Кеше Байланыс және ақпарат министрлігінде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған мерейтойлық пошта маркасын айналымға енгізудің салтанатты рәсімі болды. Оған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Аркен Арыстанов қатысты.
«Мерейтойлар, ұмытылмас және мейрам күндері» сериясының көркем маркасы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған. Маркада мерейтойды мерекелеу логотипі бейнеленген. Атаулы бағасы – 32 теңге, көлемі 28 х 30 мм., таралымы – 30 000 дана. Сондай-ақ маркалардың шеткі әдіптері тарақталып, төрт түсті бояумен және офсеттік тәсілмен басылған. Ал бір парақтағы марка саны – 10 дана. Безендірген Н. Соколов.
«Қазпошта» АҚ еліміз тарихын әлемнің екі жүзден аса елінде таратылатын пошта маркаларында бейнелеп көрсетуде. Мемлекетіміздің мерейтойын мерекелеу қарсаңында ұлттық пошта операторы елордада өткен ЕҚЫҰ саммиті мен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭҚ), ЕурАзЭҚ Кеден одағының 10 жылдығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) құрылуы мен еліміздің осы ұйымға төрағалық еткеніне 10 жыл толуы сынды өзге де айтулы мерекелерге арнайы маркалар шығарған-ды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған маркалар жапсырылған конверттер пошта бөлімшелеріне түсіп, республикаға және елімізден тыс жерлерге жіберілуде. Ұлттық пошта операторы Отанымыздың мемлекеттігі мен тұтастығын және экономикасын дамытуға зор үлес қосып келеді. Сонымен бірге «Қазпошта» бүгінде пошта, логистика және қаржы қызметтерінің кең ауқымды түрлерін көрсететін көп атқарымды кәсіпорын болып табылады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.