Қазақстан • 04 Мамыр, 2018

Білімнің жаңа энциклопедиясы

832 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жақында қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың тұсаукесері өткені белгілі. Осы жаңа оқулықтар төңірегінде С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовпен әңгімелескен едік.

Білімнің жаңа энциклопедиясы

– Қайрат Қанатұлы, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясындағы 18 оқулықтың тұсаукесер рәсіміне қатысып келдіңіз. Әсеріңіз қандай?

– Астанада өткен «Рухани жаң­ғыру» мақаласының жария­лан­ғанына 1 жыл толуына орай Ел­басының қатысуымен өткен жиынға қатысқаныма қуаныш­тымын. Кездесуден ерекше әсер алдық. «Жаңа гуманитарлық бі­лім. Қазақ тіліндегі 100 жа­ңа оқу­лық» жобасы Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың «Егемен Қа­зақстанда» жарияланған «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласынан бастау алады. Бұл жобаның мақсаты – әлемдегі үздік университет оқу­лық­тарын түрлі тілдерден қазақ тіліне аудару және біздің студент­терге дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға жағдай жасау болатын. Осы орайда алдағы бірнеше жыл­да гуманитарлық білімнің бар­лық бағыттары бойынша әлем­дегі ең үздік 100 оқулық әр­түрлі тілдерден қазақ тіліне ауда­рылмақ. Жобаны жүзеге асыру арқылы бірнеше нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік ашылды. Біріншіден, біздің студенттер әлемдегі гуманитарлық сала­дағы үздік ғылыми оймен таны­суға, озық білімді игеруге мүм­кіндік алады. Қазақ жастары гуманитарлық саладағы алдыңғы қатарлы көзқараспен, тәжірибемен танысады. Екіншіден, қазақ тілі ха­лықаралық ғылыми терминдермен байып, тілдің ғылыми сти­лі нығайып, қазақ тілі ғылыми тіл­ге айналу үрдісі күшейді. Үшін­шіден, еліміздегі аударма ісі тұ­рақ­талып, қазақ тіліне басқа тіл­дер­ден ғылыми еңбектерді ауда­рудың сапасы жоғарылай түсуде. 

– Біздің елімізде әлемдік оқу­лық­тарды аудару ісі бұрын-соң­ды қолға алынбаған еді дейсіз ғой?

– Әрине. Жобаны іске асыру мақсатында арнайы Ұлттық ау­дарма бюросы құрылып, оқу­лық аудару ісі қолға алынды. Елі­міздің бүкіл жоғары оқу орындарынан оқулықтар бойынша 800-ден астам ұсыныс жиналды. Осы тізімнен соңғы 3 жылда ба­сылып шыққан, бірнеше рет басылған 18 оқулық іріктеліп, бір жылдың көлемінде аударылды. Алдағы жылда тағы да 30 оқулық аударылмақ. Оқулықтарды аудару ісіне 100-ден аса маман – жоғары оқу орындарының ғалымдары, филолог-аудармашылар тартылды. Әр мәтін әдеби және ғылыми редакцияның тексеруінен өтуде. 2018-2019 оқу жылының басынан бастап бұл оқулықтарды білім берудің игілігіне пайдалану көзделген, әрбір жоғары оқу орыны мен кітапханалар 20 мың дана көлемінде шыққан оқулықтармен қамтамасыз етіледі деп көзделуде. 

– Өзіңіз қызмет жасайтын университеттің кітапхана қоры қандай? Оқулықтар жеткілікті ме? 

– Серікбай Бейсембаев атын­дағы ғылыми кітапхана қоры 915 675 дана құжатты құрайды. 4 мың данадан астам электрон­ды тасымалдауыш бар. Кітап­ханда 8 оқу залы, оның ішінде 2 электрондық ресурстар залы, ка­талогтар залы, сирек кітаптар қоры, 3 технологиялық бөлімі бар. Келушілерге 2 абонемент, 8 оқу залы, оған қоса 2 электронды ресурстар залы, каталогтар залы, сирек кітаптар қоры қызмет көр­сетеді. Университет сатып ал­ған және қоғамдық ұйымдар сыйға тартқан шетел әдебиетінің түпнұсқалар коллекциясы бар. Құнды басылымдар ішінде: 22 томдық «World Book» энциклопедиясы, «The millennium» әлем мәдениетінің 250 үздік шы­ғар­маcының коллекциясы, 60 томдық Нобель дәрістері бар. Кітапхана қорында: 50 томдық «Қазақ этно­графиясының кітапханасы», 28 томдық «Рухнама», 45 томдық «Қазақ тіл білімінің антологиясы», салалық терминологиялық орысша-қазақша сөздігі (21 том), 20 томдық Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармалары, ғалым-тарихшылар Е.Б.Бекмахановтың 7 томдық және Г.Н.Потаниннің 3 томдық еңбектері, С.Торай­ғы­ровтың 6 томдық шығармалар жинағы. Құрамында ХVІІІ – ХІХ ғасырлардың және ХХ ғасырдың басындағы басылымдары бар сирек кітаптар қоры ерекше: «Псал­тырь қолжазбасы» (1750), «Адам­ның пайда болуы» (Ч.Дар­вин, 1872), «А.Н.Плещеевтің өлеңдері» (1894) В.Дальдің «Тү­сіндірме сөздігі» (1914), «26 том­дық Техникалық энциклопедия» (1927-1934 ж.ж) Бүгінде сирек кітаптар қорында 1,5 мың данадан астам кітап бар. Оның мазмұнын ашу мақсатында «Сирек кітаптар коллекциясы = Коллекция редких книг» көрсеткіші жасалған.

