Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелері – Прокуратура қызметкерлері күнімен және Тәуелсіз Қазақстан прокуратурасы органдарының құрылуына 20 жыл толуымен құттықтады.
«Бұл мерекелеріңіз биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы жылдарда сіздердің ведомстволарыңыз еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің берік те сенімді тірегіне айналды.
Прокуратура қызметкерлері қоғам мен мемлекеттің мүддесін сақтауды қорғауда және еліміздің құқықтық тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзінің жауапты міндетін абыроймен жүзеге асыруда. Алдағы кезде де сіздердің қызметтеріңіздің басты бағыттары азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, Қазақстан мемлекеттілігін, еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайту, қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізу, елімізде қолайлы іскерлік ахуалды қамтамасыз ету болып қала береді. Прокуратура әрдайым бірыңғай құқықтық кеңістік пен қоғамдағы құқықтық мәдениеттің негізі болуы тиіс», делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы әрі қарай жоғарыда аталған міндеттерге байланысты прокуратура қызметкерлерінің өздерінің кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыруының, міндеттерін кіршіксіз, адал атқаруының қоғам үшін маңызы орасан зор екенін атап көрсете келіп, олардың әрдайым осы міндеттердің үдесінен шығатынына сенетінін білдірген.
Елбасы құттықтауының соңында аталған сала қызметкерлері мен ардагерлеріне зор денсаулық пен бақыт, аса жауапты қызметте мол табыстар тілейді.