Экспорттың дамуына ұлттық брендтердің жоқтығы кедергі
Жыл басынан бері Қазақстанның экспорты 8,8 млрд доллардан асқан. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 27,4 пайызға, яғни 6,9 млрд долларға артық. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек отандық тауарларды шетелге шығару бойынша берген есебінде еліміздің сыртқы саудасындағы түйіткілдерге кеңінен тоқталып, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуы керектігін мәлімдеді.
2013-2017 жылдар аралығында Қазақстанның жалпы экспорт көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 23 пайыздан 32 пайызға дейін өсті. Елдің сыртқы сауда айналымы 25 пайызға артып, 69,5 млрд долларға жетті. Экспорт 30 пайызға өсіп − 48,3 млрд долларды, импорт15,5 пайызға артып − 29,3 млрд долларды құрады. Бізден өңделген тауарлар 123 елге тарайды. Оның ішінде экспорттың көп бөлігі − 22,9 пайызы Қытайдың еншісінде. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа экспорттың 20,8 пайызы, оның ішінде Ресейге 18 пайызы тиесілі. Үшінші кезекте Еуроодақ елдері Қазақстаннан 21,8 пайыз өнделген тауар импорттап отыр, деді Ж.Қасымбек.
Соңғы жеті жыл ішінде экспорттаушыларды қаржылық сақтандыруға 112,6 млрд теңге мемлекет қазынасынан бөлінген. Бұған қоса тағы да 19,5 млрд теңге көлемінде қосымша қолдау көрсетілген. Жыл сайын 40-тан астам экспорттаушы қаржылай қолдауға ие болып отыр. Мемлекет тарапынан экспорттаушыларға алдағы уақытта да тұрақты қолдау көрсетілмек.
Экспорттық стратегия аясында 2022 жылға дейін шикізаттық емес экспорттың көлемін 1,5 есеге ұлғайту көзделген. Аталған жоспарды ойдағыдай жүзеге асыру үшін бірқатар мәселелерді шешу аса маңызды. Бұл ретте кедергілер мен түйіткілді мәселелердің бар екендігін айтқан Ж. Қасымбек олардың бірқатарына тоқталып өтті.
Біріншіден, сауда-экономикалық келісімдердің негізгі ережелерін мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтар дұрыс пайдаланбай отыр.
Бұл ретте негізгі экспорттаушы Ресей, Қытай және де Үндістан, Иран, Түркия, Белоруссия, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан елдерімен екіжақты сауда келісімдерінің қазіргі жағдайына бағалау жүргізіп, келісім бойынша міндеттерді іске асыру қажет. Аталған елдермен үкіметаралық комиссиялардың отырыстарына күн тәртібіндегі мәселелерді міндетті түрде енгізу арқылы осы елдер бойынша жол карталарын әзірлеу керек. Екіншіден, шетелдерде біздің экспортты промоуторлық қолдау жүйесі (сауда миссияларының желісі) дамымаған және соның салдарынан жаңа нарықтарға кіруге институттық қолдау әлсіз. Ал әлемдік тәжірибеге назар салсақ, Оңтүстік Корея 82 елде 120 өкілдік ашса, ал Аустралия 100-ден астам елде, Ресей 52 елде 66 өкілдік ашып, экспорттың әлеуетін арттыруда нақты қадамдар жасап отырғандығын көруге болады, деді Ж.Қасымбек. Бұл ретте Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қазіргі уақытта Қазақстанның Ресей Федерациясы аумағында Новосібір және Мәскеу қалаларында екі сауда өкілі бар екенін еске салып, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен атқарып отырған жұмысы қай деңгейде екендігін сұрады. Инвестициялар және даму министрі біздегі негізгі екі промоуторлық қолдау жүйесінің жұмысы бүгінгі уақытта төмен деңгейде екенін жасырмады. Бұл мәселені шешу күн тәртібінен түспейтінін айтқан ол, шетелдерде 11 сауда өкілдігін ашуды қаржыландыру мәселесі қарастырылып отырғанын жеткізді.
Ел экспортының қарыштап дамуына әлемдік бәсекеде бәсі жоғары ұлттық брендтердің жоқтығы да кедергі болып отыр. Мәселені шешу үшін Ж. Қасымбек бренд тауарлар шығарушыларды ынталандыру мақсатында салықтық, субсидиялық, фискальды ынталандыру және қаржылық, сервистік мемлекеттік қолдау көрсету керектігін айтты.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев экспортты дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін атап көрсетті.
