Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында спорт тақырыбын жазатын журналистер арасында маңызды оқиға болды. 4 желтоқсан күні Астанада спорт саласына қалам тартатын әріптестеріміз арасында өткен басқосуда Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Спорт журналистерінің қауымдастығы құрылды.
Бұл мәселе биылғы жылдың тамыз айында өткен І Спорт форумы кезінде көтерілген еді. Сол кезде спорт журналистерінің қауымдастығын құру үшін бастамашы топ та жасақталған болатын. Енді, міне, сол топтың бастамасымен елімізде Қазақстан Спорт журналистерінің қауымдастығы құрылып отыр. Осы басқосуда қауымдастықтың ережесі мен қызметі қаралып, мақсаты мен міндеті белгіленді және оның төрағасы мен атқарушы комитетінің мүшелері сайланды. Сөйтіп, қауымдастық мүшелері қазақ және орыс тілді «Sport» және «Спорт» газеттерінің директоры-бас редакторы Несіп Жүнісбаевқа дауыстарын беріп, оны бірауыздан қауымдастықтың төрағасы етіп сайлады.
Қазір Қазақстан спорт журналистерінің қауымдастығы Туризм және спорт министрлігімен бірігіп жұмыс істеуге кірісіп кетті. Осы ретте қауымдастық мүшелері спорт журналистерімен байланыс орнатып, оларға қолдау көрсетіп отырған министрліктің басшылығына, оның ішінде қауымдастықты құруға атсалысқан азамат, Спорт істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовқа алғысын білдіреді.
Дастан КЕНЖАЛИН.