– Ал 18 жаңа оқулықтың ішінен өзіңізді қызықтырғаны қандай кітаптар? 

– Енді ғалым, тарихшы-маман ретінде Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» оқулығын атап өтер едім. Бұл оқулық әлемнің үздік университеттерінде кеңінен қол­данылады. Антропологияның ғы­лым ретінде қалыптасуы мен дамуына жүйелі шолу жасайды. Оқулықта антропология пәнінің қалыптасуындағы ғылыми ойдың даму тарихы, әртүрлі теориялар мен мектептердің шығу тегі сарапталады. Ағылшын тіліндегі нұс­қасымен танысудың кезінде сәті түскен Эдвард Саидтың «Ориен­тализм» еңбегі де кәсіби қызы­ғушылығымды тудырып отыр. Бұл еңбекте орын алған идея­лар мен көзқарасты біздің тарихымызға қатысты қолдану мүмкіндіктері зор. Себебі өкі­ніш­ке қарай, біздің қоғамның, тіпті тарихшылардың санасында хал­қымыздың тарихы туралы еуро­поцентристік ұстанымдар мен түсініктер үстемдік құрып отыр. Әлі күнге дейін біз көшпелі қоғамның құрылымын, дүние­танымы мен болмысын, саяси-қоғамдық дәстүрі мен мәдениетін Еуропа елдеріне қатысты критерийлер бойынша бағалаймыз. Эдвард Саид өз еңбегінде тарихқа жаңашыл көзқарас ұсынып, мыңдаған жылдық көшпелі қо­ғамның тарихына жаңа баға беруге жол ашады.

– Бұл ерекше жоба арқылы қан­дай жетістіктерге қол жет­кізе аламыз? 

– Жаңа оқулықтар – эксклю­зивті гуманитарлық кітап­хана. Оқулықтар кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында, лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта пайдаланылады. Студенттерге жаңа заманның әлемдік дең­гей­дегі сапалы білімі беріледі. Ғы­лыми таным кеңістігі кеңейеді. Кі­таптардың барлығы құнды, әр оқулықтың маңызы зор, 10 рет­тен басылып шыққан. Бұл оқу­лықтар – білімнің жаңа энцик­лопедиясы болмақ. Елбасы ма­қа­ласында «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, пси­хология, мәдениеттану және фи­лология ғылымдары бойынша сту­денттерге толыққанды білім бе­­руге қажетті барлық жағдайды жа­сауға тиіспіз. Біз алдағы бір­не­ше жылда гуманитарлық білімнің бар­лық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тіл­­­дерден қазақ тіліне аударып, жас­­тарға дүниежүзіндегі таң­дау­­­лы үл­гілердің негізінде білім алу­­­ға мүм­кіндік жасаймыз», деген еді.

– Жаңа оқулықтар еліміздің оқу-білім саласына толықтай енгізілуі керек дейсіз ғой? 

– Алда жұмыс көп. Оқу орнымызда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының іске асырылуын талқыладық. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары С.Жетпісбаев, әлеуметтік сұрақтар және стратегиялық жос­парлау бойынша проректор, саясаттану ғылымдарының докторы, А.Ақышев, тарих ғылымдарының докторы С.Мамытова, сондай-ақ уни­верситет ғалымдары, студент­тер қатысты. Барлығы да жаңа оқулық жобасының еліміз­дің интеллектуалды әлеуетін да­мы­тудағы маңызын ортаға салды. Профессор Сәуле Мамытованың айтуынша, жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан жас ұрпақ қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге дайын болуы керек. Ал әлемдегі үздік оқулықтар арқылы бе­ріл­ген білім жастарымызға білім саласындағы жаһандық бәсеке­лестікке бейімделуге көмектеседі. Екіншіден, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы «Рухани жаңарудың» маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ең алдымен, жоба білім сапасын арт­тыруға және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға бағытталған.  

Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР