«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Петропавл жоғары әскери училищесінен фоторепортаж беріліп отыр.
ЕҢСЕЛІ ОҚУ ОРДАСЫ
![061211-10](http://old.egemen.kz/2011img/061211-10.jpg)
Қазақстан Республикасының Президенті, Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен дербес әскерімізді құрып, қорғаныс саласын нығайтуға ерекше қамқорлық жасап келеді. Жасампаздықтың 20 жылында жергілікті әскери мамандар мен командирлер корпусын жасақтау бағытында да көп іс тындырылды. Осы орайда Елбасының тікелей қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысында Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлер Петропавл жоғары әскери училищесінің ашылуы ел өміріндегі айтулы оқиға болды. Ол 1997 жылы 18 наурызда бой көтерді. Қаланың шеткері аймағында әскери әсем қалашықтың тұрғызылуына Үкімет тарапынан зор қаржылық қолдау көрсетілді. Сол жылы алғашқы түлектерін қабылдады. Қызылжар өңіріне жасаған жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы еңселі білім ордасына арнайы келіп, Жауынгерлік туды салтанатты түрде табыс етті. Ішкі әскерлер құрамаларына сардарлар әзірлейтін бірден-бір білім ошағына 2009 жылы әскери институт мәртебесі берілді. Оны әр жылдары генерал-майорлар Амангелді Дүйкенов, Рашид Фаткуллин, полковниктер Мұрат Қарағойшиев, Сәбит Ахметов басқарып, материалдық-техникалық базаның нығаюына, білікті кадрлармен толықтыруға үлкен үлес қосты. Қазір полковник, әскери ғылымдар докторы Жұмабек Ахметов жетекшілік етеді. Бүгінге дейін институт қабырғасынан екі мыңға жуық офицерлер түлеп ұшты. Еліміздің әр қиырынан келген курсанттар төрт жыл оқып, команда-тактикалық тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар, команда-тактикалық ракета-артиллериялық, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету, автомобиль істері бойынша азаматтық мамандықтар алып шығады. Оқыту бағдарламасында «ВС» санатындағы жүргізушілер мен электронды есептегіш машиналар операторларын әзірлеу жайы да қарастырылған.
– Әскери оқу орнын орналастыруға Петропавл қаласының таңдап алынуы кездейсоқ емес. Елбасымыздың халқымыздың тыныштығын, елдік мүддені жан-жақты ойластырған, өңірдің стратегиялық, саяси мән-маңызын жете ескерген көрегендік шешімінің дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Алғашқы түлектеріміз Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында әскери өмірге жолдама алды. Ел әскерлері құрамындағы әскери мамандардың 90 пайызы – біздің офицерлер. Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктерінде, ҰҚК Шекара комитетінде де абыройлы қызмет атқаруда, – дейді Жұмабек Хатиоллаұлы.
Институттың халықаралық аренадағы байланысы нығая түскен. Осында Қырғызстан мен Тәжікстанның өкілдері білім алады. Ресейдің Новосібір, Пермь, Санкт-Петербург қалаларындағы әскери институттармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. 120-ға тарта оқытушылар мен офицерлер АҚШ, Германия, Үндістан, Ресей, тағы басқа мемлекеттерде біліктіліктерін арттырды, тәжірибелерін жетілдірді. Оқу-әдістемелік семинарларға, ғылыми конференцияларға қатысты. Жеке құрам әскери шерулер мен бүкіләскерлік кеңестерге үзбей қатысып, жақсы қырынан танылып жүр. Офицерлер клубы, ардагерлер кеңесі, жастардың бастамашыл орталығы жұмыс істейді. Әскери оркестр мен әншілер – республикалық конкурс-байқаулардың жеңімпаздары. Спорттық жетістіктер де аз емес. Айбек Қырықбаев джиу-джитсуден, Абай Тіналин, Мирас Бірімжанов кикбоксингтен, Денис Колесников гір көтеруден, Мақсат Нүсіпов қазақ күресінен Еуропа, әлем чемпиондары атанды.
Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында көптеген игілікті істер қанат жая түскен. «Қазақстан – менің Отаным!» тақырыбында шаралар жиі өткізіліп тұрады. Курсанттарды оқуға қабылдау, адалдыққа ант беру рәсімдері, түрлі тәрбие сағаттары егемендіктің қадыр-қасиетін ұғындыру, елді, жерді қалтқысыз сүю, ұлттық құндылықтарды қадірлеу, мемлекеттік тілге деген құштарлықты ояту секілді патриоттық тәлім-тәрбиемен тығыз байланысып жатады. Үлкен шеберлікті, ептілікті, күш-қуатты талап ететін әскери-тактикалық жаттығулар бүгінгі курсанттың, ертеңгі сардардың азаматтық тұлғасын қалыптастырары анық.
________________________________
Арнайы бетті әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Өмір ЕСҚАЛИ.