«МӘДЕНИ МҰРА» – ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ
![061211-24](http://old.egemen.kz/2011img/061211-24.jpg)
2004 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен жан-жақты қолдауымен толағай табыспен жүзеге асырылған бұл бағдарламаның еліміз үшін, халқымыз үшін бергені орасан зор. Бұл бірегей стратегиялық жоба қолға алынғалы бергі елімізде 30 ғылыми-қолданбалы және 40 археологиялық зерттеу жүргізілді. Олардың барлығы ғылымға мыңдаған артық артефакттар табыс етті.
Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу экспедицияларының нәтижесінде қазақ халқының тарихы, этнографиясы мен өнері бойынша 5 мыңнан астам аса құнды мұрағаттық құжаттар табылды. Тек Қытайдың өзінен үш жарым мыңға жуық Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің бұрын зерттелмеген деректері табылды. Олардың арасында қазақ хандары мен сұлтандарының Қытай, Қоқан, Хиуа және басқа іргелес жерлердің билеушілерімен жазысқан хаттары бар.
Арменияға экспедиция жасау барысында, атап айтқанда, М.Маштоц–Матенадаран атындағы ғылыми-зерттеу институтында, Ұлттық мұрағат және Хыпчахаванкт монастырінің мұрағатында (Қыпшақ монастырі, Харич қаласы) XIV-XV ғасырлардағы қыпшақ қолжазбалары табылды.
Моңғолияға жасалған археологиялық экспедиция ежелгі түркілердің жаңа қорымдарын табуға мүмкіндік берді. Моңғолия аумағынан табылған біздің дәуіріміздің VIII ғасырындағы тасқа қашалған көне түркілік руна жазуларының көшірмелерін дайындау экспедиция жұмысының іс жүзіндегі нәтижесі болды. Қазіргі уақытта Тоныкөк пен Теркіннің руна жазулары бар ескерткіштердің көшірмелері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғимаратына орналастырылған.
Еуропа мемлекеттерінің кітапханалары мен дипломатиялық мұрағаттарынан жүздеген жазба ескерткіштері анықталды. Атап айтқанда, Британия кітапханасына, Париж, Мадрид, Севилья, Флоренция мен Берлин Ұлттық кітапханаларына, Францияның Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық мұрағаты мен Ватиканның құпия мұрағаттарына ұйымдастырған ғылыми-зерттеу экспедицияларының нәтижесінде еліміздің ғылыми ортасына беймәлім 77 қолжазбаның көшірмесі мен 200-ге жуық басылым табылды. Олардың арасында Папа Урбан IV-тің Құлағу ханға жазған хаттары, Ватикан папалары мен Алтын Орда хандарының өзара хат алмасуларының көшірмелері, «Ас-сахат-Таурих» (Жалпы тарих, 1440 ж) қолжазбасы бар. Оның 12-ші тарауы түркі, моңғол, Темір ұрпақтарының шежіресі жазылған әлемдегі жалғыз қолжазба болып табылады. Сондай-ақ, «Қорқыт деде китабы» (1585 ж.) қолжазбасының бірегей көшірмесі алынды. Жан-жақты зерттеушілер үшін Омельян Притсактың «Қарлықтардан караханидтерге дейін» атты еңбегінің мәтіндері көшіріп алынды.
Бағдарлама аясында тарих пен мәдениеттің 73 ескерткіші қалпына келтірілді. Екі ескерткіш – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енді.
Дамаскідегі Әз-Захир Бейбарыс сұлтан кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қалпына келтіру жұмыстары барысында кешеннің барлық қабырғалары мен архитектуралық формалары нығайтылды, итальян мамандарын тарта отырып, мозаика мен өрнектік көркемдігі толықтай бастапқы сипатын тапты, 200 мыңнан астам раритет кітаптар жинақталған мұрағат қазіргі заманғы соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталды. Сондай-ақ, Қазақстан тарабы Каирдегі Бейбарыс сұлтан мешітін қалпына келтіру жұмыстарына қатысты өз міндеттемесін толығымен орындады. Дамаскідегі Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталықтың құрылысы жұмыстарының басым бөлігі жүзеге асырылды.
