Футбол • 04 Мамыр, 2018

Финалда «Реал» мен «Ливерпуль» кездеседі

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Римдегі жауапты ойында «Ливерпуль» 4:2 есебімен жеңілді. Бірақ өз алаңында 5:2 есебімен «Романы» тас-талқан ұтқанының арқасында финалға жолдама алды. 26 мамыр күні Киевте өтетін финалда «Ливерпуль» мен «Реал» кездесетін болды. 

Финалда «Реал» мен «Ливерпуль» кездеседі

Қос матчтан тұратын текетіресте жалпы барлығы 13 гол соғылды. Бұл баяғы «Бавария» мен «Спор­тинг­тің» рекордымен тең. Биылғы Чем­пио­н­дар лигасында бірінші рет жеңілген «Ливерпуль» «Олимпико» стадионын­да қатты бір қиындық көрді деп айта алмаймыз. Бірінші таймда 2 гол соғып тастап, төрешінің ақтық ыс­қырығын күтіп жүрді. Осы­лайша олар 2007 жылдан бері фи­нал­ға бірінші рет шығып отыр. «Ро­ма» сапындағы футболшылар та­ғы бір ерлік жасағысы келіп еді, уа­қыт шіркін жетпеді. Дегенмен соң­ғы 5 матч қатарынан гол соққан Эдин Джеконың тегеуріні күллі жан­­күй­ер­лердің ризашылығын тудырды. 

Финалистер анықталып, болар іс болғаннан соң кім жеңімпаз атануы ықтимал деген сұрақтың төңі­регінде тебіреніп көрсек. «Ли­вер­пуль» биылғы Чемпиондар лига­сында 46 гол соғыпты. Бұл брита­ниялықтардың шабуылы шаң жұқтырмайды деген сөз. Фирмино мен Салах 10 голдан соқса, соңғы 8 ойында Садио Мане 9 гол тоғытты. 

«Реалдың» да көрсеткіштері жаман емес. Өздеріңіз білетіндей, бұл клуб биылғы бәсекеде бірнеше рет рекордтардың мұртын бұзды. Ең көп жеңіске жеткен, қатарынан финалға шыққан деген секілді атақтары жетіп жатыр. Ал бір Криштиану Ронал­дудың өзі жекелей сында бірнеше рет аты аңызға айналған футболшылардың жетістіктерінен асып түсті. Биылдың өзінде португал футболшысы жалғыз жүріп 15 гол соқты. Мадридтік клуб финалға дейін 12 кездесу өткізді. Оның 8-інде жеңіске жетіп, 2 ойынды тең аяқтап, тек 2-еуінде ғана жеңілді. 30 гол соғып, қақпаларына 15 доп жіберді. 

«Ливерпуль» де финалға дейін 12 кездесу өткізді. 7 ойында жеңіс тойлап, 4 матчта тең түсіп, 1 кездесуде жеңіліп қалды. Топтық кезең­нен бастап санағанда 40 гол соғып, қақпасына небәрі 13 доп қана жі­берген. Бұл жағынан, әрине «Ливер­пульдің» басымдығы сезіледі. 

Одан бөлек, қос команданың осы турнирдегі бір-бірімен кез­дес­кендегі жағдайлары ше? Бұл тұрғыда да ағылшындардың басым­дығы бар. Корольдік клуб пен «мерсисаидтықтар» 5 мәрте кездесіп, соның үшеуінде «Ливерпуль» же­ңіс­ке жеткен. Қалған екеуін испан­дар ұтты. Ал 2008/2009 жылғы Чемпиондар лигасының 1/8 фи­на­лында Рафаель Бенитес шәкірт­тері «Реалды» «Бернабеуде» 1:0 (Бена­юн), «Энфилдте» 4:0 (Торрес 16, Джер­рард 28, 47, Доссена 88) есебі­мен жеңді. Алайда 2014/2015 жылғы маусымда «Реал» «Ливерпульді» өз алаңында 1:0 (Бензема), «Энфилдте» 3:0 (Роналду 23, Бензема 30, 41) қы­лып, есесін қайтарды. 

Қос команданың да өзіндік ерек­шеліктері бар. Дей тұрғанымен, жалпы­лама алғанда «Ливерпульдің» шабуылы «Реалдыкінен» сәл мық­тырақ болғанымен, «Реалдың» да қор­ғанысы «Ливерпульдікінен» әлде­қайда мық­тырақ. Түрлі са­лыс­­тыр­малы жағ­дай­ларды келтір­гені­мен, барлығына нүкте қоятын бір ғана матч. Ол 26 мамыр күні Киевте өте­тін финал.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»