиялынан туған 400-ге тарта сахналық киім өзінің айрықша салтанатымен жаңа қойылымның сәнін кіргізді. Ал сценография жайлы айтылар әңгіме бөлек. Көптонналы ультра заманауи декорациялар әзірленіп, театр сахнасына шынайы сарқырама құлайтын тау тұрғызылды. Италиядан арнайы шақырылған маман Серджио Металлидің бейнепроекциялары мен 3D-технологияны пайдаланудың арқасында сахнада айрықша салтанат түзген табиғат пен тұрмыс көріністері де өзінің жарқындығы һәм шынайылығымен көңілге берік бекіді. Ең бастысы – тамаша музыка, солистердің кәсіби кемелденген керемет дауысы мен үйлесімді оркестр үні көрерменге естен кетпес әсер қалдырды. Ол – сөзсіз!
Әйтсе де, кейбір тұста режиссерлік мақсаттың айқындалмауы мен басты кейіпкерлерге көпшілік сахна тарапынан екпіннің дұрыс қойылмауы, әсіресе, Біржан (Мейір Байнеш) мен Сараның (Майра Мұхамедқызы) шығатын тұстары өзге әншілерден дараланбайды. Соның салдарынан да Алашқа аты мәлім Біржан салдың әншілік, серілік, қайраткерлік болмысының ерекшеліктері толыққанды ашылмай, әлі де бір қайнауы ішінде кеткендей өз деңгейінде көңіл тұшынтпады. 22 жылдық сағынышпен жеткен Майра Мұхамедқызының Сарасынан да аһ дегізерлік бейне көре алмадық. «Ла-Скала» театры сахнасын әуезді әнімен бағындырған ғаламат дауысты әншінің дәл осы қойылымда, өкінішке қарай, мүмкіндігі толыққанды ашылмаған. Себебін тағы да рөлдің сахналық мақсаты мен міндетінің айқындалмауынан деп түйдік. Ал, керісінше, қойылым соңында Біржанның анасы Аналықтың жоқтауы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзинаның орындауында жүрекке жетті.
Бас-аяғы 7 айдан астам уақытта дайындалған опера қай жағынан келгенде де өзінің жаңашылдығымен ерекшеленеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, ол әсіресе сахна декорациясы мен сценографиясында айқын аңғарады. Сахнаның серігі – сұлулық десек, сол сұлулыққа біз тамашалаған «Біржан-Сара» операсы айқын дәлел. Алғашқы көріністегі өнер жәрмеңкесінің той-думанға толы қызығынан бастап, Көкшетаудың аласа шоқылы қарағайлы таулары бедерленген сұлу табиғаты, Сараның Жиенқұлға ұзатылар сахнасындағы киіз үйдің салтанаты – барлығы-барлығы өзіндік әсемдігі һәм шынайлығымен тәнті етті. Сахна салтанатына ғаламат мерекелік көңіл күй үстейді.
Қазақ операсының шыңы саналатын ұлттық музыкамыздың інжу-маржаны – «Біржан-Сараның» заманауи үнде көрерменімен қайта қауышуы өнер әлемінің үлкен жаңалығына айналғаны сөзсіз. Қойылымдағы қаншама ғажап көріністер: Біржан мен Сараның айтысы, жеке айтылатын ариялар мен ариозалар, жар-жар, би көріністері, қосыла шырқалатын дуэттердің қай-қайсысы да өзінің кәсіби жеткізілуімен һәм ұлттық өнерімізді келешек ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған ыждаһатты ұмтылысымен көңілге құрмет орнықтырды. Шымылдық артына жасырынған бірнеше айға созылған маңдай тер еңбек дәл бүгін өз нәтижесін берді. Оны көрерменнің толассыз соғылған шапалағы мен өнерпаздарға бағытталған шексіз ықыласынан анық сездік.
Сондай-ақ, қойылым барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім еткендей, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-сара» операсы 20-30 шілде аралығында Астананың 20 жылдығына арналған халықаралық опера фестивалінде Open Air форматында ашық аспан астында өнерсүйер қауым назарына ұсынылады деп жоспарлануда. Астана халқы мен қала қонақтары үшін бұл көрсетілім айтулы өнер оқиғасына айналады деп күтілуде.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»