Тарихи-мәдени мұра нысандары туралы сөз еткенде, Тәуелсіздіктің 20 жылында алғаш рет еліміздегі ескерткіштерді толыққанды түгендеуге қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізімі бекітілді, оған 218 республикалық, 11 277 жергілікті маңыздағы ескерткіштер енгізілді.
Осы жылдарда мәдени мұраларымыздың инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Соңғы үш жыл ішінде екі мемлекеттік мұражай – Алматы облысындағы «Есік» және Шығыс Қазақстан облысындағы «Берел» қорықтары құрылды. Астанада Ұлттық мұражай құрылысы басталды.
Бағдарламаны іске асыру кезеңінде Қазақстанның тарихына, археологиясы мен мәдениетіне қатысты 1,5 миллионнан астам тиражбен 600 аталымды кітап жарық көрді. Бұлардың арасында «Бабалар сөзі», «Әлем әдебиетінің кітапханасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ халқының көне замандардан қазіргі күнге дейінгі философиялық мұралары» деп аталатын сериялар бар. Ал «Қазақфильм» «Мәдени мұраны» іске асыру жылдарында қалпына келтірілген тарихи және мәдени ескерткіштер туралы 20-дан астам фильм жасады.
Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен мәдениеті үлгілерін жүйелеуге және оларды халық пен болашақ игілігіне айналдыруға қатысты ауқымды жұмыс жүргізілуде. Ұлттық мәдениет үшін маңызы өте үлкен және қоғамда кең пікір тудырып, ұлт тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылған бірегей жобалар – «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» болды. Осы форматта батырлық жыры туралы жинақ шығару да қолға алынды, ол жыл соңына дейін жарық көретін болады.
Қорыта айтқанда, мәдени мұраны игеру халықтың тарихи жадын жаңғыртудың негізі болып табылады. Онсыз шынайы патриотизмнің болуы мүмкін емес. «Мәдени мұра» ұлттың рухани жағынан дамуына жаңа қуатты серпін береді.
ЖЫЛДЫҢ ЖАРҚЫН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Жыл сайын еліміздің театр алаңдарында әртүрлі жанрлар мен бағыттардағы мыңнан астам спектакльдер қойылады. Кейінгі кездері қазақстандық театрлар репертуарларынан отандық балет берік орын алды. Егер ел тәуелсіздігіне дейін әлемдік опера классикасы негізінен орыс тілінде орындалса, қазір олар түпнұсқа тілінде қойылуда. Өткен маусымдағы қойылымдар арасында 39 жаңа премьера болды. Олардың арасында отандық және шетелдік хореографтардың, балетмейстерлердің, режиссерлердің классикалық туындыларының қойылымдары, «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының жеңімпаздарының шығармалары – қазір Канаданың Ванкувер қаласында тұратын Әділ Бестібаевтың «Бәйтерек» балеті, қазақстандық қаламгер Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» драмасы және АҚШ-тың Бостон қаласында тұратын Алмас Серкебаевтың отандық тұңғыш мюзиклі – «Астана» бар. Композитордың музыкадағы әртүрлі бағыттар мен тәсілдердің сәтті үйлесімін тауып жасаған мюзиклін талантты ақын Есенғали Раушанов қазақ тілінде сөйлетті.
