Қазба байлық өндіру қарқынды жүргізілуі қоршаған ортаға, адам өміріне ешқандай зиян келтірмеуге тиіс. Осы ретте арнайы әлемдік стандарт бекітіліп, қауіпсіздік мәселесін жаһандық деңгейде реттеуді жүйелеу қолға алынған. Бұл туралы жиын барысында ERK Consulting (UK) Ltd. сарапшысы Джейн Джоуин толығырақ әңгімеледі. Оның айтуынша, стандарт бойынша кен орнын қазуға ниетті кәсіпорынға рұқсат қағазын алу қазір күрделеніп кеткен. Әсіресе АҚШ пен Еуропада арнайы зеттеу жүргізіліп, тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденсе ғана рұқсат беріледі екен. Оның өзінде бұл процесс 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Оған қоса инвестор құйған ақшаның жартысы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, зерттеу жүргізуге кетеді. Ал Қазақстанда аталған құжатқа қол жеткізу небары 2 жылдың ішінде жүзеге асады, кәсіпорын зерттеу жұмыстарына аса шығындала қоймайды. Осыдан барып түрлі түйткілді мәселелер туындайды, ең күрделісі жауапкершіліктің кімнің мойынына жүктелетіндігі белгісіз күйде қалады.
Форумда сөз алған «Республикалық кен өндіру және кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Николай Радостовец келер жылы елімізде жаңа Экологиялық кодекс әзірленетінін айтты.
– Осы орайда реформалауда маңызды рөл ойнайтын бірнеше мәселелерді атап өткім келеді. Біріншіден, Экологиялық кодекс кәсіпорындарға тек айыппұл салып қана қоймай, оларды қалдықтар көлемін азайтуға, ластануларды төмендетуге ынталандыруы керек. Біздің пікірімізше, бүгінгі күні экологиялық төлемдерді қолдану экологиялық жағдайды жақсартып, қалдықтар көлемін азайтуға бағытталмаған. Осыған байланысты, қауымдастық ретінде біз салынатын айыппұл сомасына кәсіпорындар өз бетінше экологиялық іс-шаралар қабылдауын қарастыратын нормалар енгізуді ұсынамыз. Қоршаған ортаның ластануынан болған залалды бағалау механизмі аса маңызды. Бұл ретте де экологиялық заңнама қаншалықты тиімді қызметтер атқаратыны жайлы сөз болып отыр. Қазіргі таңда құзырлы органның экологтары кабинеттерінен шықпай-ақ залал көлемін есептеп, компанияларға айыппұл сала алады. Бұл ең тиімді әдіс емес екенін айтқымыз келеді,– деді Н.Радостовец.
Парламент Мәжілісі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Галина Баймаханова қоғамдық институттар мен олардың ұстанымдарын күшейтудің, сондай-ақ сындарлы диалогтар құру арқылы оңтайлы шешімдер қабылдауға қолдау көрсетудің аса маңызды екенін жеткізді.
– Барлығымыз үшін жер қойнауындағы қазба байлықтарының ұзақ мерзімге жеткені, орнымен пайдаланылғаны маңызды. Сол себепті алдымен халықаралық тәжірибемен салыстыру арқылы геологиялық ақпарат жинау жүйесін қалыптастыру және оның жариялы, ашық болуын қамтамасыз ету керек. Бұған қоса кодекске және оның қолданылуы бойынша әр бабына сауатты түсініктеме беретін заңгерлер тобын құру қажет. Заңнаманы кәсіби заңгерлердің түсіндіруі аса маңызды. Сонымен қатар кодекс барлығына түсінікті болатындай терминологиялық сөздік дайындап, оны ағылшын тіліне аударуды қолға алу керек, – дейді ол.
