Қазақстан • 03 Мамыр, 2018

Бірлік пен келісім айшықталған күн

885 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1 мамыр – Қазақстан хал­қының бірлігі күні мере­кесіне арналған негізгі шара елордадағы «Қазақ елі» монументі алдындағы алаң­да өтті. Елдегі бірлік пен ынты­мақтан, тұрақтылық пен түсіністіктен құралған қас­терлі құндылықтар осы жер­де көрініс тапты. Бір шаңы­рақ пен бір тудың асты­на ұйысқан түрлі этнос­тар өкілдері мерекені қы­зылды-жасылды киім­дерімен айшықтап, орталық алаңды құлпыртып жіберді.

Бірлік пен келісім айшықталған күн

Бейбітшілік пен берекенің салтанат құрған тойына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концертті тамашалады.

«Қазақ елі» монументі ал­дын­дағы алаңда Нұрсұлтан Назар­баевты Қазақстан халқы Ассам­блеясының этномәдени орталықтарының өкілдері өз­дерінің ұлттық дәстүрін көрсетіп, ән айтып, би билеп қарсы алды.

Елбасы барша қазақ­стан­дықтарды және шараға қаты­сушыларды мемлекеттік мерекемен құттықтады.

– Баршаңызды ортақ мейрамымыз – Қа­­зақстан халқының бірлігі күнімен құт­­­тықтаймын. Бірліктің арқасында біз тәуел­сіз мемлекет бола білдік. Біздің бірлі­гімізді барлық ұлыстар дәріптеп отыр. Бізге әлемнің түкпір-түкпірінен көп ұлтты мем­ле­кет­ті қалай құру керек екенін үйрену үшін келе­тін­дер бар, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміз айтулы жетістіктерге көп ұлтты Қа­зақстан хал­қының бірлігі мен дос­тығының арқасында қол жеткіз­генін атап өтті.

– Бірлігіміздің арқасында біз озық дамыған 30 елдің қа­тары­на қосылу және халықтың әл-ау­қа­тын арттыру үшін өзіміз­ге жауапкершілік жүк­тедік. Хал­­қы­­мыз­дың береке-бір­лігі­нің арқа­сында мен әрбір қазақ­стан­дықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бастамасын» жария еттім, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы мемлекеттің бүгінгі жетіс­тіктерін елдегі бірлік пен татулықтың жемісі деп бағалай отырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамалар елдің дамуына серпін беретіндігіне сенім білдірді.

Баршамызға ортақ бақытты қорғай білуіміз керектігін ескерткен Президент, тоталитарлық режім кезінде қазақ даласына бірсыпыра этностардың күшпен көшірілгендігін, алайда жергілікті халық – қазақтың терең құрметінің арқасында олардың аман қалғандығын атап өтті. Бүгінде сол қуғындалған буынның ұр­пағы  қазақ халқымен қолтықтаса еңсесін кө­теріп, мемлекет құруға атсалысып, ел дамуына өз үлестерін қосуда.  

Соңында Қазақстан Президенті барша жұртты мерекемен құттықтап, өскелең ұрпақтың болашағының жарқын болуына ниеттестік білдіріп, әр отбасына бақ-береке мен амандық тіледі.

– Біз еліміздегі алуан түрлі мәде­ниет­тердің, барлық тілдер мен дәстүр­лердің бәрі де өркендеп келе жатқанын көріп отырмыз. Біз – біртұтас халық­пыз, бір-бірімізді құрметтейміз әрі жақ­сы көреміз, ортақ Конституция мен заң­дарға бағынамыз. Бір-бірімізді құрмет­теп, достық қарым-қатынаста болу – зор бақыт. Осы бірлігімізді сақтап, бақы­ты­мыз­дың қадірін білейік! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан халқының тілегі де, жүрегі де – бір, мұраты айқын, ортақ мақ­сатқа ұмтылған жасампаз елге айналды.

Бұл сөздерді Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған то­ғыз депутаттың бірі – Наринэ Ми­кае­лян растай түсті. Ол Қазақстан хал­қы Ас­самблеясы ХХVI сессиясынан ал­ған әсерімен де бөлісіп, барша қа­зақ­­стан­дық­тарды айтулы мерекемен құт­тық­тады.

– Қазақстан халқы бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ең ізгі, ең жарқын, барша халықты ұйыстыратын ұлық мереке ынтымақтың киелі бесігі – Астана қаласында ерекше тойланып жатыр. Ұлы Дала елі бүгін ерекше күйге бөленді. Кешегі өткен Ассамблея сессиясы мазмұнды, мағыналы болып, Мемлекет басшысы біздерге тапсырма жүктеді. Енді «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асы­руға күш қосып, оны халық арасында насихаттап, заңдық негізін қалыптастыруға үлесімізді аянбаймыз. Халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған ауқымды бастамалардың қысқа мерзімде әрі сапалы орындалуына мүдделіміз. Осы мақсат бүгінгі мерекенің де шырайын келтіріп тұр. Аспанымыз әрдайым ашық болсын, халықтың әл-ауқаты арта берсін! – деді Н. Микаелян.

Айтулы шараның концерттік бағ­дар­ламасы да айрықша болды. Әсем безен­дірілген сахнаға әр этнос өкілдері өз­дерінің ұлттық киімдерімен жарқырап шықты.

Қонақтар ең алдымен елордалық ұлттық мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы әртістерінің және эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Рухани жаңғыру – бірлік пен тұтастық негізі» атты театрландырылған қойылымды тамашалады.

Концерттік бағдарламаны «Турецкий хорының» «Праздник песни» ән кеші жалғастырып, ерлер ұжымымен бірге сахна төрінде «Турецкийдің» SOPRANO әйелдер тобы өнер көрсетті. Одан кейін сахна төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мерекеге ән-шашуларын арнады.

Концерттен кейін жиналған жұрт спорттық ойындарды тамашалады. «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда қазақ күресі, арқан тартыс, асық ату, гір тасын көтеру және қол күрес сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс­тар өткізіліп, оған қала тұрғындары да қатысып, мереке мазмұнын онан сайын байыта түсті.

Мамыражай мамырдың алғашқы күні Астанада мерекелік іс-шаралар көп болды. Түс әлетінде «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда «Достық шеруі» атты велошеру болды. Сонымен қатар 500 домбырашыдан құралған «Ұлы Дала үні» атты флешмоб ұйымдастырылып, қала тұрғындарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұлардан бөлек қаланың кітапханаларында, музейлерінде, театр­ларында және басқа да мәдениет мекемелерінде бірлік пен достық мерекесіне арналған тақырыптық көрмелер, қойылымдар мен концерттер өткізілді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»