Соңғы жылдарғы кең ауқымды классикалық жобалардың қатарында К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында қойылған Л.Минкустың «Баядерка», А.Аданның «Корсар» және «Жизель», Х.Левенсхольдтің «Сильфида», Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры Чайковский, Шнитке және Бизенің музыкасына жазылған «Қызыл Жизель», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балеттері қойылымдарын атап өтуге болады. Бұл қойылымдар аса көрнекті балетмейстерлер Юрий Григоревич пен Борис Эйфманның басшылығымен жүзеге асты. Өткен маусым айында ТМД елдерінде Ресейден кейін бізде Б.Эйфманның Чайковскийдің музыкасына жазылған «Анна Каренина» балеті қойылды. Опералық қойылымдар арасынан К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында қойылған Дж.Пуччинидің «Богемасы» мен «Мадам Баттерфляйын», Дж.Вердидің «Риголеттосы» мен «Аидасын», Абай атындағы опера және балет театры дайындаған Р.Вагнердің «Тангейзерін», Г.Доницеттидің «Махаббат сусынын» атап өтуге болады. Бірқатар қойылымдар әлем операсының жұлдыздары Хосе Кура мен Барбара Фриттолидің, балет шеберлері, Париждің «GRAND OPERA» театрының этуальдары Мелани Юрэль мен Карл Пакеттің қатысуымен көрермен назарына ұсынылды. Біз әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың біздің театрлармен қуана жұмыс жасасатынын, олардың біздің орындаушыларымызға жоғары баға беретінін байқатады.
Қазақстандық әртістердің сахналық шеберліктері арта түсуіне олардың әлемнің үздік театр шеберханаларында оқулары да оң ықпал етуде. Мемлекеттің қолдауы арқылы біздің жетекші опера және балет солистері Ла Скала театры академиясында, Вена операсында, Мария театрында, Перголези Спонтини қорында, Болоньядағы Итальян опера мектебінде стажировкадан өтіп жүр.
Бұлардан бөлек, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар өздерінің шеберліктерін халықаралық фестивальдер алаңдарында шыңдап отырады. Қазақстанда жыл сайын «Опералия», «Ұлы дала сазы», Орталық Азияның театр фестивалі, өнер фестивалі секілді 5-6 ірі мәдени шара ұйымдастырылып тұрады. Ал сахна өнері туралы айтқанда, министрліктің елімізге үздік шетелдік ұжымдардың гастрольдерін ұйымдастырып, өткізіп келеді. Айталық, министрлік биылғы жылы Мария театрының әлемге танымал режиссері В.Гергиевтің жетекшілік етуіндегі симфониялық оркестрінің Астана мен Алматы қалаларына гастролін қамтамасыз етті. Әйгілі Армен Джигарханян жетекшілік ететін театрдың Алматы қаласына өнер сапары да жылдың айтулы оқиғасы болды. Министрлік дәл осындай гастрольдік сапарларды өз өнер ұжымдары үшін де жасады. Осы арқылы отандық мәдениет бөгде елдерде тұсаукесер өткізді. Соңғы төрт жылда Мәдениет күндерінің ауқымындағы шаралар ТМД-ның көптеген елдерін, Еуропа мен Азияның, Таяу Шығыстың жетекші мемлекеттерін қамтыды. Өткен жыл Кореяның Қазақстандағы жылы аясында өтсе, биылғы мамыр айында Қазақстанның Үндістан мен Франциядағы мәдениет күндері табыспен өткізілді.
ҒАСЫРЛАР ҚАЗЫНАСЫ
![061211-29](http://old.egemen.kz/2011img/061211-29.jpg)
Қазақ халқының рухани жәдігерліктерінің ішінде ғасырлар сүзгісінен өтіп, бүгінге жеткен көл-көсір ән қазынасы – дәстүрлі ән үлгілері (ғұрыптық әндер, халық әндері, кәсіби халық композиторларының әндері) Елбасы Н.Назарбаевтың бастама көтеруімен жасалған «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясындағы «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» бірегей антологиясында тұтастай қамтылғаны анық.
Антологияға қазақтың барлық (Арқа, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жетісу, Сыр, Шығыс) өңірлерінде айтылатын, сондай-ақ шетелдегі қазақтар (Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан) арасында сақталған халық әндері мен халық әнші-композиторларының туындылары енген.