Еліміздегі геология саласында бас-аяғы жүйеленбеген мәселелер мұнымен бітпейді. Г. Баймаханова мемлекеттің қолдауымен 2009 жылы «Қазгеология» АҚ құрылғанын, аталған қауымдастық геология саласына, мемлекеттік деңгейде алға қойылған міндеттерді шешуге келгенде осалдық танытқанын сынға алды. Оның айтуынша, өткен жылы жекешелендіруге берілген «Қазгеологияға» еліміздегі минералды ресурстарды толығымен қамтитын ақпараттық жүйе орнату, әлеуеті халықаралық аккредитациядан өтуге жететін зертхана салу үшін мемлекеттен қыруар қаржы бөлінген болатын. Ақша аударылғанымен бұл аталғандардың ешқайсысы іске аспаған.
Саяси тұрақтылық – инвестор үшін басты талап
Жиында сөз алған GPW саяси тәуекелдер бөлімінің жетекшісі Ливия Паджи жаһандық геосаяси ахуалдың кен өндірісіне ықпалы жайында баяндама жасады. Goldman Sachs зерттеуінің қорытындысын негізге алған ол әлемде кен өндірісі саласына қатысты шешімдердің 70 пайызы жер астындағы қазба байлықтарға байланысты емес, керісінше жер бетінде орын алып жатқан саяси ахуалмен сабақтасатынын айтты. Оның айтуынша, инвестиция салуға қызығушылық танытқандардың 54 пайызы сайлау өтуі, халықтың наразылық білдіруі, саяси-экономикалық тұрақсыздық сынды жағдайларға баса мән береді. Кез келген инвестор үшін әуелі жаһандық геосаяси жағдай, саяси аренадағы соңғы өзгерістер, реттеу жүйесі мен ақпараттың ашықтығы аса маңызды болмақ. Әлемдік ауқымдағы саяси келіссөздердің нәтижесіз болуы, қақтығыстардың қарқын алуы, босқындар санының күрт артуы өз кезегінде кен өндірісіне деген қызығушылықтың төмендеуіне тікелей болмаса да жанама әсер етіп отыр.
– Кен өндірісі мемлекеттің саяси жүйесімен етене байланысып жатқан сала. Шетелдік инвестор инвестиция салар алдында елдің ішкі саяси ахуалына, тұрақтылығына баса мән береді. Егер жағдай кері кетіп, сауда нарығында күтпеген ахуал орын алса ше? Ондай оқиғаларды жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, Ресейге салынған санкцияның салдарынан «Русал» алюминий зауыты құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл жағдай сауда нарығындағы ойыншыларды бейжай қалдырмайтыны анық,– деді Л. Паджи. Сарапшының пайымдауларынан бұған дейінгі дәуірлерде де саяси қысымның салдарынан сауда нарығындағы алпауыттардың есі екіге, түсі төртке бөлініп барып, қайта қатарға қосылғандығын байқайсың.
Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев Ресеймен жұмыс істейтін компаниялардың жұмысын әртараптандыру үшін мемлекеттік қолдау керектігін айтқан-ды. АҚШ-тың санкциясына іліккен ресейлік «Русал» компаниясына отандық ERG жылына 1 млн тонна алюминий шикізатын экспорттайды екен. Бұл келіссөз 18 жылға жасалған. Алда осы мерзімнің әлі үш жылы барын ескерсек, аталған мерзім ішінде шикізатты экспорттайтын жаңа бағыттар қажеттігі туындап отыр. Бұл түйткілді мәселенің шешімі − отандық компаниялардың өз қызметі мен бағытын әртараптандырып, Ресейден басқа да нарықтар табу. Т.Тоқтабаевтың айтуынша, келісімдер жыл соңында жасалғандықтан оны бұзып, басқа нарықтарға өнім сату мүмкін емес. Сондықтан тығырыққа тірелген «Русалға» экспортталатын көлем бойынша көмектесу жолдары қарастырылмақ.
