Онда Алматының Жандосов, Тәжібаев көшесі бойында және №20-22 линия бойында орналасқан №3 сақ қорғанының 2 мың жылдық тарихы бар екенін және өзі көрген қорғандардың ең көнесі дегенді айтады.
«Мәйіттердің сүйегі және онымен бірге жерленген заттардың сақталу деңгейі оның өте ерте замандарға тиесілі екенін көрсетіп тұр. Алматыда өте ерте замандарда сақ патшалары мен көсемдері жерленетін пантеоны болуы әбден мүмкін. Себебі сақ қорғандары өте көп және бір-біріне жақын орналасқан. Бұл деректі жүйелі түрде зерттеу керек» деген батыл тұжырым бар.
Осыдан екі жыл бұрын дүниеден өткен Бекмұхамбет Нұрмұхамбетов те КСРО археологтарының Есік қорғандарына кешенді түрде назар аударуына Алматыдағы қорғандардың көп болуы себеп болғанын талай рет айтқан. Өткенде «e-gov» жүйесінің «Ашық үкімет» бөлімінде «Алматы қаласы әкімдігінің 2010 жылдың 10 қараша күні қабылдаған тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштер туралы №4\840 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасы жарияланды. Арнайы комиссияның талқылауына ұсынған құжат жобасында назарымызды аударған тұсы – Жандосов, Тәжібаев және №20-22 линия бойында орналасқан №3 сақ қорғанын тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштер тізімінен алып тастау туралы ұсынысы.
Алматы қаласы тарихы музейінің ғылыми қызметкері Мұрат Нұрпейісов №3 сақ қорғаны 2010 жылы тарихи ескерткіш ретінде бақылауға алынса да, қазба жұмыстары 2015 жылы басталғанын айтады. Қорған тарихын қойнауына бүгіп жатқан жер иесімен арадағы ұзақ келісімдерден кейін ғана қазба жұмыстары басталған. Қорған біздің дәуірімізге дейінгі VII-V ғасырға тиесілі екені қазба жұмыстары нәтижесінде анықталыпты.
«Қазба жұмыстарын жүргізген кезде екі қапталдан геометриялық форманың ізі қазірге дейін байқалады. Сақ көсемдері жерленген жер екенін қорымның аумағы мен құрылымның өзгешелігі дәлелдеп тұр. Жалпы, қазақ жеріндегі қорғандардың тоналуы өте ерте замандардан басталған. ХVIII ғасырда қорғандардан табылған алтын бұйымдарды Ресей патшасы мен оның айналасындағыларға сыйлық ретінде беру дәстүрге айналыпты. Тек ХIХ ғасырдан бастап қасиетті орын деген көзқарас қалыптаса бастаған», – дейді Мұрат Нұрпейісов.
«Алматыдағы Сақ қорғандарының концентрациясы, жерлеу атрибуттарына қарап ерте замандарда, тіпті темір дәуірінде қазіргі Алматының бір бөлігі Египеттегі Өлілер патшалығына ұқсас қасиетті орындар болған, сақ патшалары немесе олардың үзеңгілес серіктері, туған-туыстары сол орындарға жерленген деп болжам айтуға болады», – дейді зерттеушілер.
Бұл іспен айналысқан археологтар Алматыдан табылып жатқан қорғандарды толықтай сақтап қалатынымызға сенбейтінін айтады. Себебі бізде тарихи, сакральды мәдени орындарға бару немесе мәдениеті деген түсінік әлі қалыптаспапты.
«Тарихи ескерткіштерге, қорғандарға бұлай бейжай қарауға болмайды. Егер оларды сақтап қалғымыз келсе, ешнәрсеге тиіспейік. Бұл жерде ешқандай шоу ұйымдастырудың қажеті жоқ. Ата-бабаларымыздың қасиет тұтқан жері. Тек қоршап қояйық. Замана көшінен түсіп қалмай бізге жеткенінің өзін тарихтың қалауы деп түсінетін кез келді. Біз арғы замандарда өмір сүрген адамдардың сеніміне құрметпен қарауды үйренейік», – дейді Мұрат Нұрпейісов.
Гүлбаршын САБАЕВА
Алматы