Қалай болғанда да бір жатақханада бірге жатып, бір орында бірге оқып, одан кейінде де тағдыр тағы табыстырып, бір ортада бірге еңбек еткен адамның жаныңа жақындығы бөлек қой. Ал ол бүкіл әлем мойындаған әйгілі тұлғаға айналса да арадағы кешегі сыйластық қатынасты сақтаудан айнымаған азамат болса, құрметіне шек жоқтығы шындық. 50-ші жылдар аяғында әрқайсымыз Қазақстанның әр түкпірінен алыстағы Днепродзержинск техникалық училищесінде бас қосып, мамандық меңгеріп, Теміртауға оралғанда да жұбымыз жазылмаған шоғырлы топ мүшелері Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырмалдыққа, жолдастыққа адал қасиетін жақсы білуші едік, соған әлі де беріктігі тәнті етеді. Кішіпейілділік, қарапайымдылық үлгісі жүрегімізді толқытып, мерейімізді тасытады әрдайым.
Осы күндердегі қуанышты оқиғалар мәні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының Елбасына «Халық Қаһарманы» атағын беруге мүмкіндік туғызатын тиісті заңдарға түзету енгізуімен тіпті мәртебелене түскендігін біз зор ризалық сезіммен қарсы алдық. Бұл бүкілхалықтық тілек еді. Еңбек жолын металлург мамандығының ең ауыры да қадірлісі горновойлықтан бастап, сол кездің өзінде-ақ батылдық, қайраттылық қасиеттерімен танылған болашақ Президентіміздің Тәуелсіздікке қолымыз жеткен шақтан ел басқарудағы салиқалы, көреген саясатының жемісі қазір баршаға аян. Осы уақыт аралығында Нұрсұлтан Әбішұлына жас мемлекетті биікке көтеру оңай болмағанымен, табандылық мен талапшылдық соны жеңдіргеніне өмірдің өзі куә. Жиырма жылда жаңарып-жасарған, келешегі кемел ел іргетасын қалау, әлемге таныту ерен еңбек пен ерліктің айқын көрінісі екені даусыз. Мұны бағалаған Сенат шешімі дұрыс деп білеміз.
Халқымызда «Елді ер теңестіреді» деген сөз бар. Еліміз іргелі елдермен теңесті. Теңестірген – Нұрсұлтан Назарбаев. Ондай ерге қандай биік құрмет те лайық. Сондықтан «Халық Қаһарманы» атағын беруге қолдау көрсетілуі әбден орынды.
Алтынбек АСАНОВ, ардагер металлург.
Теміртау.