Отырыста М.Әшімбаев Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы бойынша қолға алынған партиялық жобаларға кеңінен тоқталды.
Айта кетейік, партия жұмысын тыңғылықты сараптаудың және халық тарапынан келіп түскен ұсыныстардың нәтижесінде 20-дан астам партиялық жоба дайындалды. Олардың қатарында жұмысы қайта жандандырылған «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» атты екі жоба да бар.
Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары аталған тың бастамалардың басым бағыттарын сөз етті. Оның айтуынша, жаңа партиялық жобалар ұйымға деген сенімді күшейтуге, еліміздегі стратегиялық бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруға жүйелі түрде қатысуға, білікті кадрлар тобын қалыптастыруға және партия қызметін жаңғыртып, оның жұмысына заманауи технологияларды қолдануға бағытталған.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары жаңа жобалардың барлығы Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі нақты тапсырмасы бойынша дайындалғанын атап өтті. Соның нәтижесінде алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясында алғаш рет жобалық менеджмент тәжірибесі қолданылмақ. Бұл тәжірибенің әлемдік деңгейде аясы кең. Сол арқылы партияның Орталық аппараты мен барлық филиалдарының жұмысы жүйеленетін болады. Өз сөзінде М.Әшімбаев нұротандықтар аталған бастамаларды дереу жүзеге асырып қана қоймай, көп ұзамай олардың нәтижесін де көрсетуі керектігін айтты. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жобаларға да ерекше назар аударды.
Жиында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері де сөз болды. Атап айтқанда, «Нұр Отан» Бірыңғай геоақпараттық онлайн-қызмет көрсететін портал құруды жоспарлап отыр. Сол арқылы қазақстандық кәсіпкерлер сатылатын немесе жалға берілетін коммерциялық мақсаттағы жер телімдері туралы жан-жақты мәліметтерге қол жеткізбек.
Мектеп асханалары мен спорт алаңдарының жұмысы да партия назарынан тыс қалған жоқ. Сондықтан жаңа партиялық жобалар арқылы бұл әлеуметтік нысандардың да жұмысы жанданып, заман талабына сай қызмет көрсетпек. Партияның бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі кітапханалар заманауи білім орталығы ретінде қайта құрылып, кітап қорының электронды нұсқалары дайындалатынын да атап өткен жөн.
Отырыста партия хатшысы Тамара Дүйсенова аталған жобаларды жүзеге асырудың бірыңғай алгоритмі туралы айтты. Партиялық жобалар «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» сияқты маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруға және шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Соған орай партия мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, «Атамекен» ҰКП және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істемек.
Жиын барысында «Тегін 1000 ІТ-сынып» партиялық жобасын жүзеге асырудың тиімді тетіктері, осы жоба аясында жылына 150 мың қазақстандық мектеп оқушысы еуропалық білім беру тәсілімен бағдарламалау мен робот техникасының негіздерін үйренетіні, сондай-ақ ІТ-орталықтар базасында жылына 35 мың қазақстандық ақпараттық технология саласында білім алып, әлемдік нарықта жұмыс істеуге мүмкіндік алатыны айтылды.
Жиында өңірлерден келген өкілдер де сөз алып, жаңа бастамалардың шын мәнінде аясы кең екенін, сондықтан күш біріктіріп жұмыс істеу керектігін сөз етті.
Шара соңында М.Әшімбаев барша мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің назарын жаңа жобаларды жүзеге асырудың басым бағыттарына аударды. Сондай-ақ ол барша нұротандықтарға Елбасы айқындап берген міндеттерді абыроймен орындап, көздеген мақсаттарға қол жеткізу үшін тынбай еңбек ету керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»