Ақселеу Сейдімбек марқұмның зерттеуінше, қазақта 5 мыңнан астам күй бар. Соның ішінен сұрыпталып, сүргіленіп алынған 1000 жауһар күй жарыққа шығып отыр. Қалған 4 мың күй есепке алынбағанның өзінде, 1000 күйі бар қазақтан басқа халық жер бетінде бар ма екен?!
![061211-30](http://old.egemen.kz/2011img/061211-30.jpg)
Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің басшылық етуімен «Қазақтың музыкалық антологиясы «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» жобасы жүзеге асырылған болатын. Осы жоба аясында «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты жаңа антология жарыққа шықты. Бұл – Алаш жұртының ортақ қуанышы.
Ең ескі күй – күй атасы Кетбұғының «Ақсақ құланы» десек, сол «Ақсақ құланның» біріне-бірі ұқсамайтын үш нұсқасы бар екенін Маңғыстауда көне нұсқасы, Арқада және Батыс өлкеде антология арқылы егжей-тегжейлі білудеміз. Бұдан қазақтың қара домбырасы мен қоңыр қобызының, сырлы сыбызғысының үні есте жоқ ежелгі заманнан бастау алатынын көреміз.
Күй табиғатын түсініп-түйсіну адамға ерекше құдірет арқылы даритыны белгілі. Қазақты қашаннан қазақ етіп келе жатқан қасиетті қос ішекті домбыра десек, аспандағы аққуды айдынында тербеткен, боз інгенді желдіртіп, боз жорғаны құйқылжытқан, екі көзден мөлдірете жас төккізіп, саңыраудың санасына самала сәуле құйғызған күй құдіретімен бара-бар дүниеде басқа байлық жоқтай. Күйқұмар қазақы болмысқа қоңыр домбыраның үнінен асқан әлемде саз болуы әсте мүмкін де емес.
ЕЛДІҢ РУХАНИ ДАМУЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕРЕЙІ
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Президенттік мәдениет орталығының директоры.
Кез келген мемлекеттің ұлттық келбеті, рухани деңгейі, келешегі Білім және ғылым, Мәдениет министрліктерінің жұмысына тікелей қатысты. Ұлттың тағдырын шешіп, келешегін айқындайтын осы екі министрліктің қызметін адам бойына нәр беретін екі күретамырмен салыстырар едім. Бұл екі министрліктің басында әманда ел мойындаған, қадірі асқан, пайым-парасаты терең, ұлттық мүддені терең сезінетін қайраткерлер отыруы керек.
Қазіргі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед дарынды, білімді, ұлтын сүйетін, халқына жан-тәнімен қызмет етіп жүрген, сөйлесе ағылып сөйлейтін, жазса төгіліп жазатын азамат, руханияттың білгірі.
Мәдениет министрлігі бүгінде көптеген игілікті шаруаларды жүзеге асырып келеді. Әлемде теңдесі жоқ «Мәдени мұра» бағдарламасының табысты жүзеге асуы, «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» шын мәнінде ұлтымыздың мерейі деп білемін. Таяуда және бір асыл мұрамыз – қазақ эпостары жарыққа шықпақшы.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің барлық облыстарының Астана жұртшылығының алдында есеп беру концерттерінің жоғары деңгейде өткізілуіне де Мәдениет министрлігі айтарлықтай мұрындық бола білді. Ұлтымыздың ұлыларын ұлықтау ісінде атқарылып жатқан шаралар ойдағыдай. Мәдениет министрлігінің тікелей қолдауымен Президенттік мәдениет орталығында Абай Құнанбаев, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Міржақып Дулатов, Бауыржан Момышұлы, Шыңғыс Айтматов, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев секілді ұлыларымызды еске алу кештері өткізілді.
