Өнер • 26 Сәуір, 2018

500 домбырашы Құрманғазының күйін орындайды

367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні 500 домбырашыдан құралған оркестр «Бәйтерек» мону­ментінің алдындағы алаңда Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйін орындайды. Флешмобты қазақ халқының мәдениеті мен музыкасын дамыту, жас­тарды патриотизм­ге тәр­биелеу мақ­сатын­да Ас­тана қала­сының мә­дениет және спорт бас­қар­масы ұйымдас­тырады. 

500 домбырашы Құрманғазының күйін орындайды

Елорданың 20 жылдығына орайластырылған «Ұлы Дала үні» атты ауқымды шараға музыкант ретінде де, көрермен ретінде де қатысуға болады. Ашық аспан астында өтетін мерекелік флешмоб кезінде қазақтың ұлттық музыкалық аспабының керемет үні жиналған қауымның жүрегін тербеп, рахатқа бөлейді.

Флешмобқа қатысу үшін dombyra-flashmob.kz сайтында тіркеуден өтіп, байланыс телефонын қалдыру керек. Айта кетейік, сондай-ақ сайтта шараның өткізілуіне неше күн қалғаны көрсетіліп отырады. Шара 1 мамырда сағат 15:00-де өтеді.

Сонымен қатар флешмобқа белгілі айтыскер ақындар да қатысады. Жандарбек Бұлғақов пен Сара Тоқтамыс қонақтарды өз шеберліктерімен тәнті етпек. Бұдан басқа, «NOMAD» инструментальды жобасы өзінің танымал композицияларын орындайды.

«Егемен-ақпарат»