Бүгінде көптеген этнос өкілдерін бір арнаға ұйыстырып, татулық пен бірліктің үлгісін көрсетіп отырған Жамбыл өңірі қай кезде де қазақы дәстүрді берік ұстанған, бабалар аманатына адал болған өлкенің бірі. Ал облыс орталығынан Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бой көтерген «Достық үйі» бұл күнде жүзі бөлек болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір азаматтардың ортақ шаңырағына айналды. Өткен жылы қыркүйек айында Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласындағы «Достық үйінде» болып, өңірдегі этномәдени орталықтардың жетекшілері және мүшелерімен кездескен болатын. Жамбылдық жұртшылық үшін тарихи оқиға болған бұл кездесу шын мәнінде достық пен ынтымақтың нағыз көрінісі еді. Кездесу кезінде Әулиеата жерінде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері Елбасының татулық мен ынтымақты қалыптастыру тұрғысындағы тағылымды әңгімелерін тыңдап, Президентке еліміздегі бүгінгі бейбіт заман үшін алғыстарын білдірген болатын. Бұл оқиғаның әрбір азамат үшін тарихи маңызының зор болғаны анық. Жамбыл облысы бойынша «Өзбек ұлттық этномәдени орталығының» президенті Бахром Муминов бізбен әңгімесінде Елбасымен кездескен тарихи сәттері туралы айтып берді.
– Мен Елбасымен алғаш рет 1997 жылы кездестім. Жамбыл облыстық «Өзбек этномәдени орталығының» сол кездегі президенті Гафур Касымов екеуміз Президентті әуежайдан қарсы алғандардың ішінде болдық. Одан кейін 2006 жылы Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының жиынында Елбасының алдында сөз сөйледім. Мен қазақ жерінде тұрамын, сондықтан да қазақ тілін білуді өзімнің азаматтық борышым деп есептеймін. Сол жиында қазақ тілінде сөйлегенімді көрген Нұрсұлтан Назарбаев «Өзбектің баласы, жарайсың!» деп ризашылығын білдірді. Елбасының осынау жоғары бағасы мен үшін ұмытылмас естелік, – дейді ол.
Осы оқиғадан бір апта өткен соң Бахром Муминов Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйытқы болуымен Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында өтетін Елбасының тәуелсіздік тағылымын баяндаған кітабының тұсаукесер рәсімінің делегаты болып шақыртылады. Сөйтіп ол алып мемлекетте өткен Елбасы кітабының тұсаукесер рәсімінің салтанатына қатысады. Бахром Муминов бұл жайдың бәрі де кездейсоқ емес, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде елімізде қалыптасқан татулық пен бірліктің көрінісі деп біледі. Сонымен қатар сұхбат барысында кейіпкеріміз әрдайым қазақ елінің өркендеуіне үлес қосуға дайын екенін әрі мұны өзінің азаматтық парызы деп білетінін жеткізді.
– Елбасымен әрбір кездесу мен үшін мақтаныш. Өткен жылы қыркүйек айында Президент Жамбыл өңіріне жұмыс сапарымен келіп, Тараз қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында өңірдегі этномәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесті. Оның ішінде мен де болдым. Сонда Елбасы халықтың бірлігі мен татулығы жөнінде тағылымды әңгіме өрбітті. Негізі біз ол кісінің жадының беріктігін, бір көрген адамын екінші көргенде жазбай танитынын көп естуші едік. Осы жолы өзімнің басымнан ерекше жағдай өтті. Бәрімізбен жылы амандасып, татулық турасындағы тәлімді әңгімесінен соң Елбасы маған бұрылып «Бахром, сен сөйле» деді жылы жүзбен. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әрі ол кісінің мені танып тұрғанына таңғалдым. Мен Елбасының әлем алдындағы биік беделін, мемлекетіміздің әлем мемлекеттері арасындағы айрықша ынтымағын және қазақ еліндегі татулық пен бірлікті қалыптастырудағы елеулі еңбегі үшін алғысымды айттым. Президент сонда келесі жылы Өзбекстанның Қазақстанда жылы жарияланатынын айтқан еді. Міне биыл Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың көрінісіндей болып, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы жарияланды. Еліміздің абыройы жыл санап артып келеді, – дейді өз сөзінде кейіпкеріміз.
Бахром Муминов ширек ғасыр бойы Жамбыл жерінде аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп келе жатқан кәсіпкер. Жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесу оның ұстанымына айналған. Әрі қазақ елінің дархандығы мен кеңдігін, парасаты мен пайымын бойына жинаған азамат үшін бұл бұлжымас қағида. Өткен жылы ол Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы аясында тұңғыш рет тапсырылған «Жомарт жан» Алғыс хатын иеленген. Сонымен қатар былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған. Елбасының қатысуымен Астана қаласында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысына Бахром Муминов әрдайым Жамбыл облысынан делегат болып қатысады. «Елбасының жамбылдық делегаттарға деген құрметі бөлек. Жылы шырай танытып, әрқайсымызбен амандасып шығады. Қазақ халқының кісілік қасиеті, адамгершілік ізгілігі Елбасының бойынан қашанда көрініп тұрады», дейді ол. Әрине Жамбыл өңірінде бірлік пен ынтымақты қалыптастыруда еңбек етіп келе жатқан азаматтар баршылық. Бәрі де бейбіт заманда баянды болашақ үшін аянбай еңбек етуге ниетті.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы