Аймақтар • 01 Мамыр, 2018

Ақын, композитор Елдар Оразалиннің «Шыңғыстау» кітабының тұсаукесері өтті

1102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде ақын, композитор Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Елдар Оразалиннің «Шыңғыстау» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. 

Ақын, композитор Елдар Оразалиннің «Шыңғыстау» кітабының тұсаукесері өтті

Фото: автор

Тұсаукесер барысында автордың «Шыңғыстау» кітабы және соған қосымша Абай шаңырағынан басылып шыққан жиырмаға жуық кітап топтамалары Семей қаласында орналасқан Абай  кітапханасының ұжымына сый ретінде берілді. Осынау рухани құнды байлықты Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Амреноваға Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков салтанатпен табыстап, бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» жобасына қосып жатқан тың үлесіміз деп атап айтты. Сондай-ақ, келген қауымды Елдар Оразалиннің шығармашылығымен кеңінен таныстырып өтті.

- Елдар Кәменұлы Оразалин Абай ауданының Қарауыл ауылында көрнекті жазушы Кәмен Оразалиннің отбасында дүниеге келген, - деді музей директоры Болат Жүнісбеков,-1980 жылы Абай атындағы орта мектепті, 1986 жылы Семейдің педагогикалық институтын бітірген. Әке жолын қуып әдебиетке ерте бастан құмартқан албырт ақын еңбек жолын 1986 жылы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызметтен бастаған. Мектеп жанынан шығатын «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының көркемдік жетекшісі болып, 13 жыл бойы табан аудармай қызмет еткен. Жас ұрпақты өнер мен білім жолында тәрбиелеудегі жемісті еңбегі үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталған.

Осылай дей келе Болат Жүнісбеков Елдар Кәменұлының кеудесіне «Абай» медалін тақты.

- Елдар Кәменұлы бүгінде Абай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін аса бір жауапкершілікпен және абыроймен атқаруда,-деді шежіреші қарт, қаламгер Молдабек Жанболатұлы, - Ертіс өңірі Композиторлар Одағының мүшесі болғанына да 15 жылдай уақыт болыпты. Әкеге тартып туған талантты ұл, Кәмен Оразалин сияқты Шыңғыстау елінің мәртебесін арттырып жүрген жан. Елдарға әрдайым игі жол, шығармашылық табыс тілеймін.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің қолдауымен жарық көріп отырған Елдар Оразалиннің «Шыңғыстау» атты кітабының тұсаукесеріне қаламыздағы зиялы қауым өкілдері мен Абай ауданының өнерпаздары қатысты. Кеште Абай әндері шырқалумен қатар, Елдар Кәменұлының жырлары оқылып, концерттік бағдарлама қойылды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА