Қоғам • 26 Сәуір, 2018

Режиссер Болатбек Шам­бетов сатира театрын ашты

325 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінің мәдени өмі­­ріне қатысты жас буын түгіл үл­кен­дердің өздері біле бермейтін қат­парлы тұстар аз емес. Мысалы, бәз­біреулер қазақ театрының бастауын қос ғасыр тоғысында отау тіккен С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрымен байланыстырады. Бұл – түбірімен қате байлам. Өткен ғасырдың 30-жылдары ұлттық драма театры құрылып, бірнеше жыл жемісті жұмыс істегенін еске салып қою артық болмас. 

Режиссер Болатбек Шам­бетов сатира театрын ашты

Сол сияқты 90-шы жылдары облыстық «Ленин туы» (қазір «Солтүстік Қа­зақстан») газетінде қызмет еткен жас журналист Жарқынбек Әлім­бетовтің ұйымдастыруымен «Жаңаша» ойын-сауық отауы ша­ңы­рақ көтеріп, жұртшылық әр қо­йы­лымын асыға күтетін мәдени орын­ға айналғанын қайтіп қана ұмы­тармыз? Әзіл-қалжыңға, уытты күлкіге толы туындылардың ара-арасына термелерді, халықтық, дәстүрлі әндерді, күйлерді, айтыс қойылымдарын сыналап кіргізіп, репертуар тотықұстай түрленіп оты­ратын.

Шашубай Малдыбаев аға­мыз әріптес інісін қолдап, талай-талай сәтті режиссерлік шешімдер жасады. Құрамында Аманкелді Мәукенов, Ерназар Ыбыраев, Күннар Қабдөшева, Кәмила Әлібаева, тағы басқа жергілікті өнерпаздар бар топ еліміздің бірқатар облыстарына, Ресейдің шекаралас аймақтарына гастрольдік сапарларға шығып, талғампаз көрермендерді қазақы қалжыңға қарық қылып жүрді. Осылайша өмірде де, өнерде де ойып тұрып орын алған әзіл әлемінен біраз уақыт көз жазып қалғанымыз белгілі. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бел­ді актері әрі режиссері Болатбек Шам­бетов сатира театрын құрып жатыр дегенді естіп, «жақсыны білмек үшін» деген ниетпен жолығып, аз-кем тіл­дескен едік.

– Сатира театрының «Теріскей» деген атауы құлаққа жағымды естіле­ді екен. Оны құру идеясы қалай туды?

– Жұртшылық арзан, ыржақай шоу­лардан мезі болған сықылды. Кез келген телеарнаны ашып қал­саң, ой саларлық ештеңесі жоқ, табиға­тымызға жат көріністер андыздап қоя береді. Әрине көпшілікке тас лақ­тырудан аулақпын. Десек те шетелдерге еліктеуден, солықтаудан туған татымсыз қойылымдар жастардың сана­сын улап, ұлттық нақыштан ажыратып бара жатқаны мәлім. Кейде рөл­ді сомдап жүрген әртістердің өздері неге мәз болып жүргендерін түсін­бейтіндей әсер қалдырады. Актерлік шеберлік, қарым-қабілет өз алдына, меніңше, ең бастысы, бү­гінгі күннің өткір мәселелерін, толғақты проблемаларын астарлап­ та, ишаралап та, тікелей де жет­кізетін салмақты, мазмұнды репер­туарлық шығармалар тапшы. Екіншіден, езуіңе мысқыл үйіретін, жағымсыз құбылыстарға жиіркеніш тудыратын ойлы сатираны адамдар теледидардан ғана емес, жергілікті жерлерде тікелей тамашаласа деген ойды ұстандық. Мұның өзі көңіл көтерудің, жақсы дем алудың, мәдени орта қалыптастырудың, үлгілі қарым-қатынас жасаудың игілікті шарасы болар еді.

– Жұртшылықты күлдіреміз деп жү­ріп бүлдіріп алып жүрмейсіңдер ме?

– Осыдан он бес шақты жыл бұ­рын облыстық телеарна жанынан «Ойпырмай» атты әзіл-сықақ бағдар­ламасының ашылуына ұйытқы бол­ған едім. Аз-кем тәжірибеміз бар. Оның үстіне жаңа театрға бірқатар та­лантты, талапты әріптестерімді тар­тып отырмын. Қалалық мәдениет үйінен орын беріліп, барлық жағдай туғызылды. Келешекте 500 орынды қазақ театры бой көтерсе, өрісіміз кеңейетін болады.

– Бүгінгі күн сатирасының мәнін қалай түсі­несің?

– Қазіргі көрермендердің тал­ға­мы да, көзқарасы да мүлдем бө­лек. Сатира да тәрбиенің маңыз­ды құралы. Ол тек күлкіден тұрмай­ды. Астарында салмақты ой, әлеу­мет­тік астар жатуы керек. Кей жағ­дай­ларда сатираның рухани күш бе­ретін, жақсы көңіл күй сыйлайтын құдіретін әркез есте ұстаған абзал. Іздене білгенге нысанаға ілігетін тақырыптар жетіп-артылады. Қазақ сатира тарландарының шығармаларын парақтайтын болсақ, бүгінгі күнмен үндес, маңызы бір мысқал кем емес туындылар аз емес. Жергілікті авторлармен де байланысымыз жақсы. Өңір тұрғындары тырнақалды бағдарламаны, алғашқы қойылымды жуық арада тамашалайтын болады.

Бір сөзбен айтқанда, табиға­ты­мызға жақын қазақы әзіл-қалжың­дар­ға көбірек орын беретін боламыз.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы