Әсіресе шаштараз, тырнақ пен кірпік, қасы-көзін сұлуландыруға ниетті нәзік жандылардың аталмыш қызмет түрлеріне сұранысы артады. Талғампаз арулардың көңілінен шығу үшін косметолог, визажист мамандар да аз ізденбейтін көрінеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз шаштараз Айзада Таласпекова – дәл сондай маман: өз ісіне жай ғана кәсіп түрі емес, шығармашылық жұмыс деп қарайтын санаулы шеберлер қатарынан.
Айзаданың қызметіне тек жастардан бөлек, балалар мен қарттар да жиі жүгінеді. Себебі ол – өз ісін сүйетін кәсіби маман. Қызметіне жүгінетін әр тұтынушысына ерекше ыждаһатпен қарайды. Тіпті қолынан келгенше қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетіп, үнемі сауапты істердің басы-қасында жүруге тырысады. Кезекті клиентін жасандыруға кіріскен Айзада: «Адамдарға жақсылық жасаудан жаным рахаттанады» дейді жымиып. Бұл – оның сөз ретіне қарай айтыла салған лебізі емес, шын мәніндегі жанының қалауы. Оны әрдайым ісімен де дәлелдеп келеді.
* * *
– Қызым, шаш қию қанша тұрады?
– Шаштың ұзындығына байланысты, апа?
– Менің шашымның ұшын тегістеп қиюға қымбат алатын шығарсыңдар?
– Сіз қаншаға қидырғыңыз келеді, солай болсын!
Жымия тіл қатқан жылы жүзді келіншектің сөзіне риза болған қария алғысын айтып, шаштараздың орындығына жайғаса берді. Рахметін айтып, батасын беріп кететін мұндай қарт клиенттер Айзадада өте көп.
– Мен ата-анамнан ерте айырылғанмын. Оның үстіне екі қызымды бір өзім өсіріп жатқан жалғызбасты анамын. Тұрмыстың тауқыметі мен ақшадан таршылық көру дегенді жақсы түсінемін. Сондықтан да көмекке мұқтаж жандарға барынша көмек қолын созып, жәрдемдескім келіп тұрады. Жақында осы ойымды жүзеге асыруға керемет мүмкіндік туды. Жеке сән салонымды ашқаннан кейін, аптаның әр сәрсенбісі сағат 10.00-13.00 аралығында қарттар мен балалар үйінің тұрғындарына, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетемін. Тіпті кейбір мекемелермен арнайы келісімшарт та жасасып қойдық. Енді жеке басы мен әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттарын көрсеткен кез келген адам әр сәрсенбі сайын шашын тегін қидырып, сәндей алады, – дейді шаштараз Айзада.
* * *
Рас, жаңа заман әйелдердің қоғамдағы орны мен міндетін, қызметін басқа жауапкершілік бедерінде бейнеледі. Бүгінде нәзікжандылар тек шалбар киіп, көлік жүргізіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымен ғана шектелмейді, тіпті кейбір отбасыларда жас аналар әке мен ана рөлін қатар атқарып, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеуге мәжбүр. Яғни бір отбасының бар ауыртпалығын Айзада сияқты арулар жалғыз өзі қайыспай көтеріп келеді. Сол себепті де осылай жеке кәсібін ашып, соның қиындығын күн-түн демей еңсеруге дайын. Мұның барлығы да – балаларының бақытты болашағы үшін. Айзаданың да өз жеке кәсібін ашып, осылай шаштараз болуының астарында негізінен жеткіншек екі қызын ешкімнен кем қылмай жеткізсем деген аналық асқақ арман жатыр. Сондықтан да ол ер-адамның кез келгені көтере бермейтін қиыншылықты мойымай жеңіп келеді. Әйтсе де, оны ер адамның жұмыс істеу әдісінен ерекшелейтін бір қасиеті – мейірімі. Қайраткерлік биігіне көтерілген әйелді де, бала тәрбиесімен үйде отырған ананы да бір арнада тоғыстыратын күш ол – осы мейірімі. Біз кәсібімен танысып қайтқан Айзаданың жұмысы да әйел табиғатына, әйел әлеміне тән осынау қасиетімен ерекшеленеді.
* * *
– Көктемді – әйелдер маусымы деп бекер айтпайды ғой. Көктеммен бірге әйелдердің де сұлулыққа деген құштарлығы артады. Демек, біздің де жұмысымыз көбейеді, – деп кезекті клиентінің шашын сәндеуге кіріскен маман қыз-келіншектерден шаш күтіміне қатысты кәсіби кеңесін де аямады. – Әр адамның жас ерекшелігі мен мінез-құлқы, табиғатына сай шашын да әртүрлі өңдейміз. Десек те, бүгінде қыздардың шаш қиюға қарағанда, оны өсіруге деген ниеті, қызығушылығы көбірек. Сондықтан да бізден шаш күтіміне қатысты кеңес сұрап, қызметтің осы түріне жүгінушілердің қатары көп. Қазір химиялық сәндеу мен шашты қатқыл, қанық түспен бояуға қарағанда, неғұрлым табиғи түске деген қажеттілік байқалады. Сондай-ақ қыз-келіншектердің шаш бояуда ашық түстерге де ықыласы басым. Әсіресе биылғы көктемде түбі қою болып, ал ұш жағы ақшыл бояуға ауысатын омбре деген шаш бояу үлгісі сәнде. Шашын осы стильде өзгерткісі келетін арулар өте көп.
Ал шаш күтіміне қатысты айтатын болсақ, бұл – өте үлкен жұмыс. Әрбір қыз-келіншектің шашын бояу мен қиюы өз алдына, оның табиғи күтіміне де ерекше көңіл бөлгені дұрыс. Табиғи күтілген шаш кез келген бояудан артық жылтырайды. Сондықтан да үй жағдайында шашқа жұмыртқа, айран, майонез, сондай-ақ әртүрлі майлар мен дәрумендерді пайдаланса, шаштың мезгілсіз ұшталып кетуі мен құрғауы, түсуі азаяды. Мәселен, күнделікті пайдаланатын сусабынға дәрумендер кешенін қосып та күтім жасауға болады. Ол қатарға В3, В6, В12, Е, мумия, зәйтүн майы кіреді. Бұл заттардың барлығы дәріханада сатылады. Осыларды пайдаланып, шашқа сапалы күтіп жасауға әбден болады. Сондай-ақ тарау арқылы бас құйқаларына массаж жасап, шаштың түсуін азайтуға болатынын баса айтқым келеді. Ол үшін ағаштан жасалған тарақтарды пайдаланған өте тиімді. Шашты күніне 100 рет тігінен және тура сонша рет кері бағытта тарау оның түсуін азайтуға септеседі. Осындай процедураларды жүйелі түрде күнделікті түрде жасап отырса, шашыңыз ерекше әдемілікке ие болып, жылтырап көз жауын алатын болады, деп кейіпкеріміз қыз-келіншектерге өзінің кәсіби кеңесін берді.
Шынымен де, әйелге нәзіктік пен сұлулық сыйлауда күтілген шаштың айрықша әсері бар. Әсіресе ұзын, табиғи шаш аруларды ерекше тартымды етіп, көп ішінен даралап көрсетеді. Сондықтан да ықылым заманнан-ақ ата-бабаларымыз қыз баласының шаш күтіміне ерекше мән берген. Қымыз, айран секілді табиғи өнімдерді пайдалана отырып, қыздардың шашының ұзын әрі сәнді болып өсуіне жағдай жасаған. «Шаштарын бес күн тарап, он күн өрген» деген әйгілі ән мәтініндегі бұл тіркес те осы сөзімізді бекіте түседі. Бүгінде техниканың дамып, шашқа күтім жасаудың заманауи әдістері енді демесеңіз, маман сөзінен байқағанымыздай, шаш күтімінің түп-тамырында сүт, айран, табиғи шөптерден жасалған тұнбалар және тағы басқа табиғи өнімдер жатады екен. Ұсынылған осы кеңестерді аруларымыз күнделікті өмірде жүйелі пайдаланатын болса, сөз жоқ, нәтиже беретіні анық. Әйелге әсемдік жарасады...
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»