06 Желтоқсан, 2011

Аламан айтыс мәреге жетті

526 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада Тәу­­елсіз­дік­­­тің 20 жыл­­­­­дығына ар­налған рес­­публикалық ақ­­­ындар айтысы өтті. Ата-бабадан асыл мұраның ар­дақ­ты­сы болып жеткен өрелі өнерді кейінгі ұрпаққа аманат ету, сөз өне­рі­нің асылы айтыс арқылы тіліміздің мәртебесін арттыруды мақсат еткен аламан бәйге елорда төрінде үш күнге созылып, шешендіктің қадыр-қасиетін ардақ тұтатын көпшіліктің құрметіне бөленді. Мәдениет министрлігінің қолдауымен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры­ның демеушілігімен өткен бұл аламан бәй­геге еліміздің бар аймағында болып өткен жарыстардан іріктелген 42 ақын қатысты. Сондай-ақ, бұл шараға іргедегі Қытай, Моң­­ғолия, Қырғызстан, Өзбекстаннан да айтыс­кер қандастарымыз қатысып, өз өнерлерін өрге оздырды. Елімізге танымал қоғам қайраткерлері  Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Асанәлі Әшімов, Өмірзақ Айтбаев, Фариза Оңғарсынова, Бекболат Тілеухан, Несіпбек Айтұлы төрелік еткен қазылар алқасының шешімімен бас бәйге Қытай Халық Рес­публикасынан келген қандасымыз Жәмиға Дәулетке бұйырып, оған тиесілі 20 мың долларды Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева табыстаса, І орынды (бір жарым миллион теңге) Ақ­мола облысынан сайысқа түскен жас қыран Әлі­бек Серғали иеленді. Ал екі ІІ  орынды (бір миллион теңгеден) қызыл­ордалық Мұх­тар Ниязов пен астаналық Еркебұлан Қайна­за­ров қанжығасына байласа, үш ІІІ орын (бес жүз мың теңгеден) Қырғыз Рес­пуб­лика­сы­нан қатысқан Ааалы Тұтқышев пен Алматы және Астана айтыскерлері Сара Тоқ­та­мы­сова мен Айнұр Тұрсынбаеваға бұй­­ырды. Әрине, өзге де айтыскер ақындар кәдесіз қалған жоқ. Ақын Фариза Оңғар­сы­нова Қытайдан келген қос сіңлісіне өзінің «Дауа» атты кітабын сый­ласа, «Егемен Қазақстан» республика­лық газеті» АҚ президенті Сау­ытбек Абдрахманов Байқоңыр қаласы­ның ақыны Төреғали Төреәліге ар­найы сыйлы­ғын табыстады. Ал қазылар алқасының төр­ағасы Мырзатай Жолдасбеков болса, Қытай Халық Республи­касы мен Қырғыз Респу­б­ликасынан осы ай­тысқа ар­найы келген өкіл­дерге шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. «Алтын қыран» компа­ниясының басшысы Исламбек Салжанов Мәдениет министр­лігінің үлгісі­мен аламан бәйгеге қатысқан барлық айтыс­керлерге өз сый-сияпатын жасады. Бұл айтыстың бір ерекшелігі – көрші елдерден де қандас бауырластар қатысып, ай­тыстың еларалық сипат алғаны болды. Иә, бір ғана Қытайдан төрт, Моңғолия мен Қыр­ғызстаннан екі-екіден сайыпқырандар өнер­лерін ортаға салған болса, Қытайдан келген Жамиға Дәулет бас жүлдеге ие бо­лып, ата-жұртының ризашылығына бөленді. Айтыстағы Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Дәулеткерей Кәпұлы, Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсенғазин секілді елге танымал тарланбоздардың жөні бір бө­лек болса, бұл жолы Әлібек Сер­ғали, Мұх­тар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров сияқты жалындаған жас перілер бәйге көрі­гін қыз­дырып, ел-жұртты риза етті. Мұны елі­міз­дегі туған тілін төрге оздырған Тәуел­сіз­дік­тің бірден-бір көрінісі, күн өткен сай­­­ын өз мұратына жетіп келе жатқан ана тілі­міздің мәуелі жемісі деуге болады. Берік САДЫР. –––––––––––––––––––––– Суреттерді түсіргендер Қайырбек МҰҚЫШЕВ, Советбек МАҒЗҰМОВ.