Орталықта Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлттық дәстүрлер театрын» құру жөніндегі 2000 жылы берген тапсырмасы да министрліктің қолдауымен 2007 жылы жүзеге асты. Театр сахнасына бүгінде «Ұлбике», «Алпамыс», «Абылай аманаты», «Бәйтерек» секілді жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан спектакльдер қойылып келеді. «Бәйтерек» спектаклінің тұсаукесеріне Елбасы Н.Назарбаев қатысты.
Аз ғана уақыттың ішінде Президенттік мәдениет орталығы Елбасы армандағандай, көпшіліктің үдесінен шығып, Астанамыздың, Отанымыздың шын мәніндегі рухани ордасына, ресми іссапармен келген шет ел басшылары тамашалайтын бірден-бір мәдени орталыққа айналды.
ӘЛЕМ СҮЙІП ТЫҢДАЙДЫ
Ермек СЕРКЕБАЕВ, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Қазақстан Музыка қайраткерлері одағы кәсіби музыканттардың басын біріктіретін бірден-бір қоғамдық ұйым болып табылады. Құрылғанына 23 жыл толған одақ халықаралық, республикалық көптеген байқаулар мен фестивальдерді, шеберлік-сыныптарын, жастар мен балаларға арналған мәдени шараларды өткізуге ұйытқы болып келеді. Одақтың басты мақсаты – классикалық өнерді насихаттау, жас таланттарды қолдау, сонымен қатар мәдениет пен өнерге еңбек сіңірген майталман әріптестерді назардан тыс қалдырмау.
Басқа да толып жатқан мәдениет ұжымдары секілді ұйым әр қилы кезеңді бастан кешті. Жұмысымыз біраз қожырап барып, кейін еңсе тіктеген кезі де болды. Бүгінде министрлік тарапынан көрсетілген қамқорлықтың арқасында одақ Павлодар қаласында екі рет хор фестивалін ұйымдастырды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан аса адамдар қатысты. Фестиваль аясында жас хормейстерлердің байқауы мен А.Молодов, Б.Жаманбаев, В.Пилипенко сынды белгілі профессорлардың шеберлік-сыныптарын өткізгеніміз бір ғанибет десем, талантты жас орындаушыларды демеу мақсатында өткізілген бірталай концерттер сериясы да жұрт көңілінде қалғаны анық. Менің биылғы 85 жылдық мерейтойыма байланысты ресейлік солистердің қатысуымен халықаралық фестиваль, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында концерт өтті. Мені өзімнен кейін өсіп келе жатқан жастардың аяқ алысы, тамаша дауыстары таңқалдырды. Театр репертуары соңғы жылдары «Қызыл Жизель», «Анна Каренина», «Тангейзер» сынды ғаламат туындылармен байығаны көңіл қуантады. Адам ретінде көңіл-күйіңді, жағдайыңды сұрап тұру дегеннің өзі де кейде өнер адамдары үшін зор көмек болатыны әріптестеріме аян. Енді жақын арада елордада керемет опера театры ашылмақ. Ол да болса еліміздің гүлденіп, өнерге көңіл бөлуінің бірден-бір көрінісі деп білемін. Тәуелсіздік тойында осындай театрлар іске қосылып жатса, елдің ерен байлығы деген осымен өлшенбей ме? Өз басым қайда жүрсем де, қандай сахнада өнер көрсетіп тұрсам да, туған халқымның ғажайып өнеріне, үн сұлулығына, әншілігіне сүйсінуден әсте таңған емеспін. Біз әлі-ақ мәдениетімізбен, өнерімізбен дүниедегі ең танымал елге айналамыз деп сенемін. Өнер адамына осыған куә болудан асқан арман бола қоймас, сірә.
АРНАУЛЫ ПОРТАЛ АШЫЛДЫ
Мәдениет министрлігі «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» атты 20 жұлдызды күннің шеңберіндегі Мәдениет күніне орай «Мәдени мұра – культурное наследие» (www.madenimura.kz) ақпараттық порталының жаңа нұсқасын іске қосты.
