Шетелдік компанияларға сапалы қызмет көрсетіп келеді
Тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде ел экономикасының алған асулары айтарлықтай. Әрине, оған мұнай-газ секторының қосқан үлесі қомақты. Бейнелеп айтқанда, ол алға даму мен елді жаңғыртудың локомотивіне айналды. Экономиканың прогрессивті түрде өрлеуіне егемендіктің алғашқы жылдарында қабылданған «Акционерлік қоғамдар туралы» заңға сәйкес өмірге келген жаңаша өндірістік құрылымдар тың серпін берді. Солардың бірі Қарашығанақ кеніші аумағындағы «АқсайГазСервис» акционерлік қоғамы. Ол мұнай-газ кеніштерін игеріп жатқан шетелдік компанияларға сервистік қызмет көрсететін көшбастаушы отандық компания болып табылады. Бұл ұжым 1998 жылдың 5 наурызы күні республика Үкіметінің қаулысы негізінде құрылды.
АЛҒАШҚЫ АДЫМДАР
![061211-34](http://old.egemen.kz/2011img/061211-34.jpg)
Жаңа кәсіпорын алғашқы жылы 897 миллион теңге табыс тауыпты. Одан кейінгі жылдарда АҚ қызмет көрсету көлемін біртіндеп ұлғайта түсті. 2005 жылы «АқсайГазСервис» АҚ-тың президенті болып, жаңаша ойлау жүйесін қалыптастыра білген, жас та тәжірибелі өндіріс жетекшісі Тілек Шектібаев бекітілді. Ол қысқа уақыттың ішінде үлкен ұжымға білікті менеджерлер мен кәсіби мамандарды топтастыра білді. Ең бастысы, ойы озық басшының бастамасымен АҚ-ты одан әрі дамытудың стратегиясы және инновациялық тұғырнамасы жасалды. Бұл іргелі құжат «АқсайГазСервистің» басты акционері Меркурий компаниясы басқарушысы тарапынан қолдау тапты.
Бірінші кезекте мұнда шетелдік компанияларда қызмет жасау тәжірибесі бар Қазақстандағы, ТМД ауқымындағы және алыс шетелдердегі өздері тектес кәсіпорындардың іс-тәжірибелері сарапқа салынды. Осылайша бағалаулар мен талдауларға толы маркентингтік зерттеулердің қоржыны толыға түсті. Соның нәтижесінде сервистік қызмет саласында мүлдем өзгеше, жаңа технологиялық желі қалыптаса бастады. Яғни, мұнда сапаны орнықтыру, еңбек қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, экология, кадрларды іріктеу ісінде халықаралық деңгейдегі озық тәжірибе берік орныға алды. Сөз жоқ, мұның өзі республиканың батыс өңіріндегі әлеуеті мол шетелдік тапсырыс иелерінің қызығушылығын туғызбай қалмады.
![061211-42](http://old.egemen.kz/2011img/061211-42.jpg)
Бүгінде «АқсайГазСервис» АҚ көрсететін сервистік қызметтің тоқсан пайыздан астамы шетелдік компаниялар үлесінде. Әрине бұл үлкен сенім мен жауапкершілік, ұжымдағы жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің биік кәсіби деңгейі деген сөз. Қазақстандық компанияның корпоративтік иммиджі соңғы жылдары одан әрі өсіп, олар шетелдік компаниялардағы өте қиын да күрделі бәсекелестік ортада тендер жеңімпаздары атанды. Келісім-шарттар қоржынының толысуына байланысты көрсетілетін қызмет түрлерінің өрісі де өсті. Тек сол 2005 жылдың өзінде отандық компанияның жалпы табысы үш миллиард теңгеге иек артты. Соңғы бес жылда оның көлемі 5,2 есе өсті.
Соған сәйкес АҚ жергілікті бюджетке түсіретін салықтық түсімдер де көбейді. Ұжым бірнеше дүркін елдің үздік салық төлеушісі деп танылды. Тағы бір атап өтерлік жәйт, бұған дейін мүлдем бейтаныс 25 қызметтің мамандандырылған, жоғары технологиялық түрлері игеріліп, тәжірибеге орнықты. «АқсайГазСервис» АҚ шетелдік компанияларға ұсынатын бұл қызмет түрлері халықаралық ережелер мен стандарттардың ең қатал талаптарына сәйкес келеді. Сондай-ақ ол әлемдік деңгейге сай өте құнды жабдықтар мен жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Бұрын орындалмастай көрінген қызмет түрлері бүгінде ұжым мүшелері үшін әдеттегі іске айналған. Бұл арада уақыт отандық компания таңдап алған стратегияның дұрыстығын дәлелдеді деп айқын тұжырым жасауға болады.
ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫН АУҚЫМЫН КЕҢЕЙТІП, МҮМКІНДІГІН ӨСІРУДЕ
![061211-40](http://old.egemen.kz/2011img/061211-40.jpg)
«АқсайГазСервистің» өзге отандық кәсіпорындардан басты айырмашылығы – оның көп қырлылығы. Ол ұсынатын қызмет түрлерінің ауқымы таң қалдырмай қоймайды. Оны санауға он саусақтың өзі жетпейді. Бүгінде ұжым қызметін пайдаланатын тұтынушылар мен іскер әріптестердің саны елуден асып түседі. Әрине оның ең бастысы Қарашығанақ кен орнындағы «КПО б.в» компаниясы болып табылады. Отандық өндіріс орны мен аталған шетелдік альянс арасындағы тығыз байланыстардың орныққанына бүгінде 13 жылдан асып отыр. Осы уақыт аралығында альянсқа көрсетілетін қызмет түрлері сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да терең өзгерістерге ұшырады. Бұл мұнай мен газ өндіруге қажетті техникалық қамтудың жоғары нәтижесі, мінсіз де сапалы күрделі жөндеу деген ұғыммен пара-пар.
Біз осы айқарма бетті газетке әзірлеу барысында «АқсайГазСервис» АҚ-тың алғашқы күндерден бастап алғыс арқалап келе жатқанына куә болдық. Әрине оның дені шетелдік компаниялардан қазақстандық кәсіпорынға келісім-шарттарды орындаудағы тиімді қызметтері үшін берілген. Сонымен бірге «АқсайГазСервис» ҚР Президенті сыйлығын сарапқа салуға байланысты өткізілген «Алтын сапа» конкурсына қатысып жеңімпаз атаныпты. Сондай-ақ аталған ұжым «Парыз» республикалық конкурсының да арнайы жүлдесін қанжығасына бөктерген. Алғыс хаттардың екінші бір легіне халықаралық сапа стандарттарына сәйкес қызмет жасайтын отандық кәсіпорынның кәсіби жетістіктеріне байланысты қол жеткізген.
ИНВЕСТИЦИЯ – ДАМУ КЕПІЛІ
![061211-37](http://old.egemen.kz/2011img/061211-37.jpg)
Отандық кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелері шеті мен шегі жоқ үлкен аумаққа орналасқан. Мұндағы құралдар мен жабдықтар жыл сайын жаңғыртылып отырады. Ең бастысы, АҚ-қа қарасты құрылымдардың бәрі де тек пайдамен жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын жұмыс ауқымы ұлғайып келеді. Соған сәйкес ұжым мүшелерінің саны да артып отыр. Айталық 2002-2004 жылдар аралығында олардың саны 450-500 адам деңгейінде болса, бүгінде 2000-ға жақындады. Бұдан кәсіпорынның жұмыс беруші ретіндегі үлкен ісін көреміз. Тек соңғы алты жыл ішінде «АқсайГазСервиске» 1300-ден астам облыс тұрғындары тұрақты қызметке қабылданыпты.
Кәсіпорын басшысы ретіндегі басты ұстанымым сұранысқа сәйкес өндірістің әлеуетін жүйелі де жоспарлы түрде өсіріп отыру. Оны іске асыру үшін бірінші кезекте қомақты капитал салу қажеттілігін түсініп отырған шығарсыз. Әрине, бұл өзіміз тапқан пайданың бір бөлігі есебінен іске асуда. Өндірісті жаңғырту, бүгінгі тілмен айтқанда, оны модернизациялау, өндірістік базаны дамыту осындай тәртіппен жалғаса береді. Бұған жұмсалатын қаражат шетелдік және отандық инвестиция есебінен жүргізіледі, – деді газет тілшісіне «АқсайГазСервис» АҚ президенті Тілек Шектібаев.
БАСЫМДЫҚТЫҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ – ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК
![061211-41](http://old.egemen.kz/2011img/061211-41.jpg)
Отандық кәсіпорын қазақстандық қоғамның әлеуметтік және мәдени тұрғыдан жан-жақты өркендеуіне ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе «АқсайГазСервистің» республика көлемінде қолға алынып жатқан әлеуметтік бағдарламалардың іске асуына қосып жүрген үлесі мол. Елдің қай түкпірінде де талантты бүлдіршіндер мен жасөспірімдер жиі кездеседі. Оларға дер кезінде моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсетілмесе жанбай жатып сөнулері де мүмкін. Осы тұрғыда кәсіпорын балалар шығармашылығы ұжымдарын дамытуға қолдау көрсетуі атап айтуға әбден болатындай.
Тәуелсіздік – күнде той емес, ол кез келген уақытта төтенше жағдайларын тосып отыратынын бұған дейін де жазған едік. Алматы облысының Қызылағаш ауылында орын алған сел апаты, Батыс Қазақстан облысы Шалқар көлі маңындағы жер сілкінісі, Ақжайық өңірінде биылғы көктемде болған алапат су тасқыны осы пікіріміздің дәлелі. Соның бәрінде де «АқсайГазСервис» табиғат апатына тап болған отандастарымыздың ортасынан табыла білді. Оларға материалдық қолдау көрсетті.