Былтыр біз сол кедергілерді алып тастауға арналған жол картасын әзірлеу бойынша тапсырма берген болатынбыз. Өкінішке қарай, Жеңіс Маxмұдұлы, сол жол картасы әлі дайындалған жоқ. Ерболат Әскербекұлы, осы мамыр айында жол картасын дайындап, экспортты әртараптандыру жөніндегі кеңестің отырысына шығару қажет, деді Б.Сағынтаев.
Тұтынушылар құқықтарын қорғау − басты назарда
Жиында тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселесі қаралып, халықтың арыз-шағым жасауына түрткі болған түйіткілдер анықталды. Өткен жылы мемлекеттік органдардың қарауына 23 мыңнан астам өтініш түскен. Оның көп бөлігі, яғни 13 мыңға жуығы Ұлттық банкке келіп түскен. Бұл арқылы тұтынушылардың қаржылық қызметтерге көңілі толмайтындықтарын аңғаруға болады. Екінші кезекте – денсаулық сақтау саласында 5 мың арыз-шағым түссе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шағымданғанфдар саны 4,1 мың адамды құрап отыр.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселесі бойынша берген есебінде жалған өнімнің басым бөлігі сүт және май өнімдеріне тиесілі екенін айтты.
Осы салада өсімдік майы бар өнімдер табиғи өнім ретінде сатылған. Мысалы, екі мың бірлік сүт және май өнімдерінің 29 проценті сапасыз деп танылған. Негізі аталған тауарлардың көбісі Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан мен Франциядан келеді, дейді Е.Біртанов. Министрдің сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін халық жиі тұтынатын 42 мыңнан астам тауардың түрі санитарлық-эпидемиологиялық тексерістен өткен. Соның 10,3 проценті стандартқа сай емес болып шықты.
Тамақ өнімдерінің 34 мыңнан астам сынамасы зерттелді. 224 сынама талапқа сай келмейді. Біріншіден, өндірушілер таңбалау ережелерін бұзады. Екіншіден, тауарлар қауіпсіздік талаптарына сай емес. Сосын өнімнің құрамына қатысты сан-алуан тәртіп бұзушылықтар бар, деп атап көрсетті Е.Біртанов. Ресми мәліметке сәйкес, тексерістердің нәтижесінде 20 тонна кондитерлік өнімдер, 11,2 тонна ет, 2,5 тонна сүт өнімдері, 1,2 тонна консервіленген жеміс-жидек және 160 партия алкогольді өнімдер тәркіленген. Тоннадан асатын сапасыз ойыншықтар да анықталды. Ол ойыншықтардың басым бөлігі Қытай мен Түркиядан жеткізілген.
Негізгі баяндамалардан кейін Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдардың басшыларына ескерту жасады.
Жиынға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ұйымдардың өкілдерін шақыру керек еді. Атқарылып жатқан шараларды өзіміз ғана талқылап қоймай, оларды да тыңдап шыққан дұрыс, деді Б.Сағынтаев. Премьер-Министрдің айтуынша, осы салада тиісті шаралар атқарылса да, құқық бұзушылық фактілері азаятын емес.
Көлік және логистика саласын цифрландыру заман талабы
Халық арасында темір тұлпарды тізгіндеушілердің саны айтарлықтай артып келеді. Өткен жылы тіркелген көліктер саны 5,3 млн құраған. Қалалардағы көліктің көптігінен жолдарды күтіп ұстау мәселесі қиындық туғызып отыр. Жиында елдегі көлік пен логистиканы цифрландырудың бүгіні мен келешегі туралы баяндаған Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек аталған саладағы түйіткілді мәселелерді шешу мақсатында ақылы жолдарды іске қосып, жүйені автоматтандыру, сондай-ақ жолдың жағдайын анықтайтын техникалық құралдар кешенін құру жоспарланып отырғанын айтты.
Биыл жалпы ұзындығы 469 км құрайтын Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қоргас тас жолдарына төлем жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ автожолдарды күтіп-ұстау мақсатында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын қолдану көзделген. Биыл осындай 12 жүйені іске қосып, 2020 жылға дейін оның санын 46-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, деді министр.
Ақылы жолдарды пайдаланудағы қаражаттарды жинау жүйесінен қазынаға жыл сайын – 30 млрд теңге, қозғалыс кезіндегі көлік құралдарын өлшеу жүйесінен – 44,7 млрд теңге, жол активтерін басқару жүйесінен – 110 млрд теңге, E-freight жүйесінен 15 млрд теңге қаржы түседі деген жоспар бар.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»