Құнды қағазға құлшыныс аз
Біздің елде кен өндірісі саласына қаржы құю арқылы пайда табуға болады. Қазақстан қор биржасының акцияларын әлемнің кез келген валютасында сатуға, я болмаса сатып алуға мүмкіндік туғанын айтқан «Қазақстан қор биржасы» АҚ (КАSЕ) бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Қайрат Тұрмағамбетов нарықта 120 акция айналымда екенін еске салды. Оның айтуынша, акциялардың капитал нарығы 18,5 трлн теңгені құрайды. Өткен жылы жалпы құнды қағаздарға жасалған келісімнің сомасы 105,1 трлн теңгеге теңелген. Бірақ құнды қағаздар саудасымен айналысып, табыс табатындардың қатары өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Ол үшін көпшілікке қаржылық сауаттылық жетіспейді. Қазақстанда құнды қағаздар саудасымен айналысатындардың үлесі 1 пайызға да жетпейді екен, АҚШ-та бұл көрсеткіш 15 пайызды, Жапонияда 39 пайызды құрайды.
– Өз еліміздің ішінен инвестиция салатындар табыла ма деген сұрақ жиі қойылады. Иә, олардың қарасы қалың болмаса да, бар деп айта аламыз. Біздегі екінші деңгейлі банктердегі депозиттерге салынған қаражат 8 трлн теңгені құрайды. Бәрімізге мәлім, банктердегі жағдай үнемі тұрақты бола бермейді. Ал еліміздегі кен өндірісіндегі ірі компаниялардың Қазақстан қор биржасындағы акциялары 3 трлн теңгені құрайды. Бұл барлық құнды қағаздың 5,35 пайызы осы салаға бағытталғанын көрсетеді. Өткен жылы Қазақстанның түкпір-түкпірін араладық, кәсіпкерлермен кездестік. Менің түсінгенім, кәсіпкерлердің басым көпшілігі акцияның не екенінен хабарсыз. Тіпті биржа нарығын қалталылардың ғана сауаты жететін клуб санайтындары да бар екен. Бұл ойдан арылу керек деп ойлаймын. Шын мәнінде аталған сауда нарығында кімнің бағы мен бабы келісетінін уақыт қана көрсетеді. Біздегі шағын және орта кәсіпорындар іс бастау үшін банктерден кепілдік арқылы несие алуға уақыт жоғалтады. Сайып келгенде одан көретін пайдасы да шаш-етектен деп айтуға келмес. Ал биржа алаңында жағдай әлдеқайда жеңіл, ұтымды шарттарға келісім жасауға болады. Кен саласындағы отандық ірілі-ұсақты компанияларға сенім білдірген, қызығушылық танытқан инвесторлар үшін екі жаққа пайдалы жобалар жасауға мүмкіндік мол. Аталған саланың ісі өрге басқан уақыт 2013-2014 және 2016 жылдар еді. Қазір бұл көрсеткіш әлдеқайда төмендеп кетті,– деді Қ. Тұрмағамбетов.
Лондон қор биржасы Бейжің офисінің бас өкілі, Джон Эдвардс Лондон қор биржасында кен өндірісі бойынша 173 компания жұмыс істейтінін айтты. Оның 53-і тұтас зерттеу алаңын қамтитын, кен орындарын игеру бекітілген жүйе арқылы іске асатын, инвесторларға нақты ұсыныстары бар ірі кәсіпорындар екен.
Қазақ жерінің қойнауы толған қазба байлық екенін төрткүл дүние жақсы біледі. Оны игеруге ниеттілердің де қарасы қалың. Елбасы қазақтың қазынасы өз игілігіне жұмсалуы керектігін жиі айтады. Ол үшін геология саласының ой-қыры, қия-қалтарысын шолып, санда бар, санатта жоқ жос-
парларды, тиімсіз жобаларды шектеу қажеттігі туындап отыр. Шетелдік тәжірбие мен заман талабы аталған салада да жаңашылдықтың керектігін ұқтырады.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»