Сол мақаламызда «Бәлкім, болашақта үлкен додаларда көк Туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды әлемге тыңдататын спортшыларымыздың бірі осы қаршадай қыз шығар? Жеңістерің көп болсын, Жібек!» деген ізгі тілекті барша оқырмандар атынан жолдаған едік. Күні кеше ғана Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиден жеткен сүйінші хабар осы арман-тілегімізді ақиқатқа айналдырғандай болды. Өйткені Әбу-Даби қаласында өткен әлем біріншілігінің жасөспірімдер арасында еліміздің атынан өнер көрсеткен «Сағадат Батыр» спорт клубының қос бірдей спортшысы ел сенімін абыройлы қорғады. Нақтырақ айтсақ, Жібек Құлымбетова (32 кило) чемпион атанса, Алина Махамбет (36 кило) қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ 13 жасар Бекзат Жаманбай (45 кило) жақсы өнер көрсетіп, әлем біріншілігінің қола жүлдесіне ие болды.
Қос спортшы қыздың жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров әлем чемпионатының жоғары деңгейде өткенін, жарысқа әр мемлекеттің үздік спортшылары ғана қатысқанын айтады. Оның сөзінше, Жібектің таза салмағы 28 кило. Алайда жарыс ережесіне сай ең кіші салмақ 32 кило болғандықтан, Жібекке өзінен салмағы ауыр спортшылармен белдесуге тура келсе де бозкілемде кездескен үш қарсыласын да айқын басымдықпен жеңген.
Жасы 11-ге енді ғана толған Жібек осыған дейін көптеген республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. Енді әлем біріншілігінің алтын медалі оның арманын одан әрі қанаттандыра түсетіні анық.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