Портал Қазақстандағы мәдени мұра туралы жалпы көлемі 70 Гигабайт мөлшеріндегі кең ауқымды ақпаратты таратады. Порталда бір миллион файл; екі мын фотография мен сурет; 360 кітап; 50 бейнематериал орналасқан.
Ерекше орны бар археологиялық, тарихи және мәдениет ескерткіштері, археологиялық қазба жұмыстары туралы қызықты мәліметтер іздеуге қолайлы форматта – ескерткіштер орналасқан елді-мекендердің географиялық картасы көрсетіліп жасалған.
ТӨЛ ТУЫНДЫ – ТӨРІМІЗДЕ
Төлеубек ӘЛПИЕВ, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының директоры.
Елбасының арнайы Жарлығымен дүниеге келген Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры өзінің есігін осыдан он бір жыл бұрын ашқан болатын. 90 пайызы жас өнерпаздардан тұратын шығармашылық ұжым осы аралықта опера және балет жанрындағы классикалық репертуарды толық меңгерді деп айтуға болады. Оның сахнасынан төл туындылардан Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» (либреттосы Ғабит Мүсіреповтікі), Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайы» (либреттосы Мұхтар Әуезовтікі), Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сарасы» (либреттосы Қажым Жұмалиевтікі), Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлуы» (либреттосы Бәкір Тәжібаевтікі) көрініс тапты.
Бұған қоса, отандық композиторлар Ренат Салауатовтың «Ақшақар Астанада», Серік Еркімбековтің «Мәңгілік алау», Алмас Серкебаевтың «Астана», Әділ Бестібаевтың «Бәйтерек» туындылары көрерменмен қауышып, жалпы оның әрқайсысы ұлттық өнердің өсуіне бір адым ілгері жасалған қадам бола білді десек, артық айтқандық емес. Соңғы үшеуінің тұсаукесері былтыр өтіп, еліміздің мәдени саласындағы үлкен шығармашылық табысқа айналды. Қойылымның көрермен қошеметіне бөленген сәті әлі жадымызда тұр.
Бүгінгі күні театр репертуарында 70-ке тарта музыкалық-сахналық қойылымдардың ең үздік үлгілері бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Жас та болса бас шаңыраққа айналған ұлттық театрдың соңғы екі жылда өткен Кореядағы, Үндістандағы, Франциядағы, Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан күндері, Италияға, Түркияға, Башқұртстанға, Алматы қаласына гастрольдік сапарлары бұл ұжымға зор табыс әкелгенін де айта кетсек, осы уақыт аралығында театрдың 14 жас өнерпазы (балет пен опера әншілері, хор ұжымы) халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, мемлекетіміздің абырой-беделін дүниежүзілік деңгейге көтерді.
Театрдың алыс-жақын елдерге гастрольдік сапарларына, талантты жастарды (шеберлігі мен кәсіби білімін өсіру мақсатында) шет мемлекеттерге оқуға жіберуге, сырттан білікті мамандарды (режиссерлерді, дирижерлерді, суретшілерді, хореографтарды) шақыруға Мәдениет министрлігі тарапынан толық және жеткілікті қаржы бөлініп келеді. Бүгінде біздің театр еліміздегі маңдайалды ұжымдардың біріне айналып отыр. Елордалық деген мәртебеге лайық болу үшін әрине, әлі де алда атқарылатын міндеттер аз емес екенін білеміз. Сондықтан да бар жігер-күшімізді осы биікті еңсеруге жұмсамақпыз.
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ МҰРАҒАТЫ
Ғазиза ТҰРМАҒАНБЕТҚЫЗЫ, Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бас сарапшысы.
Тәуелсіздік жылдары Түркия, Египет, Қытай, Ресей (Татарстан мен Башқұртстанды қоса), Армения, Өзбекстан, Венгрия, Германия, Польша Франция, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен, кітапханаларынан Қазақстан тарихына қатысты 209974 кадр микрофильм, 17568 парақ ксерокөшірме, 113 түрлі-түсті слайд, 52 киноқұжат, жүздеген сирек кездесетін ғылыми басылымдар мен ғылыми еңбектер алынды.