ІС ТЕТІГІН КАДР ШЕШЕДІ
Отандық компания жетекшісі Тілек Шектібаев кадрлар қызметін тиімді пайдаланудың басты жолы – оларды кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай туғызу деп түсінеді. Мұнда өз мамандығын көтерумен дербес шұғылдана білген қызметкерлерді көтермелеу жүйесі орныққан. Тәжірибесі толысқан қызметшілердің өндірістің төменгі буынында қызмет жасайтын жастарды кәсіби іске баули білуіне де кең жол ашылған. Ал орта буын сауатты мамандар әзірлеудің жыл сайынғы өз оқу бағдарламалары бар. Қайтарымы бірден бола қоймайтын, алайда болашағы өте жоғары мұндай істен компания жетекшілері қаржы үнемін жасаған емес. Бұл ретте басымдық жас мамандарға берілуде. Мұның мысалдары да жеткілікті. Үлкен өндірістік ұжымда отыз жасқа дейінгі жас мамандардың үлесі елу пайызға жетіп жығылады.
ҰЖЫМҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ҰДАЙЫ НАЗАРДА
Кәсіпорын қызметкерлерінің материалдық игіліктерді пайдалануына жол ашу АҚ басшыларының тағы бір басымдыққа ие мақсаты болып табылады. Мұнда 2006 жылдан барлық ұжым мүшелеріне жоғары өндірістік және технологиялық жетістіктері үшін сыйақы мен он үшінші жалақы беріліп келеді.
Ұжымдық шарт талаптарына сәйкес «АқсайГазСервис» әкімшілігі «Қоғам» әлеуметтік бағдарламасын іске асырды. Бұл сан-алуан әлеуметтік пакеттер шоғыры болып табылады. Оның аясына ұжым мүшелері балаларының жазғы демалысын ұйымдастыруға байланысты бөлінетін қаражаттар, қызметкерлерінің республика аумағындағы, таяу және алыс шетелдердегі шипажай мен курорттарға барып ем және демалуларына бөлінетін төлемдер кіреді. Сонымен бірге, ұжымдық шарт тармақтарымен кәсіпорын қызметкерлерін материалдық тұрғыдан көтермелеудің өзге де түрлері қарастырылған, – дейді «АқсайГазСервис» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Жүсіпқали Нағманов.
ТҮЙІН
Қарашығанақ жобасы – тәуелсіздік жылдарында республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған теңдесі жоқ ірі жоба болып табылады. Оны іске асыру арқылы шетелдік инвестиция кенішті игеруге қызмет жасай бастады. Бүгінде Қарашығанақ газының игілігін тек республиканың батыс өңірі ғана емес, сонымен бірге оңтүстік және орталық облыстардың тұрғындары да көруі үшін тың бағдарламалар ойластырылып отыр.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кен орны маңайында көмірсутегі шикізатын тұрақтандыру жөніндегі қондырғы құрылысының аяқталуы келешекте қолға алынатын кең көлемді істердің алғашқы қарлығашы іспеттес. Бұл нысан алдағы күндері телекөпір жүйесі арқылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың назарына ұсынылады деп күтілуде.
Бір сөзбен айтқанда, кен орнын игеріп жатқан шетелдік альянсқа отандық компанияның қызмет көрсету жүйесі тәуелсіздік жылдарында толыққанды бола түсті. Бүгінгі әңгімеміздің басты нысаны – «АқсайГазСервис» АҚ бұл орайда жоғарыда айтылғандай нақты іс-қимыл стратиегиясын белгілеп, іске асыруы мемлекеттік ауқымда атап айтуға тұрарлық мәселе. Көп жағдайларда кірпияз да кінәмшіл шетелдік өндірісшілердің талабынан шығу, олардың бағдарын біліп, қажеттілігін өтеу отандық компания үшін оңайға түсті деп айта алмаймыз. Әйтсе де қарқындылық пен сенімділікті алға тартып, сапа ұстанымын серік еткен «АқсайГазСервис» АҚ ұжымының сервистік қызметіне шетелдік компаниялардың сенімі орныққаны сөз жоқ үлкен жетістік. Республика аумағында қызмет жасайтын шетелдік компанияларда қазақстандық үлесті көтерудің бұдан артық жарқын мысалын тауып айта алар ма екенбіз?
Сондықтан да тәуелсіздік тұсында тәжірибелері толысқан, кен орнын игерушілерге әлемдік деңгейдегі сервистік қызмет түрлерін ұсынып, кәсіби шеберліктері арқылы шетелдік өндіріс иелерін мойындата алған «АқсайГазСервис» АҚ ұжымы бүгінгі күні биік бағаға әбден лайықты. Осындай өресі жоғары отандық компаниялар одан әрі көбейе берсе, әлбетте нұр үстіне нұр.
Батыс Қазақстан облысы,
Бөрлі ауданы,
Қарашығанақ кен орны.
_____________________
Айқарма беттердің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір ҚҰСАЙЫН.