Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Қазіргі заманауи жаһандық жағдайда ұлттық бірлік дегеніміз – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет дегеніміз – әлеуметтік мемлекет», деген сөздерін атап өтті.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» қоғамды кешенді түрде әлеуметтік жаңғыртудың драйверіне айналуға тиіс. Олар саяси, экономикалық және рухани салалардағы ауқымды реформалар алгоритмін жалғастыра отырып, түйіндейтін болады. Әлеуметтік бірлікті тұғыр еткен ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері әрдайым Қазақстан халқы Ассамблеясының басты назарында болуға тиіс», деді Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова келтірген деректерге сүйенсек, 2017 жылы ҚХА қоғамдық сананы жаңғырту жобалары бойынша 20 республикалық және 395 өңірлік іс-шара ұйымдастырған. Екі мыңнан астам қайырымдылық іс-шара өткізіліп, көп балалы және табысы төмен 60 мыңға жуық отбасына, 8 мыңға жуық түрлі ұйымдарға көмек көрсетілген.
«Тәуелсіздік алғалы бері адам капиталын дамытуға қолайлы жағдай жасау мемлекеттің негізгі стратегиялық міндеті болып саналады. Осы уақыт аралығында көптеген жұмыстар атқарылды. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында халықтың тұрмысын жақсартуға арналған он нақты міндет айқындалды», деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан екі мәрте жаһандық дағдарысты бастан өткергеніне қарамастан, бюджеттік саладағы қызметкерлердің жалақысы тұрақты төленіп отырғанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, 2007 жылдан бері әлеуметтік салаға бөлінген қаржы бес есеге ұлғайған.
Сонымен қатар Г.Әбдіқалықова ҚХА-ның «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы рөліне тоқталды. Мемлекеттік хатшының келтірген деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде Ассамблеяның қолдауымен көптеген шаралар өткен. Сондай-ақ ҚХА-ның «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына да белсенді қатысқанын атап өтті.
«Алматы облыстық ҚХА «Рухани жаңғыру» жобасы аясында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетімен бірге «Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырды. Нәтижесінде киелі мекендерге бару бағдары құрылды. Туристік бағдарлар бойынша скретч-карта әзірленіп, 255 навигациялық бағыттама орнатылды. Бұл ҚХА-ның «Киелі Қазақстан» жобасына қосқан шынайы үлесі», деді Мемлекеттік хатшы.
Отырыс барысында Г.Әбдіқалықова құрметті атаққа ие болған ресейлік көрнекті саяси және қоғам қайраткері Руслан Аушевті, Германияның мемлекет және қоғам қайраткері Генрих Цертикті құттықтап, оларға ҚХА Достық елшісінің патентін тапсырды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»