06 Желтоқсан, 2011

Қазақстанда құрастырылған тікұшақтар

541 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астананың Халықаралық әуежайы ауданында еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылы ішіндегі мәні мен маңызы жағынан үлкен оқиғалардың бірі болды. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына кіретін «Еурокоптер Қазақстан» бірлескен кәсіпорны екі бірдей ЕС 145 тікұшақтарын құрастырып шығарды. Бұл отандық мәшине жасау тарихындағы алғашқы қадам болып отыр. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Астана маңында өткен тікұшақтардың алғашқы буынын таныстыру рәсіміне Қорғаныс министрінің орын­ба­сары Сергей Громов, «Қазақстан инжиниринг» ҰК президенті Болат Смағұлов пен «ЕАDS-Қа­зақстан» компаниясының бас­шысы Сильвер Делонэ қатысты. Осы жерде тікұшақтардың ұшуы және қонуы сынақтан өткізілді. Сөйтіп, біз тұңғыш рет Қазақстан тарихында өз елімізде құрас­тырылған екі тікұшақтың сы­нақтан өткеніне куә болдық. Бұрын мұндай шағын ұшақ­тар­ды біз көзбен көріп, қолмен ұстаған емеспіз. Енді міне, елімізде алғаш рет жасалған тік­ұшақтарды қолымызбен ұстап, ішіне кіріп, қызықтап көрдік. Бұл да біздің Тәуелсіздіктің ар­қа­сында деп білеміз. Тікұшақ­тар­ды таныстыру рәсімінде «ЕАDS-Қазақстан» компаниясының бас­шысы Сильвер Делонэ де еліміздің 20 жыл ішінде өз әуе мәшинелерін құрастырып жатқа­нына ризашылығын білдірді. «Бұл тікұшақтар Қазақстан эко­номикасының даму деңгейін көр­сетеді, – деді С.Делонэ. – Қа­зіргі кезде Қазақстанның қа­рыштап дамуы арқасында сіздерге көптеген инвесторлар келіп, жұмыс істеуде. Бірлескен кәсіпорындардың өзі қаншама. Бұл Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың ел тәуелсіздігін ал­ған кезден бері ішкі және сырт­қы саясаттағы, ел экономи­ка­сын дамытуда атқарған жұмы­сының нәтижесі деп білемін. Президент Назарбаевтың осын­дай салиқалы саясатының нәти­же­сінде Франция Қазақстанмен тікұшақтар құрылысы бойынша келісімдерге қол қойған бо­латын. Сол келісімдерді біз іс жүзіне асырып келеміз. Оған дәлел Астанада құрастырылған мына тік­ұшақтар». Сонымен бірге ол бұ­дан басқа тағы 4 тікұшақтың құрастырылғанын, олардың бәрі Төтенше жағдайлар министрлігі мен денсаулық сақ­тау саласына берілетінін атап өтті. Ал жалпы, француз ма­манының айтқанын­дай, бо­лашақта тікұшақтар құ­ры­лысы саласын дамытуда екі ел арасында тағы бірнеше жоба іске асатын болады. Қазіргі кезде барлық күш-жігер Астана ма­ңын­да ЕС 145 тікұшағын шығаратын зауыт пен Қазақстан мен Орта­лық Азия аймағының қажеті үшін ұшу және техникалық құ­рал­дар оқыту орталығын салуға бағытталып отыр. Бұл зауыттың құрылысын 2012 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарлануда. С.Делонэнің айтуынша, оның жос­парлы өнімі жылына 8-10 тікұшақ болмақ. Яғни, кем дегенде 8 тікұшақ жыл сайын құрас­тырылатын болады. Ал алғашқы тікұшақтардың құрастырылуына келсек, олар Қор­ғаныс министрлігінің өнеркә­сіптік ангарларында қазақ­стандық мамандардың күшімен іске асты. Олардың бәрі Гер­ма­ниядағы «Euro copter» кәсіп­орын­дарында арнайы дайын­дық­тан өткен көрінеді. «Қазақ­стан инжиниринг» ҰК президенті Болат Смағұловтың ай­туынша, біз ЕС 145 тікұшағын құрастырудан көп пайда та­ба­тын боламыз. Бұл екі қозғалт­қышты тікұшақ әлемдегі көп қызметті танымал модельдер­дің бірі болып табылады. Тік­ұшақ­тың бұл түрі жедел меди­циналық жәрдемге, құтқару қызметіне, полиция мен шекара қызметіне арналған. Желтоқсан айының бірінші онкүндігінде жаңа ЕС 145 тікұшақтары Қор­ғаныс министрлігі мен Тө­тен­ше жағдайлар министрлігінің паркін толықтыратын болады. Олар 9 орынға арналған. Оның салоны әмбебаптылығымен ерек­шеленеді. Тікұшақ пайда­ла­нуға және қызмет көрсетуге өте жеңіл. Оның ұзындығы – 13,03 метр, биіктігі – 3,96 метр, салмағы – 3585 кг. болса, шектеулі жылдамдығы сағатына 278 км., ал ұшу ұзақтығы 4 сағат екен. Тікұшақ 5 мың метр биіктікке көтеріле алады. Дастан КЕНЖАЛИН.

----------------------------------

Суретті түсірген Ермек САРБАСОВ.