Жазылған жайдың жаңғырығы
Әлем алдында өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан абыройлы ел болып танылу жолында жасаған нақты қадамдар мен қабылданған шешімдер көңілде де, күнтізбеде де өз орнын тауып жатыр. Соның бір куәсі – Конституция күні, Астана күні. Осы күндер ел санасында тек мемлекеттік мереке ғана емес, мемлекеттігімізді мықтаған, іргетасымызды нықтаған күндер ретінде де үлкен құрметпен атап өтіледі.
Газетіміздің 1 желтоқсан күнгі санында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың «Дәуірге тең дара дәурен» атты мақаласы жарық көрген еді. Онда Тәуелсіз елдің 20 жылдық шежіресі нақты деректермен өріле отырып, сол тарихи сәттердің басы-қасында ел болашағын айқындайтын шешімдерді көрегендікпен қабылдап, қадамын тәй-тәй басқан жас мемлекетті даңғыл жолға бастай білген Елбасы туралы, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев туралы көкейге тұтарлық көптеген көрікті ойлар айтылған-тын. Солардың бірі әрі бірегейі бүгінгі шыққан белесті ертеңгі асулардан анық байқау үшін 1 желтоқсанды – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні деп атайық деген ұсыныс болатын. Бүгін сол ой-пікірге үн қосқан хаттарды жариялап отырмыз.
_________________________
ҚОЛДАЙТЫН, ҚУАТТАЙТЫН ҰСЫНЫС
Бұдан жиырма жыл бұрын біз, қазақстандықтар алғаш рет Мемлекет басшысын сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлына білдірген сеніміміздің жемісін көріп келеміз. Бір қарағанда, жиырма жыл тым аз да, тым көп те мерзім емес. Бірақ, тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқанымызбен, дербес елдің экономикасын өркендету, әлемдік бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер шығарудың соншалықты оңай болмағанын да білеміз. Халқының сеніміне ие болған Нұрсұлтан Назарбаев жаңа дәуірдегі тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыруда тарихи ұлы істер атқарды. Елдің келешегі үшін ерен еңбек сіңірді. Мұны тек қазақстандықтар ғана емес, әлем жұртшылығы мойындап отыр.
Мұны неге айтып отырмын? Биылғы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президентімізді сайлағанымызға 20 жыл толды. Осыған орай Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың «Егемен Қазақстанда» «Дәуірге тең дара дәурен» мақаласы жарияланды. Мемлекеттік хатшы бұл мақаласында еліміздің экономикалық-саяси даму белестерін кеңінен сараптай келе Қазақстан азаматтарынан 1 желтоқсанды жалпыұлттық мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні деп жариялау туралы ұсыныстар түскенін айтады. Бұл республика жұртшылығын елең еткізгені даусыз. Себебі, біз дәл сол 1991 жылы 1 желтоқсанда тарихи таңдау жасаған едік. Ендеше бұл күнді Тұңғыш Президент күні жалпыұлттық мереке ретінде атаудың өзіндік маңызы барын ескеруіміз қажет. Бұл алдымен жастардың бойында отаншылдық, елжандылық қасиеттерін қалыптастыруға жол ашар еді.
Екіншіден, тәуелсіз ел тарихын қалыптастырудың бастауы 1991 жылғы 1 желтоқсаннан тамыр тартқанын ұмытпауымыз қажет. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, Мемлекеттік хатшы ұсынысын қолдағанымыз жөн.
Қадыр ЖҮСІП, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы З.Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы.
* * *
ТАРИХИ КҮН ТАСАДА ҚАЛМАУЫ КЕРЕК
Еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың «Дәуірге тең дара дәурен» деген тақырыппен жарияланған толғанысын мен бір деммен оқып шықтым. Сонау 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен алғашқы бүкілхалықтық сайлауда қазақстандықтар жасаған таңдаудың дұрыстығын ой елегінен өткізіп, бүгінгі күн биігінен шолу жасаған мақаланың тағылымы мен тәлімі өте мол.
Толғаудың түйіні де қисынды. Мысалы, «1991 жылдың 1 желтоқсаны әрқашанда біздің тарихымыздың Бірінші Күні, Ұлы Күні болып қала береді, барлық уақыттарда да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланыста болады. Қазақстан азаматтарының 1 желтоқсанды жалпыұлттық мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні деп жариялау туралы көптеген өтініштері оған нақты айғақ болып табылады. Ізгі ниетті отандастарымның жүректен шыққан осынау әділ тілектеріне бүкіл жан-тәніммен қосыламын және бұл Күннің біздің халқымыздың бүгінгі және болашақтағы ең сүйікті мерекелерінің біріне айналарына берік сенемін», деген жолдарды оқыған қазақстандықтардың: «Дұрыс. Тәуелсіз еліміздің тарихына осылай қарауымыз керек», – дейтіні анық.
АҚШ мемлекетінде 22 ақпан – Джордж Вашингтонның туған күні. Америкалықтар, міне, осы күнді «Президент күні» деп ерекше мерекемен атап өтеді. Сондықтан жаңа Қазақ елі тарихындағы бетбұрыс күні болған 1 желтоқсанды – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні ретінде тарихи датаға айналдырып, жалпыұлттық мерекемен атап өтетін болсақ, осы рухани қуаныштан тәуелсіз еліміздің патриот ұрпақтары ұтпаса, ұтылмасы анық.
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ, Байзақ ауданының әкімі.
Жамбыл облысы.