Енді сол шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қорына түскен қомақты мұраның біреуіне егжей-тегжейлі тоқталып өткіміз келеді. Бүкіл араб елдеріне, жалпы әлем елдеріне аты мәлім Насролла Мүбашшир ат-Тарази мұрағаты Орталық мемлекеттік мұрағат қорына қосылды.
Насролла Мүбашшир ат-Тарази – Мысыр ұлттық кітапхана қоры мен архивіндегі шағатай, парсы, тарихи осман тілдеріндегі 23 мың қолжазбалар мен шығыс басылымдарының көрсеткішін жасаған библиограф, ориенталист, тегі қазақ, Мысырдың атақты ғалымы, профессор.
Мысырдың Каир, Айн Шамс, әл-Азхар университеттерінде шығыс тілдері мен әдебиетінен, қолжазба, мұрағаттарды оқудың қыр-сырымен таныстыратын пәндерден сабақ берген профессор Насролла ат-Таразидың жеке кітапханасының, мұрағаттарының бір бөлігі қазір Каир университетінің ориенталистика орталығында сақталған. Тағы бір бөлігін 2004 жылы баласы Мүбәрак Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы елшілігінің және «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Мысыр мұрағаттарында зерттеу жұмыстарын жүргізген мамандардың өтінішімен Қазақстанның Ұлттық мұрағат қорына тарту еткен болатын. Енді бір бөлігін үстіміздегі жылы Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің Орталық мемлекеттік мұрағатына өткізді.
Жеті тілді меңгерген /пушту, француз, парсы, араб, түрік, қазақ, өзбек/ ғұлама ғалым Насрулла Мүбашшир ат-Тарази ислам тарихы, оның Орта Азия мен Қазақстан жеріне тарауы, шығыс тілдері мен әдебиеті, ескі тарихи қолжазба-құжаттарды оқудың қыр-сыры мен аударма өнері туралы еңбектердің авторы. Тұран елі, Түркістанның тарихы туралы, оның өткені мен бүгініне тоқталған ой-толғамдары бар. Насролла Мүбашширдің жеке мұрағатында қазақ халқының мәдени-рухани мұрасында алар орны, тарихи маңызы құнды құжаттар мен қолжазбалар сақталған. Әсіресе, әдеби, мәдени, тарихи, рухани салалардағы ғылыми-зерттеулерге негіз боларлық құнды материалдар көптеп кездеседі.
Мысалы, тіл, әдебиет, тарих және библиография салаларындағы түркілік дереккөздер жөнінде, түркі халықтары мәдениеті мен өркениетінің әлем өркениетіндегі іздері туралы, тарихи Түркістан туралы зерттеулері, баяндамалары – бүкіл Орта Азия халықтарына ортақ мұра. Сондай-ақ 20-30 жылдардағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай жөніндегі естелік-дыбыс жазбалар, белгілі шығыстанушылармен, түркітанушылармен, дінтанушылармен, Мысырдағы Түркістан ұйымының мүшелерімен түскен, т.б. фотосуреттер де қайталанбайтындығымен ерекшеленеді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қатысу үшін және әкесі Насролла ат-Тарази мен атасы Мубашшир ат-Таразидің құжаттарының сақталу жай-күйін өз көзімен көру мақсатында Сейд Мүбәрак ат-Тарази Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұрағатта, Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында болып, әкесі мен атасының аманатын орындағанына, құжаттарын туған жеріне жеткізіп, ел игілігіне пайдалануға бергеніне өте қуанышты. Ол құжаттар арасында нағашы атасы Бұхараның соңғы әмірі Сейд Мир-Алимханның қолжазбасы, фотосуреттері бар екенін айтып өтті.
_______________________________
Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».