Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдерінің бірде жоғары, бірде төмен болуына диқандар немесе Үкіметпен қатысты компаниялар толық кепілдік бермейді. Себебі, еліміз ауыл шаруашылығы саласы табиғат құбылыстарына көбірек тәуелді. Құрғақшылық пен түрлі табиғат кеселдері, жауын-шашынның молдығы мен ауа райының жайлылығы секілді факторлардың өнімнің көп, аз, сапалы сапасыздығына тікелей әсер ететіні түсінікті жәйт. Мысалы, өткен жыл еліміз және бүкіл әлем тарихында астық өндірісінің құлдырау жылы болды. Сол жаздағы құрғақшылық салдары Қазақстан астығына да салқынын тигізді. Нәтижесінде егіннің орташа көлемі көп жылғы көрсеткіштерден әлдеқайда төмен болды. 2010 жылы жаз ортасында ішкі рынокта баға тоннасына 120 доллар көлемінде болса, сол жылы тамызда бидай бағасы 200 АҚШ долларына дейін өсті.
Сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі, Астық одағы, Астық өңдеушілер одағы және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері бірлесе отырып, еліміздің барлық аймағын азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойды. Меморандум бойынша «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың астық сақтайтын кәсіпорындарынан тоннасын 26500 теңгеден бидай алып, ол сату, экспорттауы, үшін пайдаланылды. Маңызды тапсырма әлеуметтік маңызды өнім – нанды, яғни, оның бағасын ұстап тұру, негізсіз көтермеу және астықты экспортқа бағыттау мақсатын көздеді.
2010 жылы астықтың рыноктық бағасы тоннасына 40 мың теңге болды. Бөлке нан 45-50 теңге болды. Тіпті астық бағасы жетіспеушілік салдарынан тоннасына 52 мың теңгеге шыққанда да нан бағасы көтерілген жоқ. Бұл Азық-түлік келісім шарт корпорациясының 2010-2011 жылдарда атқарған басты жұмысы еді.
Қазіргі уақытта еліміздің батыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында жүргізіліп жатқан жиын-терін жұмыстарына және жаңа астықтың түсуіне байланысты еліміздің аймақтарын азықтық бидаймен қамтамасыз ету туралы меморандум аясында жасалған астық босату науқаны аяқталды.
Үкімет шешімімен елімізде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны (Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы) қаржыландыру тетігі мақұлданды, бұл аймақтық азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларын құру үшін аса маңызды.
Аймақтық азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларын құру тікелей Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы. Тұрақтандыру қорларын құрудағы мақсат азық-түліктің негізгі түрлеріне (картоп, пияз, сәбіз, күріш, қант, май) науқандық және жасанды жолмен бағаны өсіргендерге қарсы тосқауыл қою. Ол еліміздің барлық облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында құрылады.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның бұл бағыттағы мақсаты азық-түліктің қосымша қорын тұрақты түрде қамтамасыз ету арқылы азық-түлік тұрақтылығын арттыру шараларын жүзеге асыру болып табылады. Азық-түлік тізімдері мен олардың орын алған нарық жағдайына тәуелділігі облыстық әкімдік құрған комиссия шешімімен анықталады. Бұл шешімдер астық өнімдері бағасының құбылмалы кезеңінде халықтың әл-ауқатының жақсаруына және тұрмыс-тіршілігінің қалыпқа түсіп, алаңсыз өмір кешуіне зор ықпал еткені даусыз.
«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ тек астық өнімдерімен ғана айналысып отырған жоқ. Үкіметтің 2005 жылғы 19 тамыздағы «Тоқыма өнеркәсібі» қанатқақты кластерін дамытудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, жарғылық капиталға «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың 100% қатысуымен «Мақта келісім-шарт корпорациясы» АҚ құрылған болатын. Компания республиканың мақта өңдеу өнеркәсібін дамыту және тоқыма өнеркәсібін тұрақты түрде мақта талшығымен қамтамасыз ету стратегиялық бағыттарын міндетіне алған. Бұл Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының еншілес компаниясы. Мақта талшығы өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында, компания халықаралық стандарттарға жауап беретін қазіргі заманғы технологияларды енгізуге күш салуда. Кәсіпорын жоғары технологиялармен жабдықталған, уақыт талаптарына жауап бере алатындай өндіріс орны болып қалыптасқан. Жаңа зауытты құрудың өзі бағаны тұрақтандыру, жаңа жұмыс орындарын құру, ауыл шаруашылығына инвестициялар тарту, тұрақты баға қалыптастыру, мемлекеттік акциялар пакетіне түсетін дивидендтерді арттыру сынды нақты мәселелерді шешуге бағытталған еді. Сонымен қатар, кәсіпорынның жұмыс істеуі мақта саласындағы тауар өндірушілердің, өңдеушілердің материалдық-техникалық ресурстарға деген сұраныстарын арттырып, басқа да салалардың дамуына ықпал жасайды. Осы жобаларды орындау барысында қазіргі заман талаптарына жауап беретін, қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайтын жаңа мақта өңдеу зауыты іске қосылды.
Мақта өндірілетін басты өңір Оңтүстік Қазақстан облысы болғандықтан, осы облыста мақта-тоқыма кластерін одан әрі дамыту мақсатында «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ басқарма төрағасының 2007 жылғы 6 наурыздағы шешімімен «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ ұсынған 4 инвестициялық жоба мақұлданды. Олар: сортты мақта тұқымдары өндіріс бойынша зауытының құрылысы; Майэкстракциялық зауыт құрылысы; Оңтүстік Қазақстан облысында машина-технологиялық және жөндеу бекетін құру; мақта талшығын терең өңдеу бойынша фабрика құрылысы.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, «Мақта саласын дамыту туралы» заңның 15-бабына сәйкес шитті мақтаны мақта талшығына жалғасты қайта өңдеумен айналысатын мақта өңдеу ұйымдарына басқа кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынады. Сондықтан 2007 жылдың 20 тамызында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің хаттама шешімімен «Қазақстан мақтасы» АҚ басқарушы компаниясы құрылды. Бұл компанияның жарғылық қорындағы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың үлесі 100% құрайды.
«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың ұстанған басты бағыты – бұл баға тұрақтылығы мәселесі. Ел экономикасының тұрақты дамуының кепілі де осы.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.